Ауғанның отты жалыны

497

Биыл Кеңес әскерінің  Ауғанстан жерінде өткен сұрапыл соғыс майданынан шығарыла бастағанына – 34 жыл. Осыған орай Талдықорғанда «Ауғанның отты жалыны» атты арнайы кездесу өтті. Оған Жетісу облысы әуе-десанттық әскери қоғамдық бірлестігінің төрағасы Еркін Ерғожанов, Қайрат Далабаев, Жасталап Ескендіров, Геннадий Тарханов, Сергей Федоляк, Ержан Бақтыбаев сынды соғыс ардагерлері мен  жас сарбаздар және меткеп оқушылары қатысты.

Шара ҚР қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебі Талдықорған филиалының директоры Мекебек Жамауов және қаладағы №13 орта мектептің басшысы Салтанат Сүлейменованың бастамасымен аталған білім шаңырағындағы алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы Серік Болтабаевпен тәрбие жөніндегі орынбасары Андрей Ворквтің жетекшілігінде ұйымдастырылған.

Еске сала кетейік кезінде Ауғанстан жерінде өткен соғысқа қазақ даласынан 22 мыңнан астам азамат аттанса, оның ішіндегі 3701 жауынгер Жетісу жерінің тумасы. Жалпы соғысқа барған азаматтардың  924-і сол майданда қаза тауып, 21 адам із-түзсіз жоғалған.  Бұл жауынгерлердің 3701-і Жетісу жерінен. Олардың 173-і сол жерде қаза тауып, 2-і хабар-ошарсыз кеткен. Біразы ауыр жарақат алып, өмірлік мүгедектік күйге түскен. Жалпы 10 жылға созылған сұрапыл соғыста кейбір ата-аналарымыз баласын, ағасы інісін, інісі ағаларын жоғалтқаны анық.

Кездесуде оқушылар көрермен назарына өздері сахналаған соғыс даласындағы от пен оқтың ортасында болған арпалыс сәттер бейнеленген театрландырылған қойылымдарын ұсынса, кейбір ақын жастар майдангерлерге арнап шығарған өздерінің отты жырларын оқып берді. Осыдан соң басқосу өнерпаз жастардың концерттік бағдарламасымен жалғасты. Шара соңында жеке-жеке сөз алған жетекшілер мен соғыс ардагерлері рухани кездесуден алған өз әсерлерімен бөлісіп, елімізге амандық, жерімізге тыныштық, халқымызға бейбіт өмір тіледі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз