Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ гранты аясында «Жас ұрпақ» жастар қоғамдық бірлестігі Көксу ауданында «Bastama 2.0» жобасын бастайды. Бұл жөнінде Еңбекші ауылдық округінің әкімі Мұрат Қобдалиев, «Жас ұрпақ» ЖҚБ төрайымы Бақыт Қалиева және «Жас ұрпақ» ЖҚБ үйлестірушісі Дархан Асқанбаев толығырақ айтып өтті.
Жобаның мақсаты – жергілікті жерлердегі тұрғындардың үкіметтік емес ұйым жұмысына қатысу белсенділіктерін арттыру, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға арналған үздік кейстерді анықтау, жобаға қатысушылардың маңызды дағдыларын қалыптастыру. Аталмыш жоба өткен жылы өңірдің барлық аудандарында жүзеге асырылып, 8 үздік ауылдың тұрғындары анықталған болатын. Биыл нысаналы топ ретінде Көксу ауданына қарасты Еңбекші ауылдық округы таңдалып отыр. Шара барысында ауыл тұрғындарымен кездесу және семинар-тренингтер ұйымдастырылатын болады. Онда жергілікті тұрғындар арасында азаматтық белсенділікті арттыруға, сондай-ақ, жеке кәсіпкерлік, ҮЕҰ, бизнес идеяларды құру, әлеуметтік кәсіпкерлікті ашу жолдары, мемлекеттік субсидияларға, гранттарға, жобаларға қатысуға ұсыныс, кеңестер беру, тікелей бағыттарын құрастыру бойынша жұмыстар атқарылады. Бастама аясында «Таза көше» байқауы, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жолдары, өмірлік маңызы бар дағдыларды қалыптастыру бағыттары бойынша бірқатар игілікті шаралар өткізу жоспарлануда. Спикерлер жергілікті қоғамдастықтың белсенді қатысуымен кемінде 2 нақты проблеманы анықтау және шешу, жергілікті қоғамдастықтың түрлі мәселелерін шешу бойынша кемінде 2 тұрақты бастамашыл топ құру, азаматтардың жергілікті қоғамдастық проблемаларын шешуге қатысуының оң кейстерін әзірлеу сынды нәтижелер күтілетінін тілге тиек етті.