Дүниежүзілік сайлау күніне орай Талдықорған қалалық аумақтық сайлау комиссиясы мүшелерімен кездесу өтті. Жиынға Талдықорған қалалық аумақтық сайлау комиссия мүшелері, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары, сонымен қатар, бейнеконференция байланыс жүйесі арқылы ҚР Сенатының депутаттары Ғалиасқар Сарыбаев пен Амангелді Толамисов қатысты.
Талдықорған қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділет Рымтаев «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ел игілігі үшін елімізде саяси реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Осы реформалардың бастауы, әрине, түрлі деңгейдегі сайлаулар мен республикалық референдумдар арқылы жүргізілуде. Осы орайда еліміз үшін маңызы зор саяси науқандардың басында жүретін өздеріңізбен арнайы кездесіп отырмыз»-деп тәуелсіз еліміздің мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына орай қалалық оқу орындары жастары арасында арнайы жоспар жасалып, бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылғанын атап өтті. Мәселен, Жастарға қызмет көрсету орталығында жетісулық жастармен кездесу, Талдықорған жоғары политехникалық колледжінде «Сайлау құқығы» атты пікір-сайыс турнирі, Талдықорған агротехникалық колледжінде «Жарқын болашақ үшін таңдау жасаймын!», «Сайлауға қатысу — әркімнің азаматтық борышы», «Сайлау менің көзіммен» үздік эссе байқаулары өткізіліп, жеңімпаздар марапатталған. Модератордың баяндамасынан кейін Ғалиасқар Төлендіұлы, Амангелді Ғабдылкәрімұлы, Гүлниса Тұлымшақова, Самғат Садырбайұлы елімізде және өңірде сайлау құқығын қамтамасыз ету мен сайлау процестерін жетілдіру аясында атқарылып жатқан шараларға кеңінен тоқталды.
Ғалиасқар Сарыбаев, Жетісу облысынан сайланған ҚР Сенатының депутаты: Кәсіби мереке 2005 жылы Еуропа елдерінің сайлауын ұйымдастырушылар қауымдастығының (ЕЕСҰҚ) бастамасымен басталды және оны БҰҰ қолдады. Осылайша Дүниежүзілік сайлау күнін құра отырып, ұйымдастырушылар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету және сайлау процестерін жетілдіру мәселесіне адамдардың назарын аударуға тырысты. Біз Қазақстан Республикасы Еуропа елдерінің сайлауалды ұйымдастырушы қауымдастығына мүше ретінде кірдік және аталмыш мерекені бірнеше жылдан бері атап өтудеміз. Бүгінгі кездесудің мақсаты -өздеріңізбен жүздесіп, қордаланып қалған мәселелерді ашық алаңда талқылау, пікір алмасу. Баршаңызға мәлім 1995 жылы ҚР Конституциясы мемлекеттік билікті ұйымдастырудың негізгі қағидаттары ретінде еркін сайлау өткізуді, ал, егемендіктің кепілі, мемлекеттік биліктің жалғыз көзі халық екенін айтқан болатын. Яғни, сайлау жүйесі бүгінгі күнде толығымен енді. Қазақстанда сайлау өткізудің ережелері, рәсімдері және негізгі принциптері Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарында, сондай-ақ, бірқатар басқа да нормативтік құқықтық актілерде белгіленген.
Самғат Долаев, №386 сайлау учаскесінің төрағасы, №8 орта мектептің директоры: Бұл күннің маңыздылығы неде? Бірінші – демократиялық сайлаудың маңыздылығын көрсету, жеткізу. Екінші – барлық сайлаушылардың белсенділігін арттыру. Қазақстан Республикасында сайлау туралы ҚР Конституциялық баптарының заңына сәйкес сайлау бостандығы белгіленген. Республика азаматының сайлау және сайлау құқығын еркін жүзеге асыруға негізделген. Азаматты сайлауға қатысуға немесе қатыспауға, мәжбүрлеуге, сондай-ақ, оның еркін білдіруді шектеуге ешкімнің құқығы жоқ. Мемлекетте әділ әрі ашық сайлау жүйесін құру Президент Тоқаевтың басты реформаларының бірі. Елімізде отандық сайлау жүйесі демократияландыру үрдісімен дамып келеді. Өткенге көз жіберіп, қол жеткен жетістіктер мен жіберілген кемшіліктерге талдау жасап, алға қойған міндеттерге жету үшін аянбай еңбек ету қажет. Сайлауды өткізу тек комиссия мүшелерінің міндеті емес, жалпы халықтың парызы деп білеміз.