Қазақстан Республикасы ІІМ-нің нұсқауына сәйкес ағымдағы жылғы шілде айының 9–12 күндері аралығында жолдардағы жол-көлік оқиғаларының деңгейін төмендету, жол қауіпсіздігі саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесуге бағытталған «Қауіпсіз жол» атты республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде.
Жыл басынан бері Талдықорған қаласының жолдарында 129 жол-көлік оқиғасы орын алып, онда 6 адам қаза тауып, 187 адам жарақат алған. Оның 11-і жаяу жүргіншілер кінәсінен болған.
Жаяу жүргіншілер өткелдерінде жол жүру ережелерін сақтауын қадағалауды күшейту, сондай-ақ жаяу жүргіншілердің жол бөлігін белгіленбеген жерлерде жиі кесіп өтетін көше учаскелеріне баса назар аударамыз.
Сонымен қатар, 6 айдың қорытындысы бойынша жедел басқару орталығының бейне бақылау камерасы арқылы 9949 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып учаскелік және патрульдік полиция қызметкерлерімен құқық бұзушы тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Естеріңізге сала кетейік, кез келген жаяу жүргінші жол қозғалысының ең осал және қорғалмаған қатысушысы болып табылады. Сол себепті барлық қалалықтар мен қала қонақтарына ескертеміз, жолда абай болыңыздар. Барлық жүргізушілерді жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқанда қырағы болуға шақырамыз. Ал жаяу жүргіншілерге, өз кезегінде, жолды кесіп өту кезінде гаджеттерге, ұялы телефондарға алаңдамау қажеттілігін және ең бастысы, жүргізушілер сізді көретініне көз жеткізу керектігін ескертеміз! Қараңғыда қозғалу кезінде жарық шағылыстыратын элементтерді немесе жарық түсіретін киім киюді ұсынамыз.
Қ. Смаилов,
Талдықорған ҚПБ жергілікті полиция қызметі
бөлімі бастығының орынбасары