Ширек ғасыр шеңберіндегі «Жетісу»

220

Халық ықыласына бөленіп, жақсылыққа жалау болып, артыңа ізгілік ізін қалдыра алсаң адамдық мұратқа жеткенің. Ақпарат тасқынының ауқымы артқан сайын талғампаз аудитория тарапынан қойылар талап та күшейді. Көрермен алдындағы жауапты мүддені қалыптастырып, күрмеуі қиын мәселенің түйінін тарқатуда жанкешті еңбек етіп келе жатқан өңірлік төл арнаның рөлі hәм абыройы зор. Жанкештілік дегеннен шығады-ау, қолына қару ұстап жауға қарсы шаппады дерсіз. Алайда, қалам мен қағазды жанына серік еткен шығармашылық иелері талай маңызды шараларда, өміріне қауіп төнген қатерлі кезеңдерде де алдыңғы шептен табыла білді.  Осы орайда белгілі ұстаз-әріптесіміздің мына бір пікірі еріксіз ойға оралады: «Қыз-қыз қайнап жатқан тілшілік тіршілікте жүру үшін Алпамыстың күшіндей күш, Қобыландының жүрегіндей жүрек, Қажымұқанның білегіндей білек керек».

«Жетісу» телеарнасының алғашқы іргетасы Алматы қаласында сол кездегі облыс әкімі З.Нұрқаділовтың 1999 жылғы 28 сәуірдегі №4-127 шешімімен  қаланды. Әуелгіде ұжымда тек 5-6 қызметкер еңбек етіп, хабар таратты. Жеке арнасы болмай, телеөнімдер «Қазақстан» ұлттық арнасының эфирі арқылы аптасына бір рет, бір сағаттан көрсетілген. Телеарна 2001 жылы Талдықорғанға көшіп, өсіп-өркендей бастады. 2015 жылы жаңа ғимаратқа орналасып,  материалдық-техникалық базасы жабдықталды. Техникалық мүмкіндігі республикалық арналармен тең. Заманауи үлгідегі 600 шаршы метрлік үлкен студия, 80 шаршылық виртуалды студия, жаңалықтар, дубляж  студиясы бар.  Бүгінде тәулігіне 17 сағат хабар таратады. Хабар  тарату  аумағы  «ОTAU  TV» спутниктік желісі арқылы еліміздің барлық аймағы, сонымен қатар алыс-жақын шет мемлекет   Ресей, Түркия, Иран, Пәкістан, Моңғолия, Қытайдың батыс бөлігі, Өзбекстан және Қырғызстан мемлекеттері көре алады. Ал мұрағатында шығармашылық ұжыммен жасалған жүздеген бағдарламалары бар. Қазіргі таңда эфирде танымдық, ақпараттық, ойын-сауықтық, әр салаға арналған түрлі форматтағы  40-қа жуық бағдарлама, сондай-ақ қазақ және орыс тілдерінде ақпарат айналымында бірінші кезекте тұрған журналистік туынды жаңалық 3 уақыт  таратылады. Жетісу облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын, жеткен жетістіктері мен жеңістерін жұртшылыққа үнемі бірінші болып жеткізеді. Өңірдің осы жылдардағы жүріп өткен жолы, даму тарихы, елдегі түрлі өзгерістер, реформалар, саяси жағдай, ел ахуалы, халық үшін жасалған түрлі бағдарламалар  барлығы да  телеарна таспасында.

