Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Алматы облысында жұмыс сапарда  болды. Сапар барысында А.Жатқамбайұлы алдымен облыс әкімі Амандық Баталовпен бірге Талдықорған қаласындағы  ҚР  Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалының салтанатты ашылуына қатысты.

фото А.Нұршанов

Облыс әкімінің жан-жақты қолдауымен бой көтерген бұл оқу орны «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында заман ағыма сай озық үлгідегі технологиялармен жабдықталған. Биыл онда 1200 мемлекеттік қызметші білім алмақ. Оған жергілікті қазынадан 105 млн. теңге қаражат бөлінген. Жаңа ғимаратта аталған басқару академиясының ректоры Фатима Жақыпованың ұйымдастыруымен  өткен алғашқы семинарда сөз алған агенттік төрағасы: « Қазір елімізде жаңашыл мамандарды дайындап, азаматтар мен азаматшаларды қоғамның басты дерті сыбайлас жемқорлықтан аулақ болуға тәрбиелеу ісі қолға алынған. Осыған байланысты, бұл орталықтың атқаратын рөлі зор» –деп атап айтты.

фото А.Нұршанов

Сөз кезегінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қысқаша тоқталған Амандық Ғаббасұлы: «Республика бойынша ауыл шаруашылығындағы Алматы облысының үлесі 17 пайыз болса, шағын және орта бизнестің түсімі облыс бюджетінің 43 пайызын құрап отыр. Сондай-ақ, аймақ тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету 86 пайызға жетті. Сол сияқты, тұрғын үй құрылысында, мектептер салу, балаларды балабақшамен қамтамасыз ету және басқа да салаларда ілгерілеушіліктер бар. Өткен жылдың өзінде біз 45 жаңа мектепті пайдалануға бердік. Мемлекеттің қолдауымен облыс орталығында ашылып отырған академия филиалы – өңірдің мемлекеттік қызметшілері үшін тамаша мүмкіндік. Алдағы уақытта мұнда білімі мен кәсіби біліктілігін жетілдірген мемлекеттік қызметшілер облыс экономикасын одан әрі дамытуға септігін тигізетініне сенімдімін» — деді.

фото А.Нұршанов

Осыдан соң А.Шпекбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының аумақтағы департаментіндегі қызметшілерімен жүздесті. Бүгінде ондағы мемлекеттік қызметшілердің  алаңсыз жұмыс жасауына  бар жағдай жасалған. Осының бәрін өз көзімен көрген агенттік басшысы облыс әкіміне ризашылығын білдіре отырып: «Биылдан бастап департамент қызметшілерінің еңбек ақысы пилоттық жоба аясында еселеп өсірілгенін жеткізді. Әрі алдағы уақытта олардың баспана мәселесін оңтайлы шешудің  жолдары қарастырылады. Бастысы әр адам өз міндетін адал атқаруы керек деп ескертті.

фото А.Нұршанов

Сол күннің екінші жартысында Алик Жатқамбайұлы Талдықорғандағы Көрме кешеніне барып, аймақтағы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы», « Рухани жаңғыру», «Цифрлы Қазақстан» бағдарламаларының жүзеге асырылу жолдарымен танысты. Сонымен бірге жергілікті кәсіпкерлермен және өңірдегі шетелдік компаниялардың өкілдерімен жүздесті. Кездесу барысында ведомства төрағасы: «Біз бүгінде жергілікті бизнес қауымдастықпен шетелдік инвесторларды да қорғауға мүдделіміз. Өйткені олардың ықпалымен өндіріске жаңа технологиялар енгізіліп, көптеген жаңа жұмыс орындары ашылып, инфрақұрлым дамуда. Сондықтан, біз оларды барынша қорғаймыз. Ал, шетелдік кәсіпорындар өз  бизнестерін таза жүргізуге міндетті екенін түсінуі тиіс» — деді.

 

фото А.Нұршанов

Кездесу кезінде облыстық департамент басшысы Серікбай Өрікбайұлы  «Империя Фуд», «Farm Frites Eurasia» ЖШС сынды шетелдік ірі 6 компанияның өкілдерімен Алматы облысындағы шетел инвесторларының жобаларын жемқорлыққа қарсы қолдау келісіміне қол қойды. Осыдан кейін Агенттік басшысының назарына аймақтағы «Адал ұрпақ» ерікті мектебі мен «Саналы ұрпақ» клубының сахналық қойылымы ұсынылып, Астана даңғылымен «Парасыз болашаққа! Бірге» бағдарламасын жүзеге асыруға арналған арнайы автокөліктер шеруі жүріп өтті.  Ізінше Салтанат сарайы, Жастарға қызмет көрсету орталығына ат басын бұрған мәртебелі мейман ондағы «Цифрлық болашақ» тақырыбында балалар көркемөнер мектебінің оқушылары салған сурет көрмесін тамашалап, «Жастар жолы» пікірсайыс клубының отырысына қатысты. Басқосуда жастар арасында жемқорлыққа нөлдік төзімділік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайту мәселелері талқыланды. Жалпы, сапар қорытындысында Алик Шпекбаев Алматы облысында атқарылып жатқан әр бір іске жоғары баға берді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK