Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,
Жыр жазсам, жұртым оған елеңдестің.
Өлсе өлер, Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім! – деп ақынның өзі жырлағандай, оның өлеңі өмірден өзі кетсе де өшпей, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Оған дәлел, жыл сайын ақпанда өтетін Мұқағали кештері екені анық. Таяуда «поэзия» атты тұңғиық теңізде еркін жүзген, жауһар жырларын қазақ жастары жанына жақын балаған, мәңгілік жырдың марғасқасы Мұқағали Мақатаевтың әлеміне арналған жыр кешін орталық кітапхана ұжымы ұйымдастырды.
Ақиық ақын, Хантәңірінің мұзбалағы М. Мақатаевтың туған күніне орай Жетісу облысының С. Сейфуллин атындағы орталық кітапханасында қала мектептері оқушыларының қатысуымен «Әдебиет –ұлт жанының айнасы» атты кітап оқуды дамыту жобасы аясында облыстық Мұқағали оқуы өтті.Шараның негізгі мақсаты: мектеп оқушыларының классикалық әдебиеттерді оқуға деген қызығушылықтарын арттыру болып табылады. Сонымен қоса Мұқағали шығармаларындағы эстетикалық талғам мен тұлғалық қасиетті насихаттау, өскелең ұрпақты әдебиетке деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу.
Мектепаралық байқау болғасын өз деңгейлеріне лайық деп таныған оқушыларға баға берген әділқазылар қатарында: Жетісу облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бас маманы Ғафу Еркін Ғафуұлы; «Білім» гуманитарлы-техникалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Риза Қабазова; №12 ОМ қазақ-тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жетембаева Айжан Тоқтасынқызы;№18 ОМ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жадрашова Айгерім болды. Жалпы білім беретін оқу орындарының 15-ке жуық мектеп оқушысы қатысып, өзара бақ сынасты. Екі номинация бойынша өткен байқау нәтижесінде төмендегідей көрсеткіштерге қол жеткізді. «Поэзия» номинациясы – Мұқағали өлеңдерін жатқа оқу байқауы нәтижесінде І дәрежелі дипломмен Батырбек Әлия, ІІ дәрежелі дипломмен Бостан Гүлім және ІІІ дәрежелі дипломды Агламханқызы Бибінұр иеленіп, қалған қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен бірге тәлімгер ұстаздарына да алғыс хаттар тапсырылды. Ал, «Өлең деген тумайды жайшылықта» номинациясы бойынша оқушылардың өз шығармаларымен (арнау) бағаланды. Оқушылар өздерінің өнегелі тұлғаға арналған жүрек жарды өлеңдерін оқыды. Жеңімпаздар деп танылғанда арасында топтан озып, І орынды Қали Ақпейіл, ІІ орынды Қожатай Аружан, ІІІ орынды Жапархан Аяулым қанжығасына байлады.
Мұқағали Мақатаевты ел-жұрты шын құрметтейді, шын қадірлейді. Жырларын жатқа айтады, жер — жерде «Мұқағали оқуларын», еске алу кештерін өткізіп, ақын рухына тағзым етеді. Лайым, қазақтың қабырғасы тойдан арылмасын деп тілек қосайық.
Баян ЖАНАБАЕВА, №7 орта мектеп мұғалімі