1 наурыздан бастап не өзгереді?

190

Жастарға жаңа тұрғын үй бағдарламасы

1 наурызда «Отау» бағдарламасы іске қосылады. Сол күннен бастап 30 сәуірге дейін (қоса алғанда) қазақстандықтар Баспана маркет (otbasybank.kz) порталында бағдарламаға қатысу туралы өтініш жолдай алады.

«Отау» бағдарламасына кімдер қатыса алады?

Отбасы банк салымшылары («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы), оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар қатыса алады;

Үміткердің жинақ шоты ең кемі 18 айлық болуы керек;

Өтінім беру сәтінде депозиттегі жинақ сомасы 1 млн теңгеден кем болмауы тиіс;

Қатысушы жасы 18-ден 63 жасқа дейін (қоса алғанда);

Бағдарламаға қатысушыда және оның отбасы мүшелерінде соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлік болмауы керек;

Алматы және Астана қалаларынан тұрғын үй алатын жағдайда аталмыш қалаларда тұрақты тіркеу болуы қажет.

Жастарға 1 миллион теңгеден беріледі

Елімізде жұмыссыз жастарға арналған «Zhas project» жобасына өтінім қабылдау басталады. Оның аясында 280 жеңімпаздың әрқайсысына 1 млн теңгелік грант беріледі. Байқауға қатысуға 18 бен 34 жас аралығындағы жұмыссыз жастар өтінім бере алады.

Үміткер өтінім беріп жатқан өңірде тұрақты немесе уақытша тіркелуі тиіс. Конкурсқа қатысушы 1 ғана әлеуметтік жобаны ұсына алады. Онысы өз аймағындағы әлеуметтік мәселені шешуге бағытталуы шарт. Сондай-ақ өтінім беруші 2023 жылғы «Zhas project» жобасының шағын грант иегері болмауы керек. Әзірге конкурс шарттарын түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал наурыздың 25-нен сәуірдің 24-не дейін өтінім қабылданады.

Өңірлік кадр резервіне іріктеу басталады

1 наурыздан бастап еліміздің барлық өңірлері мен республикалық маңызы бар қалаларында өңірлік кадр резервтеріне іріктеу басталады. Іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімді жəне 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар ел азаматтары қатыса алады. Өңірлік резервке алынған азаматтар сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасады.

ҚМДБ 1 наурыздан бастап намаз кестесін жаңартады

Кесте үш республикалық қала мен 12 облыста өзгереді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қазақстанның бір уақыт белдеуіне көшуіне байланысты ресми сайтындағы намаз уақыты 1 наурыздан бастап жаңаратынын хабарлады.

29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні сағат 00:00-де Қазақстан бойынша UTC (Дүниежүзілік үйлестірілген уақыт) +5 уақытына ауысқан сәтте намаз уақыттары да автоматты түрде өзгереді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми www.muftyat.kz сайтындағы намаз кестесінен өздеріңізге қажетті ауыл мен қаладағы намаз уақыттары жайлы мәліметтерді алуға болады, – делінген діни басқарманың хабарламасында.

Сондай-ақ, ҚМДБ жұма намазының жаңарған кестесін жариялады.

5 мың теңгелік жаңа банкнот шығады

Наурызда Сақ стиліндегі 5 мың теңгелік жаңа банкнот жаппай айналымға түседі.

Айналымға енгізу процесі еліміздің барлық өңіріне жеткізу, банкоматтар мен терминалдарды бейімдеу үшін уақыт қажет болғандықтан кешіктірілді, – деді ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Жазда он мыңдық вексель шығару жоспарланған. 2025 жылдың соңына дейін барлық номиналды кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.

Ауыр жүк көліктерінің қозғалысына шектеу енгізіледі

Жыл сайын көктем мезгілінде республикалық маңызы бар жолдарды қыстан кейін сақтау және күтіп ұстау үшін бір оське жүктемесі 8 тоннадан асатын автокөлік құралдарының қозғалысын уақытша шектеу енгізіледі. Бірінші наурыздан бастап мұндай ережелер 8 облыстағы трассаларда қолданылатын болады.

Атап айтқанда, Алматы, Атырау, Жамбыл, Ұлытау, Қызылорда, Маңғыстау, Жетісу және Түркістан облыстары «Бесінші жол-климаттық аймаққа» кіреді. Аталған уақытша шектеу шаралары 1 наурыздан 1 сәуірге дейін қолданылады.

Шектеу шаралары жүктерді және жолаушыларды халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-шараларға тартылған, зардап шеккендерге гуманитарлық көмек, азық-түлік, багаж, дәрі-дәрмек тасымалдауды жүзеге асыратын, сондай-ақ жол-құрылыс жұмыстарымен айналысатын автокөлік құралдарына қатысты қолданылмайды.

Осындай шектеулер 23 наурыз бен 1 мамыр аралығында Ақмола, Ақтөбе, Абай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында да енгізілетін болады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз