«Наурыз керуені»

143

Талдықорған қаласында Ынтымақ күніне орай «Наурыз керуені» мерекелік шарасы өтіп, оған 500-ден астам талдықорғандық қатысты. Осы күні атан түйеге мінген Абыз бастаған Наурыз-керуен көші шеру жасап, көшелерді ұзына бойлап жүріп өтті.

Мерекелік шараны ұйымдастырушы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мәліметіне қарағанда, Наурыз керуенінің құрамында түйеге және ат арбаға мінгендер, салт аттылар, велоспортшылар, құсбегілер, итбегілер және түрлі мекеме қызметкерлері, жалпы саны 500-ден астам адам болды. «Жастар» саябағынан «Самұрық» этно ансамблінің әсем күйімен жолға шыққан көш орталық алаңға бет түзеді.

— Наурыз керуені халқымыздың ерте заманнан қалыптасқан ұлттық киім үлгілерінің, көлік түрлерінің, атқа міну мәдениетінің, саятшылық, итбегілік сияқты өнер түрлерінің болғанын паш етіп, соның бәрін бір тұтастықта көрсетсек деген ниеттен туындады. Оған заманауи үйлесімде велосипедші легі де қосылады. Бұл керуен жолы барша халыққа ортақ ынтымақ жолының да символы іспеттес. Керуен «Жастар» саябағының  Жалаири даңғылы жағындағы алаңымен жүріп отырып, орталық алаңға дейін жүріп өтті. Сонымен қатар көшті ән-күйімен қолпаштап-қолдап жүретін өнерпаздарымыз да болды, — дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қ. Сүлейменов.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз