Ердің атын еңбек шығарады

242

«Қағидамыз – әділдік, тірегіміз – жауапкершілік, мақсатымыз – өрлеу. Еліміз осы құндылықтарды берік ұстана отырып, даму көкжиегін сөзсіз кеңейте түспек». Президент Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір қызметшінің отаншыл, адал болуы және өз ісіне жауапкершілікпен қарауы өте маңызды екенін атап өткен болатын. Ел тағдырына өз тағдырындай қарайтын азаматтар жоқ емес. «Ұлық болсаң — кішік бол» деген халқымыздың даналық тұжырымын, есті ескертпесін абыроймен арқалап, ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүргендердің бірі облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Бауыржан Абибеков. Өз заманының білікті саясаткері болған Д.Қонаевтың  «Мен қанша биікке көтерілсем де халықтан төмен екенімді ұмытқаным жоқ» деген тағылымын басты назарда ұстайтын ол маңызды құндылықтың бірі жасампаздық пен жаңашылдық деп санайды.

 -Бауыржан Бақытұлы, мемлекеттік қызмет үлкен жауапкершілік жүктейді. Әрбір саланың жетістігі, елдің даму деңгейі сауатты да кәсіби басқарушылыққа тікелей байланысты. Мемлекеттік қызметке қойылатын кәсіби талаптар қандай?

-Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі қоғам өмірінде ерекше рөл атқарады. Ол қоғамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуді және қоғамдық мүдделерді ең үздік және тиімді тәсілмен қанағаттандыруды білдіреді. Мемлекеттік қызмет қоғам мүдделеріне адалдық танытуға және Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етуге, мемлекеттік тіл мен басқа тілдерге, Қазақстан халқының дәстүрлері мен ғұрыптарына құрметпен қарауға міндеттейді. Мемлекеттік қызметшілер өз қызметінде мемлекеттік саясатты ұстануға және оны дәйекті түрде іс жүзінде асыруға, қоғамның мемлекеттік қызметке, мемлекет пен оның институттарына деген сенімін сақтауға және нығайтуға ұмтылуы тиіс. Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебіне жоғары талаптар қояды. Мемлекеттік қызметкер болу – зор құрмет, сондықтан кәсібилікпен бірге жоғарғы адамгершілік қасиеттерге ие болғаны абзал. Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі мынадай қағидаттарға негізделеді:  қоғам игілігі үшін мемлекетке кәсіби және жауапты қызмет ету, өз міндеттеріне шынайы көзқарас таныту,  жеке және заңды тұлғалардың, қоғамдық топтар мен ұйымдардың ықпалына қарамастан заңды шешім қабылдау және кез келген мән-жайлар бойынша біржақтылық пен субъективтілік себебінен адамдарды кемсітуге жол бермеу,  жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын екенін көрсету және өз іс-қимылының ашықтығын қамтамасыз ету, азаматтар мен әріптестерге  құрметпен қарау, мемлекеттік қызметтерді тұтынушы ретінде халықтың сұраныстарына толықтай бағдарлай отырып, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және жолданымдарды қарау кезiнде төрешiлдiк көрiнiстерiне және әуре-сарсаңға салуға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау.

Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілерге  шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпау, мемлекет мүдделеріне және азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіретін әрекеттерге қарсы тұру, іскерлік әдеп пен ресми мінез-құлық қағидаларын сақтау, азаматтардың көз алдында өздері өкілі болып табылатын мемлекеттік органдардың абыройы мен беделіне айқын нұқсан келтіретін әрекеттер жасауға жол бермеу, лауазымдық міндеттерді атқаруға байланысты кез келген сипатта құқыққа сыйымсыз уәделерді бермеу сынды талаптар қойылады. Мемлекеттік қызметшіге жүктелген басты міндет — халықтың сенімін ақтап, Отанға қалтқысыз қызмет ету, еліміздің ұлттық мүддесін тиімді қорғай білу. Еліміздің табысқа жетуі мен гүлденуі көп жағдайда аталмыш сала өкілдерінің жемісті жұмыстарына  байланысты екені ақиқат. Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттігін арттыру тұрғысында одан әрмен жүйелі жұмыс атқарыла бермек.

-Ердің атын еңбек шығарады. Адам белгілі  бір жетістікке қажырлы қарымы мен алға ұмтылуға деген құлшынысының нәтижесінде қол жеткізеді. Бүгінгі белесті бағындыруға дейінгі жол қандай болды?

 -«Тегін дүние мен жатып­­­і­шерлік құндылықтардың бәсін түсіріп, еңбектің мәнін кеті­реді, адамды босаңсытып, оның өміршеңдігін төмендетеді»-деген сөз бар.  Еңбек – өмірдің ұстазы. Сонау замандардағы тұлғалардың өмір жолына зер салсаңыз барлығының дерлік қарапайым қызмет етіп, шыңдалғанын аңғаруға болады. Яғни, алғашқы баспалдақ асқан төзімділікті талап етеді, алайда оның жемісі тәтті болады. Адам қандай кезеңде де өзінің еңбегімен қадірлі. Мен де жастығыма қарамастан, жұмысты жеңіл-ауыр деп таңдамастан әрқашан адал еңбек етуге тырыстым.  Еңбек жолымды 2008 жылдан бастап Көксу ауданының салықтық әкімшілендіру, қаржы бөлімдері мен  тұрғын үй инспекциясы, Алматы облысының ішкі саясат басқармасы мен облыс әкімі аппаратында бас маман лауазымында қызмет атқардым. Одан әрмен Сарқан ауданы әкімі аппаратының басшысы, Көксу ауданы әкімі аппаратының басшысы, Талдықорған қаласының әкімдігінде қала әкімінің орынбасары болдым.   Ағымдағы жылдың 14 ақпанынан осы уақытқа дейін Жетісу облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы болып қызмет атқарып келемін.

 

  — Өзіңіз басқарып отырған «Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасы» мемлекеттік мекемесі   ішкі саясат саласында  басшылықты жүзеге асыратын  бірден бір мемлекеттік орган болып табылады. Осы орайда басқарманың негізгі міндеті мен функциясына тоқталып өтсеңіз.

-Басқарманың негізгі басымдығы өңірдегі қоғамдық-саяси тұрақтылық пен халық бірлігін сақтауға, мемлекеттілікті нығайтуға, азаматтық қоғам институттарын қолдауға және дамытуға, жастардың толыққанды тұрақты дамуы үшін жағдай жасауға, шешімдер қабылдау процесіне қатысуға, табысты әлеуметтенуге және оның әлеуетін өңірдің одан әрі дамуына бағыттауға, Жетісу облысының ақпараттық кеңістігінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясатты іске асыру болып табылады. Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің, облыс әкімінің актілері мен тапсырмаларының орындалуын қамтамасыз ету, өңірде Президенттің Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауларын, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды және басқа да стратегиялық құжаттарды түсіндіру мен насихаттауды қамтамасыз ету, қоғамдық даму саласындағы өңірлік маңызы бар бағдарламалық құжаттарды әзірлеу және іске асыру жөніндегі жұмысты үйлестіру, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдайлар жасау басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер. Ал, негізгі функциялар қатары өте көп, соның бірқатарын атап өтер болсам: қоғамдық дамудың негізгі бағыттарын ақпараттық-идеологиялық сүйемелдеу, қоғамдық саяси тұрақтылықты, өңірдегі халықтың жалпыұлттық бірлігін және қоғамды топтастыруды қамтамасыз етуге бағытталған практикалық және өзге де шаралар кешенін іске асыру,  әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және басқа да салалардағы жергілікті атқарушы органдардың қызметі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысын ұйымдастыру, осы бағыттағы жұмысты жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу,  өңірде мемлекеттік ақпараттық саясатты тиімді іске асыруды қамтамасыз ету, оның ішінде мемлекеттік ақпараттық тапсырысты орындау бойынша БАҚ қызметін әдістемелік қолдау және үйлестіру, мониторинг жүргізу, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.

Мерекелік лебізіңіз және жас мамандарға айтар кеңесіңіз?

-Мемлекеттік саясатты жүзеге асыру барысында халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру, атқарушы билік жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету бағытында бүгінде өңірде облыс басшысының қадағалауымен  үлкен жұмыстар атқарылуда. Біз аймақтың экономикалық және рухани дамуына бар күш-жігері мен білімін жұмсап, жастарға жолбасшы бола алған аға буын мемлекеттік қызметшілерге арқа сүйесек, бастамашыл да батыл, ізденімпаз да іскер жас мамандарға зор үміт артамыз. Еңбектеріңіз жемісті, ерік-жігерлеріңіз мықты, отбасыларыңыз аман болып, еліміздің игілігіне қызмет ете берулеріңізге тілектеспін. Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын — біздің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз. Жастардың еркін ойы, жалын жігері, батыл бастамалары – мемлекетіміз үшін аса қажет. Жалпы бүгінгі жастардың білімге, еңбекке деген құштарлығы,  инновацияны үйренуге, жаңа жобалар әзірлеуге деген талпыныстары біздерді әрқашан қуантады. Бүгінгі жасты  көрсең, көзің қуанады, сөзін тыңдасаң, жүрегің қуанады. Бәрінің дүниетанымы, көзқарастары ерек. Адамды жетістікке жетелейтін де, бақытты ететін де — еңбек. Жұмыстың жаманы болмайды. Жас маман көпшіліктің пікіріне емес, өз жүрек қалауына құлақ асқаны жөн. Тек өзі ұнатып, ыждағатпен істейтін мамандық таңдағаны абзал. Міне, сонда ғана тасың өрге домалап, еңбегің берекелі болмақ. Мейлің мемлекеттік қызметкер бол, мейлің кәсіпкер бол, мейлің малшы, диқан бол — жұмысыңды сүйіп істе. Ықыласпен еңбек еткен адамның шапағаты өзгеге де тиеді.  Ұлы Абайдың «Егер ісім өнсін десең, ретін тап. Биік мансап — биік жартас, ерінбей еңбектеп жылан да шығады, екпіндеп ұшып қыран да шығады»-деген ғақлиясы бар. Бұл ретте кім болатының, қандай адам боларың өзіңе байланысты. «Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп,  еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды». Ең бастысы – адал еңбек ету, адал жолмен табыс табу, адал азамат болу.

                                            Қысқа-нұсқа

 

  • Бала Бауыржан кім болуды армандады?
  • Халқымның қалаулы азаматы болуды, қай салада жүрсем де ел игілігі үшін қызмет ету, мемлекеттің өсіп-өркендеуі жолында үлесімді қосу
  • Адамдардың бойынан қандай қасиетті бағалайсыз?
  • Адалдық, жауапкершілік, еңбекқорлық
  • Үлгі тұтар жан?
  • Әкем. Мен үшін әкем мен анамның ақ батасынан асқан қолдау жоқ. Барлық бастамалар мен жетістіктерімнің бастауы осы жандардан таралады. «Әкемдей болсам» деген өмірлік қағидам бар.
  • Жиі айтатын сөзіңіз?
  • Көп тыңда, айтылған сөз, атылған оқпен тең
  • Өмірлік ұстанымыңыз?
  • Халықтың алғысына бөлену, үлкенге құрмет, кішіге ізет таныту
  • Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?
  • Мемлекеттік қызметкерлердің күні қарбаласқа толы өтеді. Бос уақыт бола қалған жағдайда отбасыма көңіл бөліп, балаларыммен серуендеймін
  • Өзіңізге артылған үмітті ақтай алдым деп ойлайсыз ба?
  • Қызмет жағынан да, жеке өмірім жағынан да ақтай алдым-ау деп топшылаймын. Ата-анамның еңбегі, тәрбиесі зая кетпеді деп нақты айта аламын. Әрине, атқарылар іс әлі алда
  • Уақытты кері қайтарса нені өзгертер едіңіз?
  • Ештеңені. Пешенеме жазылған тағдырыма разымын. Барлығы өз орнымен, қалпымен орын алуда, шүкір!

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз