Мәдениет және өнер адамдары халық алдында қызмет етуде ерекше миссия арқалайды

184

Бүгін Мәдениет және өнер қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтіп жатыр. Осы орайда аталған ведомство басшысы Аида Балаева оқырмандарымызбен мәдени саладағы мәселелер мен өзекті тақырыптар туралы өз ой-пайымын бөлісті.

– Аида Ғалымқызы, биыл Қазақстанның мәдениет және өнер қызметкерлері үшін мерейтойлық жыл болып отыр. Тура 10 жыл бұрын осы күні кәсіби мерекелерін алғаш рет атап өтті. Атаулы датаның маңызы неде?

– Әрине, мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесін атап өту – біздің қоғам үшін үлкен маңызға ие. Ол осы саладағы мыңдаған маманның әрқайсысының еңбегінің елеулі екенін еске түсіреді. Оларсыз біздің дамуымыз бен рухани баюымызға сеп болар өте маңызды көптеген мәдени іс-шараны өткізе алмас едік. Сонымен қатар, мәдениет пен өнердің тәрбиелік маңызы да орасан зор. Онсыз адам біртұтас, дамыған тұлғаға айналып, рухани кемелдене алмайды.

Мәдениет пен өнер мерекесі мәдени мұраны сақтаудың, патриотизмді қалыптастырудың және қоғамның жалпы мәдени дамуының маңызын айрықша көрсетеді.

Осы орайда, Мемлекет басшысының мәдениет саласын дамытудағы ерекше рөлін атап өткім келеді. Президенттің тапсырмасы бойынша мәдениетті дамыту, дәріптеу және ұлттық мұраны сақтау үшін қолайлы жағдайлар жасалып жатыр. Шығармашылық ұжымдар ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді жақын әрі алыс шет елдерде таныстырып жүр. Одан бөлек мәдени жаңа нысандар салынып, материалдық-техникалық база нығайтылуда. Бұл Мемлекет басшысының қолдауымен жүргізілген жұмыстың бір бөлігі ғана.

Сондай-ақ аталған сала өкілдері Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған президенттік реформаларды қолдап, мұны елдің жалпы өркендеуі мен дамуына жасалған маңызды қадам ретінде қарастыра отырып, іске асыруға көмектеседі.

– Мәдениет саласындағы жетістіктер жетерлік, бірақ сонымен бірге көптеген мәселе де бар. Министр ретінде бұл салаға 9 ай бұрын келдіңіз. Әрине, кейбір жаһандық нәтижелер туралы айтуға әлі ерте, дегенмен қазірдің өзінде не істелді және алда қандай жұмыстар атқарылмақ?

– Иә, бұл бағытта жұмыс істеу үнемі жіті назар мен күш-жігерді қажет етеді. Өйткені, бұл сала арқылы халықтармен, елдермен мәдени байланысты нығайтып, көкжиегімізді кеңейте түсеміз. Мемлекет басшысының алдымызға қойған маңызды міндеттерінің бірі – мәдени саясатты жетілдіруге байланысты. 2023 жылы Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі кезеңге арналған мәдени саясатының тұжырымдамасы бекітілді. Құжатта мәдени саясатты дамытудың негізгі принциптері мен тәсілдері, сондай-ақ мақсатты индикаторлар мен күтілетін нәтижелер айқындалған.

Жоспарлы жұмыс түрлі бағыттарда жүргізіледі: инфрақұрылымды дамыту, шығармашылық бастамаларды қолдау, кадрлық даярлық және қазақстандық мәдениетті шетелге таныту. Әрине, қиындықтар бар, бірақ сонымен бірге жүйелі жұмыс жүріп жатыр, түйінді мәселелерді қалай шешетінімізге, әрі қарайғы бағыт-бағдарымызға қатысты нақты жоспар бар.

Айта кетейік, әлеуметтік зерттеулер халықтың осы саладағы қызмет сапасына қанағаттану деңгейі 74% құрағанын көрсетті. Бұл мәдени саясатты жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан шаралар өз жемісін беріп отырғанын көрсетеді. Алайда мәдениет пен өнерді одан әрі дамыту үшін әлі де көп жұмыс істеу керек.

– Мәдениет қайраткерлері өз шығармашылығы үшін миллиондаған гонорар алады. Бұл туралы пікіріңіз қандай?

– Көбісі өнер адамдары сахнаға шыққаны үшін миллиондаған теңге алады деп есептейді. Әрине, ондайлар бар, бірақ өте көп емес. Тек коммерциялық тұрғыдан табысты жұлдыздар ғана. Ал негізінен әдеттегі жалақыға өз шығармашылығын бөлісуге дайын өнер адамдары көп. Олар жұмыс жайына өкпе артпай, өз кәсібіне адалдықтың үлгісін танытып келеді. Олардың адалдығы мен ісіне деген сүйіспеншілігіне ешқандай баға жетпейді.

Бұл адамдар маңызды миссияны орындап, қарапайым халыққа қуаныш сыйлайды, рухани қолдау көрсетеді. Бұл әсіресе түрлі сын-сынақ кезінде аса маңызды. Мәселен, мұны кешегі еліміздің батысындағы су тасқыны кезінде көрдік. Онда барша шығармашылық ұжымдар да, жеке тұлғалар да өз бастамасымен концерттер өткізіп, түскен қаражатты зардап шеккендерге аударып, бір күндік жалақыларын жинап, волонтер болды. Олар осындай ел басына күн туған сәтте шетте қалған жоқ, мәселенің бел ортасында жүрді.

Әр іске жанкештілікпен кірісетін және ұдайы еңбек ететін нағыз патриот жандар.

Мұндай адамдар үшін жаны қалайтын іспен айналысу өте маңызды. Олардың арқасында біз әлем туралы жаңа дүниелерді танып-біліп, рухани құндылықтардан, өнердің тереңдігі мен сұлулығынан ләззат аламыз.

– Аталған сала қызметкерлерінің жалақысы қандай? Бұл бағытта қандай шаралар қабылданып жатыр?

– Мәдениет қызметкерлерін қаржылық-материалдық ынталандыру тақырыбы біздің министрліктің күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе болып қала бермек. Жалақы мөлшері саладағы өткір мәселелердің бірі болғандықтан ғана емес. Мемлекет және ең алдымен, ел Президенті бұл бағытта тоқыраудың алдын алу үшін бар күшін салып жатыр. Өткен 2023 жылдың өзінде 64 мыңға жуық мәдениет және архив ісінің қызметкерлерінің жалақысы 45% көтерілді.

Бұл атқарылған жалғыз жұмыс емес. Атап айтқанда, Қ.Қуанышбаев пен «Әзірет Сұлтан» мұражай-қорығына «ұлттық» мәртебе беріліп, осы ұжымдардың 450 қызметкерінің лауазымдық жалақысы 1,75 коэффициенті бойынша өсті.

Ақтөбе және Түркістан облыстарындағы 34 көркемөнерпаз ұжымына «халықтық» және «үлгілі» атақтары берілді.

Араға көп жыл салып, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Халық әртісі» құрметті атағы қайтарылды. Бұл марапаттың жалпыхалықтық маңызы зор. Қазіргі уақытта бұл атақпен 8 мәдениет қайраткері марапатталды. Олардың саны жыл сайын артатынына сенімдімін.

Әрине, бұл шаралардың барлығы мемлекеттік қолдауды күшейтуге және шығармашылық ұжымдардың еңбегін бағалауға бағытталған. Бұл елдің мәдени өмірін дамытып, ұлттық мұраны қолдау үшін маңызды.

Тағы бір мәселе – заңнаманы жетілдірген жағдайда ғана болатын түбегейлі өзгерістер. Бұл жалақыны қайта қарауға ғана емес, сонымен қатар креативті индустрияның тұрақты жүйесін құруға да қатысты. Салауатты, бәсекеге қабілетті рухани-мәдени қызмет көрсету индустриясы пайда болмай, жалақыны индекстеу мәселесі туындай беретіні анық. Қазір осы және басқа да мәселелерді шешу жолдарын қарастырып жатырмыз.

– Қазір бізде ел білетін жұлдыздар көп болғанымен, жаңа есімдер ашылмай жатқан сияқты?

– Олай деп айта алмас едім. Жыл сайын нағыз жұлдызға айналатын жаңа таланттар шығып келеді. Біз елімізде музыканы дамытып, талантты музыканттардың жаңа буындарын қалыптастыру жолында үнемі жұмыс істейміз. Жаңа есімдерді ашып, жас таланттарды қолдау үшін барлық жағдай жасалған.

2023 жылы Бибігүл Төлегенова атындағы Халықаралық вокалистер байқауы, скрипкашылар байқауы, Нұрғиса Тілендиев атындағы республикалық дирижерлер байқауы, Құрманғазы атындағы дәстүрлі музыкалық аспаптарда орындаушылар байқауы сияқты халықаралық және республикалық додаларда 65 жас талант жеңімпаз болды.

Бұл байқаулардың басты мақсаты – дарынды өнерпаздарды анықтап, қолдау ғана емес, сонымен қатар, олардың кәсіби өсуі мен дамуы үшін мүмкіндіктер жасау.

– Қазақ мәдениетін шетелде қаншалықты жақсы біледі?

– Біздің мәдениетке шетелдіктер ерекше қызығады. Жыл сайын түрлі жанрлар мен бағыттардағы халықаралық конкурстар мен фестивальдерге қатысу, сондай-ақ, «мәдениет күндері» форматындағы іс-шараларды ұйымдастыру, мерейтойлық даталарды мерекелеу бұл үдерісте маңызды рөл атқарады.

Мысалы, Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығын мерекелеу аясында 660 іс-шара өткіздік, оның ішінде 7-і шетелде болды. Каирде Сұлтан Әз-Захир Бейбарыс мешітінің ашылуы, «Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнері» шеберлерінің көрмесі және басқа да ауқымды іс-шаралар өтті. Бұл жобалар қазақ мәдениеті жанкүйерлерінің назарын аударғаны сөзсіз.

Сондай-ақ Қазақстан 60-шы Венеция биенналесіне қатысты. Бұл – үлкен оқиға. Онда біз «Jerūiyq: көкжиектен тыс көзқарас» тақырыбымен ұлттық павильонды алғаш рет таныстырдық.

Алдағы уақытта жаңа көрмелер мен іс-шаралар, соның ішінде Париждегі Гиме Шығыс өнер мұражайындағы ұлттық өнер көрмесі күтіп тұр. Оның ашылуы қараша айына жоспарланған.

Одан бөлек биыл қазақ мәдениеті мен өнерін дәріптеу мақсатында Тәжікстанда, Түрікменстанда Қазақстанның мәдениет күндерін өткізуді жоспарлап отырмыз.

Өз кезегінде Түрікменстан, Әзербайжан, Армения және Египет те өз мәдениеті мен өнерін біздің елімізде көрсетуге дайын.

Біз туристерді тарту және тарихи орындарды танымал ету жұмысын жалғастырамыз. Осыған байланысты Гаухар Ана, Есік, Ордабасы мұражай-қорықтарының аумағында визит-орталықтардың құрылысы, «Бозоқ» ашық аспан астындағы Ұлттық саябағын құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Тарихи-мәдени мұра объектілерін ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізу, «Ұлы Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» трансұлттық номинациясы бойынша 6 объекті бойынша номинациялық досье әзірлеу жұмыстары жалғасуда.

СІМ-мен бірлесіп, ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының өкілдік тізіміне Қазақстаннан екі элементті – «Салбурын» мен «Беташар» және Өзбекстанмен бірлесіп бір элементті – «Кесте-сюзанна» өнері бойынша көпұлтты номинацияны енгізу жұмысы жүргізілуде.

Биыл 11 жылда алғаш рет материалдық емес мәдени мұраның ұлттық тізбесі жаңартылды. Оған қосымша 75 элемент кіреді.

Сондай-ақ күні кеше ғана өздеріңіз білетіндей, министрліктің қолдауымен Qazaq Culture ақпараттық-танымдық платформасы іске қосылды. Мәдениет сайты 8 тілде хабар таратады.

Осылайша, түрлі мәдени іс-шаралар мен белсенді халықаралық қызметті ұйымдастырудың арқасында қазақстандық мәдениет халықаралық мәдени байланыстарды нығайтуға ықпал ете отырып, елімізден тыс жерлерде танылып келеді.

– Мәдени орталықтар туралы айтайықшы. Білуімізше, Қазақстанның мәдени орталығы ҚХР-да ашылмақ…

– Мәдени орталықтар екі ел арасындағы байланысты нығайтуда және мәдени мұраны насихаттауда маңызды рөл атқарады. Мәдени орталықтарды өзара құру туралы үкіметаралық келісімге 2023 жылғы қарашада Астана қаласында қол қойылды. Қазіргі уақытта біз Бейжіңде қазақстандық мәдени орталықты ашу және контентті толықтыру бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Қытай тарапы да Қазақстанда өз орталығын ашуға ниетті.

Осы бастама аясында «Бір белдеу, бір жол» халықаралық жобасының 10 жылдығына орайластырылып Бейжіңде көшпелі көрме өтті. Көрмеге «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығының қорларынан сақ-үйсін дәуірінің экспонаттары қойылды.

– Материалдық-техникалық базаны нығайтуда қандай шаралар қабылданып жатыр? Бәріне мәлім, көптеген мәдени нысанның ғимараттары тозған. Оның себебі белсенді пайдаланумен қатар, мақсатсыз пайдалану, айталық, барлық жиналыстар, акциялар, жерлеу рәсімдері… Бұған шығармашылық адамдардың өздері де шағымданады. Осы орайда тағы бір сұрақ, кейбір құралдардың соңғы 30 жылда жаңартылмағаны рас па?

– Өкінішке қарай, бұл салада ұзақ уақыт бойы шешімін таппаған жүйелі мәселелер бар. Музыкалық аспаптарға қатысты мәселе де осыған саяды.

Мәдени нысандардың материалдық-техникалық базасына келетін болсақ, соңғы жылдары Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен көрнекті ғимараттарды реконструкция жасауға көп көңіл бөлінді. Атап айтқанда, «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының ғимаратын күрделі жөндеу, «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрының сахналық жабдықтарын жаңғырту жоспарланған. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің «Қазақ» күмбезінің апатқа қарсы және консервациялық жұмыстары жүргізіледі.

Ендігі кезекте – Наталия Сац атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік академиялық орыс театрының ғимаратын қайта жаңарту және республикалық мемлекеттік академиялық Неміс драма театрының ғимаратын жөндеу. Тұтастай алғанда, музейлер, театрлар мен оркестрлер сияқты, әртүрлі нысандарды жаңарту және жөндеу олардың шығармашылық және мәдени мұраны ұсынуы үшін қолайлы жағдайларды жасау үшін қажет.

Өңір басшылары жаңа нысандардың құрылысы бойынша жеке тапсырмалар алды. Атап айтқанда, Шымкент, Семей және еліміздің басқа да облыс орталықтарында жаңа театрлар салынады.

Мәдени инфрақұрылым жаңартылып, активтер жаңа алаңдармен толығатыны түсінікті. Бірақ, біз көне мұраны қатаң тәртіппен сақтауға міндеттіміз. Осыған байланысты шығармашылық ұжымдардағы әріптестердің мәдени нысандардағы мақсатсыз жұмыстарға қатысты алаңдаушылығын түсінемін әрі қолдаймын.

Әрине, біз оларды тыңдап, белгілі тұлғалармен қоштасу рәсімі жиі өтетін театр қызметкерлерінің психо-эмоционалдық жағдайына ден қоюға тырысамыз. Сондықтан біз мүмкіндігінше жақындарына басқа да балама формалар бар екенін жеткізуге тырысамыз. Менің ойымша, көп ұзамай біз кеңестік кезеңдегідей мәдениет мекемелерінде еске алу кештерін ұйымдастыру тәжірибесінен мүлдем бас тартамыз.

– Қорытындылай келе, осы үлкен саланың қызметкерлеріне қандай тілек айтасыз?

– Мәдениет және өнер саласының барлық қызметкерлеріне шалқар шабыт, шығармашылық өрлеу және толайым табыс тілеймін. Әрбір жобаларыңыз көрерменге қуаныш сыйлап, мәдени мұраға қосқан үлестеріңіз баға жетпес құндылыққа айналсын. Мақсаттарыңызға жетуде табанды болыңыздар, жаңа көкжиектерді ашып, идеяларыңызды батыл жүзеге асырыңыздар. Сіздердің жұмыстарыңыз әлемді нұрға бөлесін, жарық сыйласын және бұл қызмет сіздерге де жетістіктер мен табыс әкеледі деп сенемін.

, ҚазАқпарат

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз