Домбыраның әр пернесі тарих қатпарларын ақтарады. Ол қазақтың болмысынан, шежіресінен сыр шертер құдіретке ие. Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбеттерден қалған, халқымыздың ғасырдан — ғасырға жалғасқан құдды бір қолтаңбасы іспетті. Атадан-балаға жалғасып келе жатқан ұлттық музыка өнерін өскелең ұрпаққа насихаттау, қоғамда ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту мақсатында ұлттық домбыра күні арнайы бекітілгені баршаға мәлім. Осы орайда Өтенай ауылдық мәдениет үйінде мерекелік шара өтті.
Шараны ұйымдастырудағы мақсат — өскелең ұрпақтың қасиетті домбыраға, ұлттық өнерге деген құлшынысын арттыра түсу, төл өнерді насихаттау. Аталмыш шараға «Талдықорған әуендері» халықтық, фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблінің өнерпаздары, өңірдің күйшілері мен «Бриллиант» студиясының домбырашылары қатысып, концерттік бағдарлама ұсынды. Эльмира Мұқышева, Талдықорған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы: «Ұлттық құндылықтарымызды, дәстүрімізді насихаттауға байланысты түрлі бағдарламалар мен жобалар қолға алынуда, бұл құптарлық жағдай. Қазақ кім десе ең әуелі домбыраны көрсетеміз. Қазақ пен домбыра — егіз ұғым. Күмбірлеген домбыраның үні батырларымызға рух, ақындарымызға шабыт берген. Ол әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз. «Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра, нағыз қазақ — қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деген тегін айтылмаса керек-ті. Бабадан қалған төл өнер ұрпаққа әрқашан мұра боп қалады. Тарихтан сыр шертер қасиетті қара домбырамыз әлі де өз биігінде. Мәртебесін жоғарылатпаса, төмендеткен жоқ. Ұлттық домбыра күнінің бекітілуі, түрлі үйірмелер, сондай-ақ, аспапты жасаушы шеберлер қатарының күн санап артуы осының дәлелі деп білемін»-деп атап өтті.