Патриоттар шеруі Талдықорғанда өтті

185

4 маусым — Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздері күніне орай  Талдықорған қаласындағы «Жастар» саябағындағы Мемлекеттік Ту тұғырдың жанында «Менің рәміздерім – менің мақтанышым!» атты патриоттық  акция ұйымдастырылды.  Салтанатқа облыс әкімі Б.Исабаев пен қала әкімі Е.Бәзіл қатысты. «Жастар» саябағынан басталған шеру Ж. Балапанов, Б. Әшімов көшелерімен жүріп өтіп, Талдықорған – Алматы тас жолының бойындағы 92 метр биіктікте орнатылған Мемлекеттік Ту тұғырына табан тіреді. Шеруге қатысушылардың қолында жалаулар желбіреп, жастар өкілдері елдің бостандығы мен тәуелсіздігінің басты нышандары ретінде қолдарында 12 м х 6 м болатын Мемлекеттік Ту мен Мемлекеттік Елтаңбаны алып жүрді.Шеруге спорт түрлерінен Қазақстан Республикасының, Әлем чемпионаттарының, Халықаралық жарыстардың жүлдегерлері, «Ұлы дала жорығы» марафон – бәйгесінің жеңімпаздары, мәдениет қайраткерлері, өнерпаздар, белсенді жастар, волонтерлер, қоғамдық ұйымдар, «Жас сарбаз» кадет сыныптарының белсенділері қатысып, атсалысты.

Шеруге қатысушылар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін бір мезгілде орындау акциясына келіп қосылды. Бір мезгілде Мемлекеттік Гимн орындалды.

Соңынан патриоттық әндер шырқалды. Облыс орталығындағы бұл шараға келушілер қатары көп болды.

Имам Ахият Сейдалыұлы,  Регбиден халықаралық дәрежедегі спорт шебері: — Бұл күн ел өмірінде ерекше орны бар күн саналады. Осыдан  22 жыл бұрын мемлекеттік нышандарымыз бекітілді. Әр азаматтың бойына  рух беретін, мақтаныш сезімін жүрекке құятын ерекше мереке. Ел қадірін шетелге жарыстарға барғанда кәдімгідей сезінеміз. Өзіміздің кеңпейілділік, мейірімділік пейіл ата-бабамыздан берілген ерекшелік.  Осы жолы  Шри-Ланкада өткен халықаралық жарысқа регбиден  қатысып келдік. Біз жолға шыққанда еліміздің мемлекеттік Туын үнемі ала кетеміз. Бұл бізге сенімділік пен үміт беретін тәрізді. Көк Туымыз биікте желбіресін. Ел іргесі аман болсын!

 Арнұр Жапар, Елдана Сәлім, Талдықорған жоғары политехникалық колледжі студенттері:- Шеруге қатысып, Әнұранды ерекше сезіммен орындадық.  Студент жастар үшін мұндай шараларға қатысудың өзі зор ғанибет.  Жаңа Әнұранды жиналғандармен бірге орындадық. Әуені көңілді толқытып, жаныңды шаттыққа бөлейді. Жүрегімізде елімізге деген айрықша қуаныш сезімін сыйлады.  Біз жастар жақсы оқып, білімді азамат болып халықтың игілігі жолында  қызмет етуге дайынбыз. Еліміз  өркендеп, дами берсін!

Назым Нұрланова, мұғалім:-  Отанды сүю – тәрбиеден басталады. Біздің білім ордамызда тәрбиелік іс-шаралар көптеп өтіп тұрады. Шәкірттеріміз оқуда, спортта көптеген жетістіктерге жетіп, мерейімізді асырып келеді. Мәселен, спорт шебері, спорт шеберлігіне үміткер балалар көп, олар Қазақстан атын әлемге танытып келеді.  Аружан Әбдіраш, Расул Дүйсенғазы, Айасыл Шойбек, Қошыман  Асылбек деген оқушыларымыз  биік белестерді бағындырып келеді. Елжандылық деген осындай ел мүддесі қорғау деп ойлаймын.

Айқанат Дүйсенбай, Асылай Қайрақбай, жас спортшылар:- Біз қаладағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт мектеп интернаты- колледжінде оқимыз.  Жас волейболшылар командасының мүшесіміз. ҚР чемпионаттарына барып, 2 рет жеңімпаз, 2 рет жүлдегер болдық. Отанымыздың мемлекеттік Әнұранын шырқатып, Олимпиада ойындарына қатысып жатқан  аға-апайларымызға қызыға қараймыз. Өзіміз де ел намысын қорғап, халықаралық жарыстарға қатысқымыз келеді. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу-әр азаматтың парызы.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз