Алматы облысындағы Абыхан Жексембеков атындағы орта мектепте «Педагогикалық өлшемдер» ғылыми-практикалық зертханасы ашылды. Жобаны Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогика университетімен бірлесе жүзеге асырған.
Бастапқыда балабақша болған бұл ғимарат Еңбекшіқазақ ауданында 1994 жылы құрылған алғашқы қазақ мектебі еді. Қазір іргелі білім ошағына айналған мекемеде әр сынып заманауи тәжірибелік құралдармен, интерактивті тақтамен жабдықталған. Аталған ғимаратта өткен «Тұлғаға тағзым – Тәуелсіздік тартуы» республикалық конференциясында мектеп оқушыларының және ұстаздар қауымының жетістіктері сараланып, жоспарлар талқыланды. Мектеп директоры Гүлбақыт Қасымжанова: «Біздің биылғы бір жаңалығымыз Абай атындағы ұлттық педагогика университетімен бірлікте осы «Педагогикалық өлшемдер» зертханасын ашып отырмыз. Ол жерден күтеріміз өте мол. Өйткені мұғалімдерімізге педагогикалық қолдау, ғылыми практикалық жұмыстарға жетекшілік етеді. Сондай-ақ, осы университеттің педагогтері, профессорлары, докторлары осында келіп сабақ өтеді. Арнай түзілген онлайн жоспарларымыз да бар», –дейді.
Абыхан Жексембеков атындағы орта мектеп пен Абай атындағы ҚазҰПУ-і өзара меморандумға қол қойды. Оның негізінде жаңа зертхана филиалы өз жұмысын Абай атындағы университеттің Педагогика және психология кафедрасының жанында ашылған «Педагогикалық Өлшемдер» ғылыми-зерттеу лабораториясымен бірлестікте жүргізеді. «Педагогикалық өлшемдер» зертханасыны мұғалімдерді даярлауда, мектеп пен университет арасындағы инновациялық ынтымақтастықтың жаңаша практикалық алаңына айналуға бар мүмкіндіктер қарастырылған.
Абай атындағы ҚазҰПУ академиялық мәселелер жөніндегі департаменттің директоры Хайролла Жанбековтің айтуынша, бүгінгі таңда біздің елімізде жалпы 800 жайлы мектеп салынуда. Ал, биылға 400 жайлы мектеп салынбақшы. Осы жайлы мектептерге мұғалімдер дайындап, сапалы білім беру мақсатында 10-11 сыныптан бастап мұғалімдік мамандыққа ерте кезден баулу үшін педагогикалық сыныптарды ашу жоспарда.
Мамандардың сөзінше, жаңа ғылыми-практикалық зертханасының филиалы ұстаздардың біліктілігін арттырып, оқушыларға жаңа бағытта білім беруге тың жол ашады. Осылайша мұғалімдер білім алушылардың арасында ерте бастан талапты педагогтерді дайындап шығаруға ниетті.