Мейрамхана, дүкен, сауда орындарындағы тілдің қолданысы қандай? Кез келгеніміз жылына бір рет болса да тамақтану орындарына бас сұғатындығымз сөзсіз. Сол кезде байқағанымыз, қарапайым ғана мысал — ас мәзірі қазақ тілінде жазылған ба соған назар адарамыз. Бүгінде келушілеріне дәмді асты ұсынатын дәмханалар көбейген. Десек те, өз елімізде кәсіп ашатын азаматтардың кейбірі нысанның атауын қазақша қоюға арланатындығы жасырын емес.
Осы қазақша атау беруге намыстанып жүрген қазақстандықтарға Лондондағы «Дастарқан» мейрамханасын үлгі етуге болады. Ұлыбритания астанасында тұңғыш рет қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеп ұсынатын мейрамхана ашылды. Оның иесі Стелла Берекетованың айтуынша, батыс елдерінде Қазақстан кең таныла бастағандықтан ұлттық тағамдарына деген сұраныс күннен күнге артып келеді екен. Ұлттық болмысымызды әлемге танытып жүрген қазақ қызы: «Қазақстанның әлемдегі беделі күн санап өсуде. Еуропалықтардың көбісі Қазақстан елін жақсы танып келеді. Енді ұлттық құндылықтарымызды кеңінен насихаттауымыз керек сияқты», — деп өз ұсынысын білдірді.
Қызмет көрсету саласындағы мемлекеттік тілдің қолданысы Жетісу облысында қандай екендігін білу мақсатында «Жетісу облыстық қоғамдық даму басқармасы» ММ ұйымдастыруымен «Үздік ас мәзірі- мемлекеттік тілде» атты байқау өткізілді. Облысымыз аудандары мен қалаларынан өзіндік сән-салтанаты үйлесім тапқан мейрамханалар мен дәмханалар тілдік сайысқа қатысты. Жалпы алғанда, 15 мейрамхана үміткер ретінде қатысып, соның 10-ы топ жарды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл облыстық байқау мемлекеттік тілдің қолдануын көпшілік ортада насихаттау, мемлекеттік тілде қызмет көрсетіп жүрген дәмхана иелерін ынталандыру мақсатын көздеген шара. Кәсіпкерлер аудан көлемінде өзара сынға түсіп, топ жарып шыққандары облыстық сынға жолдама алыпты. Өз жұмыстары жөнінде бейнебаян мен портфолие табыстаған әрбір үміткердің жұмыстары жіті сараланыпты.
Облыс орталығы Талдықорған қаласынан «Ер Төстік» дәмханасы қатысты. Аталмыш дәмхана осыдан бір жыл бұрын ғана ашылып, іші қазақи нақышпен көмкеріліп қойылған. Шаңырақтың астында батырларды бейнелеп қойыпты. Іші келушілерді ерекше бір қазақи ауылға келгендей күйге бөлейді. «Қазақтың қонақ күту мәдениеті ерекше. Қандай мерекелік, мерейтойлық дастарханға қазақтың еті, дәмді сірне, көне тарихтан қолданып келе жатқан ет тағамдары, Наурыз көже, бауырсақ, тағы да басқа ұлттық тағамдарды дайындап береміз. Сондықтан да, ас мәзіріне қосып қойдық. Келушілер ас мәзірімізден өздеріне ұнаған асқа тапсырыс беріп жатады. Мақсатымыз- ұлттық асымызды насихаттау әрі жаңғырту,»- дейді Жұлдыз Бекасылқызы мен Бауыржан Әскержанұлы.
Бұл жерде , ас мәзірін сұрасаң, даяшылар қазақи киіммен жаныңа келеді. Қазақи нақыштағы киімдері де сондай жарасымды. Қоғамдық тамақтану орындарының барлығында осындай қазақи мәдениет қалыптасса қандай керемет болар еді.
Мемлекеттік тілдің заңдылығын сақтаған, өздерінің ас мәзірін қазақша сөйлетіп отырған қоғамдық тамақтандыру орындарының қатысуымен өткен байқау өте тартысты болды. Айтар болсақ, кәсіпкерліктің көзі болған мейрамханалар мен қонақүйлердің саны мен сапасы қарқынды дамып келеді. Тілдік қатынас пен тілдік ортаны қалыптастыратын мәдени орындардың бірі мейрамханалар мен демалыс орындары болғандықтан, олардың тілдік қызмет көрсету сапасын бақылау аса маңызды болды. Байқау барысында көпшілік мейрамханалардың қазақ тілінде қызмет ететіндігі байқалып тұрды. Даяшыдан бастап әкімшілігіне дейін алдымен қазақ тілінде сәлемдесіп қарсы алады. Оған басты себеп, сол мейрамхана иесінің қазақ тілді болмысы мен қызметкерлерге қоятын талап-ниетінде болып отыр.
Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Бауыржан Абибеков жеңімпаздарды құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Әрине, байқаудың аты- байқау. Әділқазылар әр жұмысты саралап, өз бағасын берді. Ұлттық нақышта, мемлекеттік тілде қызмет түрлерін көрсетіп отырғандар жүлде төрінен көрінді. Панфилов ауданы бас жүлдеге лайық деп табылды. Талдықорған қаласы — бірінші, Алакөл мен Сарқан аудандарының кәсіпкерлері екінші және үшінші орынды иеленді. Диплом мен арнайы сыйлықтар табысталды.
Данагүл Мәкен