Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев Еркін ауылдық округі тұрғындарымен кездесу өткізді. Е.Берліқожаұлы атындағы орта мектептің акт залында өткен кездесуге қала әкімі және жергілікті әкім Қанат Рыспеков және ауыл тұрғындары қатысты.
Кездесу барысында биылғы жылы «Көктал» тұрғын үй алабында және «Еркін» ауылында атқарылатын жұмыстардың ауқымдығын айтып, округ бойынша 34 көшенің жөндеу жұмыстары өтетіндігін, 1200 балаға арналған жайлы мектеп салынатындығы, Мәдениет үйі құрылысының мәселесі бойынша қолға алынған жұмыстар баяндалды.
Өткен жылы көгілдір газға, кәріз жүйелері, көлік тапшылығы бойынша жалпы тұрғындардың ұсыныс-өтініші болған еді. Автобусты көбейту мәселесіне келсек, бұл дотацияға байланысты. Жолаушылар тасымалдау саны артып отыр. Осыған байланысты жолаушылар тасымалдау мекемелерімен үш жыл сайын келісімшарт жаңартылып жасалады. Қала бойынша жолаушылар тасымалдаушы мекемелер тағы да 10 көлік қосылатындығын тілге тиек етті.
Жалпы алғанда, округтің 85,5 % түнгі жарық шамымен қамтамасыз етілген. Үстіміздегі жылы тағы да 10 көшеге жарық шамдарын орнату бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, қазіргі таңда сараптамаға жолданған.
Оның ішінде, Еркін ауылында — 2 көше бар, олар , Ащыбұлақ, Б.Момышұлы көшелері. «Көктал» тұрғын үй алабында 3-еу , бұл Жансүгіров, Шевченко, Жусанды көшелері. 3-бөлімшеде 5 көше , оның ішінде, Шұғыла, Көкбастау, Майтөбе, Жазық және Раушангүл көшелері кіреді.
Сарыбұлақ, Алмалы, Ащыбұлақ қоғамдық саяжайларының да басты көшелеріне жарықтандыру желілерін орнату бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалуда.
—Ауылда оқушылар саны артып отыр, мектеп құрылысы қашан басталады?
-Жетісу облысы құрылыс басқармасының ақпаратына сәйкес, «Самрұқ Қазына Констракшен» АҚ Талдықорған қаласында (оның ішінде Көктал тұрғын алабы) 4 жаңа мектеп құрылысын 2024 жылға жоспарлауда. Объект жылжымалы, аяқталу мерзімі – 2025 жыл. Жалпы алғанда, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде 2023-2025 жылдар аралығында 4800 орынға лайықталған 4 мектеп салу жоспарланып отыр. Мектептер, «Жастар-2» шағын ауданында – 900 орынға, «Шығыс» шағын ауданында 1200 орынға, «Батыс» тұрғын ауданында 1500 орынға және де «Көктал» шағын ауданында 1200 орынға лайықталып бой көтереді деп жоспарланып отыр.
-Ауылымызға мәдениет үйі қажет. Жаңа Қазақстанның жас буынының өнерлі де мәдениетті болуын қалаймыз. Оларға жағдай жасалуы керек.
-Қазіргі уақытта Еркін ауылына мәдениет үйін салу үшін жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге және ғимаратты бұзу үшін мемлекеттік сатып алу веб-порталында ашық конкурс тәсілі арқылы конкурс жариялау жұмыстары жүріп жатыр. Мерзімі: ақпан айы. Бөлінген қаражат соммасы 30000,0 мың теңгені құрайды.
-Балалардың мектепке барып-келуі қиын, көбінесе, бос жүрген иттер қауіп туғызады. Иелері иттерді бос жіберіп қояды. Балаларымыз мектептен келгенше жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Қаңғыған иттер өте көбейіп кетті. Әкімшілік бір әрекет жасаса екен. Иттердің бәрін құрту керек, не болмаса иесі бар иттерді байласа екен?
-Қаламызда иттерді аулау жұмыстары және қаңғып жүрген иттердің иелеріне айыппұл салу жұмыстары күшейтілуде. Бұл іспен ветстанция мекемесі айналысады. Қаңғыбас иттер көбейіп отыр, оны білеміз. Айта кетейік, биылғы жылы қала әкімшілігі бөлген 50 гектар жерге қаңғыбас иттерді ұстау орталығы қажетті кезеңдер мен сараптамалардан өткен соң салынып қолданысқа берілмек.
—Біз ауылдық жерде тұрғандықтан азын-аулақ мал ұстаймыз. Сондықтан малға жайылым қажет. Осы мәселе қалай шешілер екен?
-Жайылым мәселесіне келсек, бәрін де біліп отырмын. «Сарыбұлақ» саяжайында мал ұстайсыздар түсінеміз. Бұл жақта су мәселесі шешіледі. Алайда, ауылды жерде тұрғандықтан тұрғындарға айтарым, жайылымдық жер мәселесін шешу қиын. Арнайы мекеме жерге аэроғарыштық зерттеу жасап жатыр. Бос жатқан жер телімдерінің иелері бар. Кей шаруа қожалықтары жерлерді қалай пайдаланып жатыр сараптама жасалады.
Кездесуде тұрғындар тарапынан жолаушылар көлігі қатынасына, қаңғыбас иттер, арық жүйесі мәселелері турасында сауалдармен қатар ауыл іргесіндегі Алматы-Өскемен тасжолы бойындағы Қоғыл баба, көріпкелдің кесенесіне апарар жолдың жөнделуіне де қатысты өтініштер айтылды. Бұл жердегі, «Көктал» шағын ауданында арық суы өзекті болып қалып отыр. Сондай-ақ, ауыл маңында бау-бақша егетін тұрғындар, өз өнімдерін саудалайтын шағын базар болса деген тілектерін де білдірді.
Қала әкімі Әсет Масабаевтың жұмысына Еркін ауылы тұрғындары мен ардагерлері қанағаттанарлық деп баға берді. Мұндай кездесу алдағы уақытта жалғасын табатын болады.