     Ағымдағы жылы наурызда  телеарна атауы «Жетісу» телерадиокомпаниясы болып өзгерді. Телеарна, радио өз бағытымен жұмысын жалғастырса, сондай-ақ, кино өндірісін дамытуға да заңды түрде құқылы болды. Яғни, экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішіне ие. Осылайша ендігі уақытта  арнаның төл телеөнімдері жарыққа шығады. Бұл бағыттағы жұмыс басталып та кетті. Жуырда Бейсен Құранбек пен жары Гүлмира Зербай екеуінің сценарийіне негізделіп жазылған «Ұстаз» фильмінің түсірілімі басталды.  Жалпы биыл екі фильм түсіру жоспарлануда. Радио демекші, облыс аумағын толықтай қамту үшін  радиоқабылдағыш жабдықтарын сатып алуға, орнатуға, материалдық-техникалық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен 40 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Қызметкерлердің әлеуметтік мәселесіне баса назар аударылып отыр. Себебі, жұмыс нәтижелі болуы үшін маманның жәй-күйі аса маңызды. Облыс басшысы Бейбіт Исабаев  әрдайым қолдау көрсетуге, телеарна жұмысын жандандыруға қатысты игі бастамаларға аянып қалмайтындығын баса айтқан болатын.  Бейбіт Өксікбайұлының тікелей қолдауымен іссапарға төленетін қаржы көлемі екі есеге артты. Еңбек демалысына шыққанда соңғы он жылдықта болмаған бір жалақы көлеміндегі сауықтыру төлемі төленеді. Жұмыс істеуге ниетті жастар тәжірибеден өту барысында бірнеше ай  штат босауын күтіп, ақысыз еңбек ететін. Осы мәселеге қатысты өткен жылы халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесер «Мансап» орталығымен бірлескен жұмыс басталды. Нәтижесінде 10-дан астам адам Жастар практикасы бағдарламасымен қызмет ете бастады. Осы аралықта  өз мүмкіндіктерін толық көрсете алған жандар тұрақты жұмыспен де қамтылды. Телеарнада соңғы жылдары жаңашыл идеялар іске асуда. Оның бірі бартерлік жүйеге басымдық берілуде. Шипажай, емхана қызметі, бассейн, мерекелік кештерге, қызметкерлердің балаларын ойын-сауықтық орталықтарға жіберу сынды қосымша қолдау жұмыстары  қарқынды түрде жүргізілуде. Мұндағы кез келген жаңа бастама ең әуелі қызметкерлер игілігіне негізделген. Саланы терең меңгеріп, тәжірибе жинақтау мен бөлісу мақсатында Түркістан қаласындағы жергілікті арнамен өзара  келісім орнатылып, екі жақтың телемамандары біліктіліктерін арттыруда.

    «Жетісу» телеарнасы 25 жыл уақыт аралығында отандық телеиндустрия нарығында  өзіндік бағытын айқындаған, қолтаңбасы қалыптасқан арнаға айналды. Ақпараттық технология қарыштап дамыған заманда  хабар тарату аумағы кеңейіп, тың бастамалардың жаршысы болып көрермен қошеметіне бөленді. Мерейлі мереке аясында қайырымдылық концерті, ардагерлерді еске алу фильмдері, сюжеттер сериясы мен БАҚ өкілдері арасында Тұрсынбек Айтбек пен Рубикжан Яхинді еске алуға арналған воллейбол жарысы, Наталья Борсенко атындағы үстел теннисінен турнир  өтеді. Сонымен қатар Қоғамдық даму басқармасының мұрындық болуымен жылдағы дәстүрге сай Бейсен Құранбекке арналған халықаралық шағын футбол бәсекесі ұйымдастырылмақ. Айта кетейік, аталмыш шаралардың барлығы той тойлауға емес, ой ойлауға бағытталған жиындар. Спорттық жарыстар денсаулықты нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталса, қайырымдылық кештен түскен қаражат мұқтаж жанға табысталады.

Гүлжанат Атабаева, мұрағат  редакторы: «Жетісу» телеарнасында 10 жылдан аса қызмет етіп келемін. Ең алғаш рет Бейсен ағамыздың ізін басып жұмысқа орналасып, біраз жылдар бойы барша жұртқа белгілі тұлғаның администратор-менеджері қызметін атқардым. Кейіннен   мұрағат редакторы қызметіне ауысып, күні бүгінге дейін жалғастырып келемін. Жұмысымның мақсаты  — эфирден күнделікті өтетін бағдарламаны реттеп, әртүрлі фильмдерді көшіріп, өңдеп отыру. Сондай-ақ, жаңалықтар мен бағдарламаларды мұрағат қорына жинақтап, сақтау. Арнамыздың қызметкерлеріне, жалпы, көрерменге қажеттілік болған жағдайда  мұрағат қорындағы материалдарды ұсынамын. Осы арнаның бір бөлшегі болғаныма қуаныштымын. Әрдайым биік шыңдардан көрініп, өміршең болсын.

Меруерт Қайнышева, «Қонаев қосыны» жаңалықтарының шығарушы-редакторы : «Жетісу» телеарнасы жас мамандарды шыңдаушы мектеп. 2019 жылдың тамызында 21 жасымда жаңалықтар жауынгері болып  қатарға қосылдым. Журналистиканың мән маңызын тереңінен түсіндірер білікті мамандардың ортасына түстім. Гүлжанат Ахметқызы мен Жазира Бектемісқызы көз сүрінер мыңдаған ақпарат арасынан өзектісін дөп тауып, сүзгіден өткізіп, халыққа тек тұщымдысын жеткізуге машықтады. Өзіндік қиындығы да жоқ емес. Дегенмен бала күнгі арманмен осы салаға келгендіктен болар бір сәтке де өкінген емеспін. Бүгінде  мамандығыма «аманатым» деп қараймын.  Ширек ғасырлық тарихы бар арна маған мол мүмкіндік сыйлады. Жаңалықтарда тілші болып жүргеніме 2 жылға жуықтағанда серпіліс керек, өзгеріс қажет, енді бағдарламада бағыңды сына — деп, басшылық мені бағдарламалар бөліміне ауыстыру туралы шешім қабылдады.  Алғашында абдырап қалдым. «БЕЗБЕН» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасы мені шыңдады. Аз уақыт аралығында зерттеу жүргізіп, сараптау материалын  жазуға бейімделдім. Сол сәтте алты редактор даярлауы тиіс хабарды, 3 журналист жүріп дайындадық. Әлемдегі және елдегі  экономикалық жағдайды, саяси ахуалды, мемлекеттік қызметтегі жайттарды безбен табағында сараладық.

    2022 жылы облыс екіге бөлінгенде «Жетісу» телеарнасының қосыны Алматы облысынан ашылды. Ұсыныс түсіп, бір күн ішінде қоныс аудардық. Тәжірибе алу мақсатында  жарты жылға жуық уақыт бас қалада телеарнаның меншікті тілшісі қызметін атқардым. Кейін «Қонаев қосыны» жаңалықтар бөлімінде жұмысымды жалғастырдым. Ағымдағы жылдың басында телеарна басшылығы жаңалықтар бөліміне шығарушы-редактор болуды тапсырды. 5 жылға жуық қана тәжірибем болса да, сенім артты. Әрине, бұл үлкен жауапкершілік. Сондықтан ұжымның сеніміне селкеу түсірмеуге тырысып жүрмін. Жалпы телеарнада шыққан әр материал ұжымдық жұмыстың жемісі. Көлік жүргізушісінен бастап, оператор, бейнеинженер, режиссер мен журналистің бірлескен еңбегі. 25 жылдық тарихы бар арнада қызмет етіп жүргеніме 5 жылға жуықтапты. Телекеңістіктегі өзіндік орны бар арнаның бір бөлшегі болғаныма бақыттымын. Мен үшін «Жетісу» қасиетті шаңырақ. Ал, ұжымымның орны тым бөлек. Жас мамандарды шыңдаушы мектеп, мерейтойың құтты болсын!

Ерлан Азамбай, оператор: Жеті санын кие тұтатын елміз ғой. Менің тағдырыма айналған  «Жетісу» телеарнасында қызмет еткеніме 7 жыл болыпты. Осынау уақыт ішінде айдынды арнадан көп дүниені үйрендім. Адамгершілік пен ізгілік, сыйластық, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сынды адами қасиеттерден бастап, кәсіби біліктілікке дейін осында жетілдірдім. Көбінесе телеарна дегенде қарапайым адамдардың көз алдына тележүргізушілер, журналистер ғана елестейді. Алайда телеарна алып кеме секілді. Кемені жүргізу бір адамның ғана қолынан келмейді. Оның ескегін есетін, желкенін көтеретін, рөлін басқаратын, бағытын мөлшерлеп жол нұсқайтын қызметкерлері болатынындай, телеарнада операторлардың жұмысы өте салмақты. Егер камераға дұрыс түсірмесек, қажетті дүниені таспаға баса алмасақ онда білікті журналистің өзі жақсы өнім бере алмайды. Жарқырап тұрған бағдарлама, хабарлардың бәріне тікелей операторлар жауапты. Ең бірінші таспагерлік жұмысымды «Таңжарық» бағдарламасында бастадым. Сан алуан қызықты метериал жасадық. Көбінесе өзіміз қатарлы жастар жүргізетін бұл бағдарламаның берері мол болды. Тәжірибе жинақтадым. Мен үшін оператор болудың қуанышы ерекше. Телеарнаның айнасындай болған бұл салада бүгінде 16 оператор жұмыс істейміз. Бір-бірімізбен аға-бауырдай сыйласамыз. Қиындық пен қуанышта біргеміз. Осы орайда 25 жылдық тарихты еңсерген телеарнадағы әріптестерімді торқалы тоймен құттықтағым келеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз