«Мемлекеттік статистика туралы» Заңға өзгерістер енгізілді. Енді респонденттер уақтылы есеп бермесе, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Оған қоса статистикалық деректердің дәйексіздігі анықталған жағдайда 1 жұмыс күні ішінде түзету енгізуі қажет. Бұл туралы ұлттық статистика бюросының Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Марат Букенов баспасөз мәслихатында айтып берді.
Енді респонденттердің бастапқы статистикалық деректерді ұсыну кестесінде көрсетілген мерзім ішінде есеп уақтылы тапсырылмаса, профилактикалық бақылаусыз-ақ, респонденттер айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке бірден тартылатын болады.
«Бастапқы статистикалық деректердің дәйексіздігі анықталған жағдайда, респонденттерге статистикалық нысандарға түзетулер енгізу қажеттілігі туралы хабарлама жіберіледі. Түзетулер енгізу статистикалық нысанды қайта ұсыну немесе деректердің дұрыстығын растау бойынша қосымша ақпарат беру арқылы бір жұмыс күні ішінде жасалуы тиіс. Респонденттердің бастапқы статистикалық деректерді бұрын ұсынғанын көрсететін дәлел жеткілікті болған кезде әкімшілік құқық бұзушылық бойынша іс қозғалады», — деп түсіндірді департамент басшысы.
Аталған өзгерістер БАҚ беттерінде жарияланған күннен 60 күн өткен соң, биылғы жылдың 8 маусымынан бастап күшіне енеді.
Спикер барлық респондентті статистикалық есептерді белгіленген мерзім ішінде тапсыруға және себеп-салдарын алдын алу үшін сенімді деректерді ұсынуға шақырды. Сондай-ақ, статистика мәселелері туындаған жағдайда Ұлттық статистика бюросының 1446 бірыңғай нөміріне тегін хабарласып ақпарат алуға болатынын жеткізді.