Салтанат сарайында Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл қаламыздың денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтады.
Салтанатты шара шымылдығын қала әкімі ақжарма тілегімен ашып, денсаулық саласында қажырлы еңбек етіп жүрген сала майталмандарын Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапаттады.
«Құрметті денсаулық сақтау саласының қызметкерлері! Ардақты ақ халатты абзал жандар! Баршаңызды бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
«Адамның басты байлығы – денсаулық» десек, барша жанның денсаулығын сақтауда Сіздердің үлестеріңіз зор. Біздің мемлекетіміз үшін, адамның өмірін ұзарту, денсаулығын жақсарту басты міндет болып саналады. Сондықтан да, Сіздерге тек жақсылық, қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Елдің алғысы мен ілтипатына бөлене беріңіздер!», — деді қала әкімі Ернат Бәзіл құттықтау тілегінде.
Айтар болсақ, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елімізде медицина саласын дамытуға, мамандарға қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлініп келеді. Қазіргі таңда қаламызда 931 дәрігер, 3 мыңға жуық орта медицина қызметкерлері табысты еңбек етіп келеді. Онкологиялық орталықтың құрылысы қолға алынбақ.