Халқымыздың ежелден құт-береке дарыған, ақындар мен батырлардың мекені Жетісудың перзенті – Ілиястың жан дүниесі жас кезінен ән мен жырды, күй мен әуенді ұялатты. Жастайынан ауыл өміріне араласты, өлеңді табан асты шығарып, суырып салмалық өнерімен қатарының алды болды.
Ілияс Жансүгіров нағыз жан-жақты дарын иесі. Ол – қаламынан түрлі жанрда тамаша туындылар шыққан, қазақ әдебиет өнерінде өшпес із қалдырған үлкен қаламгер. Өз халқының әдебиетінің іргесін қалап қана қоймай, оның өміршеңдігін нақты өлмес туындыларымен байытқан талантты суреткер. Қазақ жеріндегі аласапыран төңкеріске дейін, негізінде, ауыз әдебиеті ғана дамыған қазақ даласында поэзияның, прозаның, драматургияның, аударма, балалар әдебиеті мен журналистиканың тамаша үлгілерінің дүниеге келуіне өзіндік үлес қосқан жаңашыл қаламгер болғандығын әдебиет тарихы жоққа шығармайды.
Ілиястың Абай өлеңдеріне деген сүйіспеншілігі сонау жігіт шағында байқалған. Бұл туралы ақын өз естелігінде былай жазады:
«Абай артық әсер етті. Ойым ояна бастады. Қайта-кайта тоймай оқи беретін болдым. Өзімде біртүрлі сергектік, сілкініс, жүрегімде жаңалық сездім. Жазуға талабым оянды. Келсе де, келмесе де шұқылап, өмірді өлең қыла бастадым».
Ақынның лирикалық өлеңдерімен қоса, «Жетісу суреттері» «Күй», «Күйші» сынды классикалық шығармалары – ешқашан ескірмейтін, қайталанбас туындылар. Ал «Құлагер» поэмасын оқымаған қазақ баласы кемде-кем шығар. Ілиястың балаларға арналған өлеңдері өткен өмірдегі шынайы қазақи өмірдің көріністерінен құралған. Ұлт мүддесіне қатысты ойлары баланы жақсы әлемге, оқу-білімге бастайтын игі мақсаттар баланың білімге ұмтылуына мұрындық болатын ұлттық таным екені сөзсіз. «Жазғытұры», «Күз», «Қыс», «Оқимын», «Бөбек бөлеу», «Тас шешей», «Сабын», «Ұршық», «Саптыаяқ», «Күн боламыз», «Элеватор», «Комбайн», «Қазақ үйдің тұрмысы» т.б. өлеңдері бүгінгі тәуелсіз еліміздің балалар әдебиетіндегі үлкен табысы.
Қазақ балалар лирикасы – қазақ әдебиетіндегі кейіндеу пайда болған саласы болғанымен, руханиятымыздың көркемдік кеңістігін байытумен қатар, тәрбиелік-тағылымдық жағынан да толықтырып отырған әдебиет әлемінің үлкен бір қанаты. Соның ішінде, әсіресе, Ілиястың балаларға арналған өлеңдері халықтық педагогикамен ұштасып, баланың дүниетанымына әсер ете алуымен маңызды.
Баршаға белгілі биыл «Қазақтың үш бәйтерегі» атанған Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің туғанына 130 жыл толып отыр. Осы айтулы мерейтойға орай елімізде олардың шығармашылығын насихаттау мақсатында көптеген шаралар қолға алынған. «Жыр Құлагері» Ілияс Жансүгіровтің туған жерінде де айтулы істер атқарылуда.
Облыс орталығы Талдықорғанда 15-16 мамырда «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен Жетісу облысының Білім басқармасы мен «Жетісу дарыны» облыстық оқу-әдістемелік орталығы оқушылар арасында республикалық «Ілияс оқулары» байқауының қорытынды кезеңін « Zhansugurov College» және «Оқушылар сарайы» ғимараты базасында өткізді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың мақсаты– мектеп оқушылар арасында Ілияс Жансүгіров шығармаларын насихаттау, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын, тума талант, табиғи дарындыларды дер кезінде анықтау болып табылады. Еліміздің әр аймағынан бұл аталмыш байқауға 120 оқушы қатысты.
-«Ілияс — эпик ақын» — шығарманы жалғастыру номинациясы;
— «Жаз! Жаз! Қалам, жорғалап» — жас ақындар номинациясы;
— «Ілияс – қарасөз шебері» — көркемсөз оқу номинациясы;
— «Сұлу сөздің сүлейі» — шығарманың көркемдік құрылысын талдау ; -«Заманның заңғар тұлғасы» — буктрейлерлер номинациясында, яғни, 5 бағытта оқушылар өзара сынға түсті.
Байқауға Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, ақындар және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті оқу орындарының білікті оқытушылары қазылық етті.
Қатысушылар әсем қаламыздың көрікті жерлерін аралады. Соның ішінде Мұхамеджан Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайына, Ілияс Жансүгіровтің әдеби мұражайына және Жетісу университетіне танымдық экскурсиялар ұйымдастырылып, ақын ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.
Республикалық Ілияс Жансүгіров оқуларының жеңімпаздарына 5 (бес) бағытта «Бас жүлде», І, ІІ, ІІІ орындар бойынша ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал осы байқауға келіп қатысқан оқушыларға да сертификаттар мен сыйлық пакеттері табысталды.