Талдықорғанда жыл басынан бері 900-ден астам адам тұрақты жұмысқа орналасты

53

Талдықорған қаласында жыл басынан бері тұрақты жұмысқа 900-ден астам адам орналастырылды. Сол сияқты «Күміс жас» жобасымен 200-ге жуық адам жұмыс тауып, жоба бойынша белгіленген жоспар 127% орындалған. Бұл туралы жуырда журналистер үшін брифинг өткізген Талдықорған қалалық Мансап орталығының директоры Азамат Балтабеков айтып берді.

«Жетісу облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» ММ «Жетісу облысы бойынша еңбек мобильділігі орталығы» КММ «Талдықорған  қаласының мансап орталығы» филиалының жарты жылда атқарған жұмысының қорытындысымен таныстырған орталық директоры А. Балтабековтің айтуынша, «Қоғамдық жұмыс  орындарына» 2024 жылға қала бойынша 900 адамды қабылдау жоспарланған. Биылғы жылдың бірінші жартысында 827 адам жұмысқа тіркеліп, соның 648-і жұмысын атқаруда.

«Қала бойынша 929 адам тұрақты жұмысқа орналастырылып, жоспардың орындалу көрсеткіші 48% құрады. Олардың электронды еңбек шарттарының толық тіркелуі қадағаланып отыр. Жыл басынан ауқымды 3 бос жұмыс орны жәрмеңкесі оффлайн форматта және enbek.kz порталында онлайн форматта өтті», – деді спикер.

Баяндамашының сөзіне сүйенсек, «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісім шарты» жобалары,  «Мүгедектігі бар адамдар» квотасы бойынша жұмысқа орналастыру шаралары атқарылуда. Мәселен, «Күміс жас» жобасымен 155 адамды қамту жоспарланса, қазір оған 197 адам тартылды, яғни көрсеткіш 127% жеткен.

«Жастар тәжірибесіне» жастарды тарту белсенділігі екінші жартыжылдықта арта түседі деп күтілуде. Әзірше бұл бағытта 81 адам қамтылды. Орталық мамандары жыл басынан бері үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, 2023 жылы оқу орындарын бітірген түлектерге жастар тәжірибесі бағарламасы туралы мәліметтерді кеңінен түсіндірген. Жылдың екінші  жартысында биылғы жылғы түлектерді жастар тәжірибесіне тіркеп, жұмыс қарқынын үдету жоспарланған.

Жыл басынан бері жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін берілетін гранттарға 15 талдықорғандық ие болған. Тағы 15 грант 2-ші лекте берілуі тиіс. Оған 15-26 шілде аралығында құжаттар қабылданатын болады.

Спикердің сөзіне қарағанда, «Кәсіптік оқу» бойынша жыл басынан жоспарланған 240 адамның 152-сі сәуір айынан бастап оқу орталықтарына жолдама алған. Қазіргі таңда 145 адам автоэлектрик, тігінші, бухгалтер, кондитер, тырнақ шебері, косметолог, кірпік өсіру, шаштараз, электрик мамандықтары бойынша білім алуда.  Шілде айына тағы 88 адамды оқыту жоспарланып отыр.

«Пробацияда есепте тұрғандар» қатарындағы 16 адам «Айсулу тігін фабрикасы» ЖШС, «Фирма Талдықорған жолдары» ЖШС, «Жасыл-Ел», «Талдықорғанжылусервис» КММ және «Талдықорған Көркейту» ЖШС  мекемелеріне тұрақты жұмысқа орналастырылды. Сол сияқты осы қатардағы 5 адам жеке кәсіптерін ашып жүргізіп отыр», – деді А. Балтабеков.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз