Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры 48 маусымын жаңа қойылыммен жапты. Тың туынды Қанат Тілеуханның «Медаль» әңгімесінің желісі бойынша сахналанды. Қоғамдағы өзекті әрі ащы шындыққа негізделген оқиғаға куә бола отырып, хас таланттар өзіне лайықты бағасын алуы үшін міндетті түрде өмірден өтуі қажет пе әлде….сан сауал туындайды.
Жә, өзгелерді айтпағанда кешегі Шәмші, батыр Бауыржанға лайықты дәрежеде құрмет көрсете алмаған қоғамның бет-бейнесі спектакльде айқын көрініс тапқанда жүрегіңді тіліп өтеді, еріксіз көзіңе жас үйіріледі. Мұнда тұтас тағдыр жатқандай. Шегі жоқ құнсызданған марапат, уақытында бағаланбаған еңбек, тұлғалар өмірінің шынайы бейнесі. Қанат Тілеухан, жазушы, шығарма авторы: «Медаль» саундрамасы біздің қоғам. Көбіңіздің басыңыздан осындай мазмұны бар оқиға өткен болар. Тек декорациясы, костюмы, реквизиты бөлек. Фархат Молдағали менің шығармамды гротеске айналдырған. Күлкі, мазақ, ұсқынсыздық! Қазір «временщиктердің» заманы. Время временщиков! Сусылдаған жайдақтар, парықсыздар, құлық сауған пысықайлар. Медальға деген махаббат соншалықты жиіркенішті. Тіпті сол медальмен (атақ, марапатпен) адамды қорлап тастауға да болады. Б. Римова атындағы театр актерларына алғыс! Автор мен режиссер ойын тереңдеткендері үшін. Материалға өз уайымдары мен азаматтық ұстанымдарын салғандары үшін. Ешқайсысын бөліп жарғым жоқ. Тұтас актерлық құрамның ойынына рақмет. Бұл Фархаттың қоғамдағы фарсқа интеллектуалды қарсылығы деп білемін!» Айта кетейік, қойылым режиссері – Фархат Молдағали, пластика – Шырын Мустафина, композитор – Серікжан Айтқали, суретші – Алма Сырбаева.
Амангелді Мұқан, театртанушы: Қоюшы құрамның қоғамның жанды жерін сезіне алғандығы және Қанат Тілеуханның әдемі әңгімесін спектакль етуде біраз еңбектенгені құптауға тұрарлық. Режиссер автор ойын толықтыруға, қосалқы сахналарды енгізе отырып басымдық берген сахналары жеке кейіпкер Қайраттың ғана емес, ауырған қоғамның дерті ретінде, сол қоғамдағы адамдар арасындағы тобырлық психозды көтерген, жаппай салпыншақ тағуға құштарлықтың астарын ашуға ұмтылысын көреміз. Сол үшін режиссер салпыншаққа құштарлықтың көлеңкесінде шынайы таланттардың дер кезінде бағасын алмаған кеңестік өктем жүйені көрсетер, астарын ашуға талпынысты көреміз. Бұл бар-жоғы 60-ақ жылдық ғұмырында билік оң қабақ танытпаған, өмірінің соңғы сәтінде марапатқа ие болған атышулы ән падишасы атанған Шәмші Қалдаяқовқа ресми мекеме емханаға келіп медаль (атақ) беруі, Б.Момышұлының соғыс кезінде, соғыстан кейін де бағаланбаған ерлік жолын көрсетер траурлық сахналар бар. Әрине, кешегі және бүгінгі күніміздің сор болып жабысқан жаман қасиетін барынша жинақтап, ащы етіп көрсетуге барған және сахналық ойында қызықты метафоралық сілтемелерді кезіктіреміз. Өмірдің жанды көрінісі болған соңғы сахналардағы марапаттау салтанаты, самайын ақ шалған лайықты адамның шарасы таусылып, не жыларын, не күлерін білмеген аянышты халі көрерменді терең ой тұңғиығына жетелейді.
Нұркен Өтеуіл, актер: Қоғамның айнасын көрсетіп, ащы әжуамен сынайтын қойылымдар театр сахнасында бірте-бірте қойылып жатыр. «Медаль» спектаклі соның бірі де, бірегейі дер едім. Шығарма әу баста пьеса да емес, әңгіме жанрында дүниеге келіп, кейін сахнаға ықшамдап, инсценировкасын жасаған. Бұл оңай жұмыс емес. Қанаттың қай әңгімесі де адамды мақтамен бауыздағандай әсер қалдырады. Оқыған адамның көңілінен ойып тұрып орын алатын шығармалар. Ал, режиссер өз көзқарасымен сахналап, әңгіменің астарын ары қарай ашып көрсете алған. «Медаль» тақырыбы бүгінгі қоғамның трагедиясы десек те болады ғой. Қазақы болмысымызға жабысып ап, арыла алмай келе жатқан ең үлкен кесел – дәл осы мансапқорлығымыз, атаққұмарлық пен даңғойлығымыз шығар. Бұл тұрғыдан алсақ, спектакльдің көтерген тақырыбы, қамтыған ойы өзекті.
Жұматай Әміреев, «Жетісу» газетінің бас редакторы: Қақаңның «Медаль» әңгімесін «болған оқиға ізімен» деп айтсақ та болады. Шағын әңгімедегі қоғамның ащы шындығы суреттелгенінен болар, туынды жазыла салған сәтте проза байқауында қара үзіп келіп, топ жарған. Дөңгеленген дүниені болмаса да, еліміздегі әдеби ортаны дүр еткізгені рас. Енді, міне, сол туынды сахнаға шығып, театр репертуарына еніп отыр. Бардық. Көрдік. Тұшындық. Түйсіндік. Сүйсіндік. Шағын ғана әңгімеден қоғамға ой салар дүние шығарған режиссерге алғыс. «Таныс өлке, таныс аймақ, таныс маң» деп Мұқағали ағам айтқандай қойылымдағы көп дүние таныс. Себебін жоғарыда айттым ғой. Бұл әңгіме болған оқиға ізімен жазылған. Додаға түсіп, жүлдесін алды. Қақаңның «Шатырдағы әйел» кітабының біраз салмағын арттырды. Тағы бір қадам жасап, спектакльге айналды. Ғұмыры ұзақ, көрермені көп болғай. Театр әлеміне қатысым болса да, сыншы емеспін. Сондықтан талдап, талқыламай-ақ, «Келіңіз, көріңіз, өкінбейсіз. Қоғамды айнадан көргендей әсер аласыз» дегім келеді. Қақаң шығармасы арқылы қоғамды жалған атақ, марапаттан, келсін, келмесін тағыла беретін жасанды медальдардан тазалағысы келеді. Лайықты атақ-даңқтың құнды болатынын айтады. Режиссер Фархат та асқан шеберлікпен автордың ойын жеткізе білді.
Азамат Шарғын, актер: Құны көк тиын салпыншақтың қоғамда, нендей үлкен құндылыққа, жазылмас дертке айналғаны, қойылымды тамашалаған көрерменге әңгіме жанрына сай, жеңіл, ойнақы стильде жақсы жеткізілді. Спектакль — тірі процесс болғандықтан, көбіне, алғашқы 4-5 ойында қоюшы режиссер театрдың көркемдік жетекшісімен бірге сыншы маманның пікірін ескеріп, кемшін тұсын түзеп, қойылымның төрт аяғын тең бастырып жіберіп жатады. Бұл қойылым да ойнала келе пісетініне күмәнім жоқ. Дайын пьеса емес, әдеби шығармаға инсценировка жасау, яғни, сахнаға лайықтау да оңай емес. Бұл жағынан Фархаттың тәжірибесі бар, бұдан алдын Халифа Алтайдың «Алтайдан ауған ел» шығармасын да қойылымға айналдырғанын естігенбіз. Ең бастысы, автор мен режиссердің осы қойылым арқылы айтқысы келген ойларының көрерменге жеткенін, спектакльге келген көпшілік пен өңір басшыларының шыққаннан кейінгі ниет-лебіздерінен байқадық. Бұл — автор мен режиссер үшін үлкен жеңіс. Бұл — қазақ қоғамында өте өзекті, жанып тұрған тақырып. Мұндай шығармалар көптеп жазылып, қойылу керек. Өкінішке қарай, біздің театрларда мұндай өткір тақырыптар жоқтың қасы. Көбіне: махаббат, достық, тарих. Сенбесеңіз, репертуарларын қарай салсаңыз болады. Әрине, махаббат, тарих сынды т.б мәңгілік құндылықтар тақырыбы ешқашан ескірмейді, ол да керек. Бірақ, сахнада одан бөлек бүгінгі күннің мәселесі көтеріліп, кейінгі авторлардың да тың шығармалары қойылуы керек. Көрермен сахнадан, кинодан өзін көру керек, тану керек, ойлану керек. Театр мен кино өнерінің негізгі мақсаты да сол.