Шоколадты құлпынай қазіргі таңда қыз-келіншектер арасында өте танымал тәтті тағамның бірі. Сәйкесінше аталмыш салада бәсекелестік те артуда. Алайда оған алаңдауға еш негіз жоқ. Себебі, бәсекелестік бар жерде жұмыс сапасы да жақсара түспек. Кәсібін махаббатпен жасап, жаңа идеялар ұсынып, табысын да арттырып отырғандардың бірі Ақнұр Байтас. Ол балғын құлпынайдың жоғарғы сұрпы мен бельгиялық шоколадтың қосындысынан жасалған дәмі тіл үйірер дүниені халыққа ұсынып отыр.
Ақнұр Берікқызы әке арманын, қалауын орындап техник-құрылысшы мамандығын меңгерді. Осылайша Талдықорған қаласы жоғары политехникалық колледжінде ұстаздық қызметте. Жанұялық династияны жалғаған ұрпақ. Сонымен қатар кәсіпкерлік жолды да қатар алып жүр.
-Ең әуелі торт жасаудан басталған жол шоколадты құлпынай жасауға жалғасты. Қазіргі таңда трендте болғандықтан бір күні «неге маған жасап көрмеске» деген ой келді. Әлеуметтік желіде хабарландыру орналастырып, тапсырыс та бірден түсті. Кәсібімнің алға басуына инстаграмның да өзіндік көмегі тиді деп айтсам қателеспеспін. Адамдар уақытының басым көпшілігін инстаграм желісінде өткізетіндіктен тұтынушыға осы платформа арқылы тапсырыс берген ыңғайлы. Өз салаң бойынша күнделікті контент жүргізудің арқасында оқырмандар саны да артады. Бір жағынан белсенділік танытып күнделікті жұмысыңмен бөлісу тапсырыс берушіге сенімділік әкеледі деп ойлаймын. Кондитерлік өнімдер жасап жүргендіктен бірден нәтижесі көңіл қуантты. Мектеп кезінде осы салаға жақын болдым. Сіңілім екеуміз қонақ күткенде барлығын өзіміз қолдан дайындайтын едік.
Әр кәсіптің өзінің қызығы мен шыжығы бар. Ал, кейіпкеріміз таңдаған салада асқан талғампаздық пен тиянақтылық керек-ақ. Себебі, шоколадтың еру температурасы, құлпынайды тазалау техникаларына мұқият болмаса ойдағыдай шықпауы да бек мүмкін.
-Күнделікті 10-нан жоғары тапсырыс түседі, дәлме дәл уақытында жылдам жасауға тырысамын. Жұмыс күндері түскі үзіліс уақытында реттестіремін, негізінен кешкі 18:00-ден кейінгі уақыттарға қабылдаймын. Түнгі 02, таңғы 05-те тапсырыс берушілер кездеседі. Жүкті келіншектер көңілін қалдырмай қай уақытта болса да жасап жіберемін. Мендегі басты ерекшелік те осы шығар. Өзімнің жұмыс жасау әдісім арқылы 10-15 минутта дайындап, қажетті жерге жөнелтемін. Callebaut шоколадының ақ және қара түсін пайдаланамын, бұлар халал өнімдер. Ал, ашық өзге түстер ақ шоколадқа бояуыштар қосу арқылы шығарылады. Фудфлористиканың нәтижесінде өткен жылы автосалоннан су жаңа көлік алдым, қызымның туған күніне орай шет елге саяхаттап келдік. Қазіргі кезде осы кәсіпті менен оқып, меңгеруге ниетті жандар қатары артуда, сұраныс жоғары. Өкінішке орай, уақыттың тапшылығына байланысты шеберлік сабақтарын өткізе алмай жүрген едім. Ендігі бір жаңа белес осы болмақ. Яғни, білім алып, жан-жақты дамуға талпынған аруларға өзімде бар «азықпен» бөлісуге даярмын. Өзіне көңілі тоятын, рухани кеңістігі мол қыз-келіншектердің көптігі мені қуантады. Нарықты зерттеп, заманға қарай икемделген абзал. Ең бастысы қателік жасаудан қорықпау! Қорқыныш-күмән, өзіңізге шектеу қою сынды дүниелерден арылу қажет. Әрекетке – берекет. Алдағы уақытта цех ашып, жұмыс көлемін одан әрмен жандандырсам, командамен жұмыс жасасам деген мақсат бар. Менің барлық жетістігімнің бастауы – ата-анамның ақ тілегі. Күн жағымнан көлеңке, жел жағымнан пана болған жанашырларыма қанша алғыс білдірсем де артық болмас. Қиындыққа жасымауға, бақ қонса тасымауға тәрбиелеп, әрдайым қолдауларын көрсетіп келеді.
Әлемді мейірімділік құтқарады. Нәзік болмыс иесі қайырымдылық шараларынан қалыс қалған емес. Алғаш осы жолға келгенде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға жәрдемдескен ол дәстүрді бұзбай келеді. Үрдісті жалғастырып, қасиетті рамазан айында балалар үйінің тәрбиеленушілерін қуантуға ниетті. Сондай-ақ, күні кеше қаламызда өткен «Жетісудың үздік келіні» атты сайыста демеушілік жасап, қатысушыларға 35 дана жинақты сыйға тартты. Бұдан өзге әлеуметтік желілерде жүргізілетін жиындарға да қолғабыс етуде. Мереке күндері тапсырыс екі есе көбейетіндіктен оның жұмысы қарбаласқа толы болады. Сондықтан мейрамды өзгеге қуаныш сыйлаумен өткізеді. Осы ретте құлпынай бағалары да біршама өсіммен жеткізіліп жатқандығын, алайда, өзінің тұрақты тұтынушыларына деген сыйластық пен құрметтің нәтижесінде баға еш өзгеріссіз қалатындығын тілге тиек етті.