Талдықорғандық колледждің оқытушысы Қытайда өткен «Worldskills China-2024» чемпионатына сарапшы ретінде қатысты.
Жас ІТ маманы Бақтияр Сәтқұлов Талдықорған жоғары политехникалық колледжінде 6 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде алған білімі мен ізденімпаздығының арқасында ол оқытушыдан колледж директорының цифрландыру және инновациялар мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарына дейінгі жолдан сатылай өтті. Сонымен қатар колледж базасында құрылған «Worldskills» оқу-жаттығу лагерінің жұмысымен айналысады. Ол колледждер арасындағы «Worldskills» жарыстарына бірінші рет қатысып отырған жоқ.
— «Worldskills» чемпионаттары 2 жылда бір рет түрлі елдерде өтеді. Сондай-ақ жекелеген елдер оларды қосымша өз бетінше ұйымдастырады. Бұған дейін 2022 жылы мен Оңтүстік Кореядағы «Worldskills 2022 Special Edition» халықаралық чемпионатына қатыстым. Ол кезде студентім екеуміз «Мобильді қосымшаларды әзірлеу» бағыты бойынша қатысып, 5-ші орынға ие болдық. Бұл жолы мені сарапшылар алқасының құрамына шақырды. Сол сияқты «Мобильді қосымшаларды әзірлеу» құзыреттілігі бойынша тапсырма әзірлеуші болдым. Чемпионатқа 15 елдің өкілдері қатысты, ал мен тәуелсіз сарапшы ретінде қатысушылардың жұмысын тексеріп, бағалауға қатыстым», — дейді сапары туралы айтып берген Бақтияр Бағланұлы.
Іс-шара аясында ғылыми конференциялар мен семинарлар ұйымдастырылды, солардың бірінде жас маман «Мобильді қосымшаларды әзірлеудегі тестілеудің рөлі» тақырыбында баяндама жасады. «Бұл өте өзекті тақырып. Өйткені қазір колледждерде осы жаңа құзыреттілік пен жаңа мамандықты қалыптастыру мен дамыту мәселесі кеңінен талқыланып жатыр. Ббұл жаңа мамандық мобильді қосымшаларды тестіден өткізуші деп аталады», — дейді Б. Сатқұлов. Сондай-ақ ол мұндай халықаралық жарыстарға қатысу маңызды әрі пайдалы екенін атап өтті. Жас маманның еліміздегі «Worldskills» бас сарапшысы екенін ескерсек, оның халықаралық іс-шараларға қатысып, тәжірибе жинақтауы жергілікті жерлерде осы бағыттағы жұмысты жақсартуға септесетіні анық.
Еске салсақ, «Worldskills» чемпионаттары бүкіл әлем бойынша кәсіби даярлық пен біліктіліктің мәртебесі мен стандарттарын арттыруға, сондай-ақ әлемдік жарыстар өткізу арқылы жұмысшы мамандықтарын дәріптеуге бағытталған.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі