Премьер-министр Алматыдағы жер сілкінісіне байланысты тапсырма берді

242

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен үкімет отырысында күн тәртібінен тыс Алматыдағы жер сілкінісі бойынша ахуал қаралды. Үкімет басшысы түрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін барлық ұйымға тапсырма берді,-деп хабарлайды ақпараткөздеріне сілтеме жасап taldykorgan-online.kz

Кеңесте премьер-министр ТЖМ-дан әкімдікке және басқа да мемлекеттік органдарға дейінгі барлық қызмет жер сілкінісіне ден қойғанын атап өтті. «Қаза тапқандар жоқ, ауқымды зиян келмеді. Алайда зардап шеккендер бар. Уақытылы ақпарат алмаған адамдар нақты әрекетсіз дүрбелеңге жол берді. Олар 2, 3 қабатардан секірген кезде зардап шекті. Бұл ескерту жүйелерін уақытылы қосып, халыққа мүмкіндігінше ертерек ақпарат беріп, хабарламалар жіберу қажет екенін көрсетті», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы барлық сейсмикалық қауіпті өңірде жаттығулар жиі өткізілуі керек екенін де айтты. «Халық іс-қимыл алгоритмін білуі керек», — деді ол. Премьер-министр өңірлердің әкімдіктеріне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осындай ТЖ-ны жою жөніндегі іс-қимыл жоспарларын түзетуді тапсырды. «Жақын арада жедел ден қою үшін басқару органдары мен азаматтық қорғау күштері басшылары мен жауапты тұлғаларының басқару бекеттеріндегі кезекшілігі енгізілсін. Бұл қауіпсіздікті қамтамасыз ететін барлық ұйымға қатысты», — деді Әлихан Смайылов. Ол сондай-ақ зардап шеккендерді емдеу үшін барлық шараны қабылдау қажеттігін атап өтті. «ТЖМ қызметтері жағдайды тұрақты бақылауда ұстауы тиіс. Барлық тиісті қызмет арасында, соның ішінде жер сілкіністері ошақтары орналасқан көрші мемлекеттермен нақты өзара іс-қимыл жасау керек», — деп түйіндеді сөзін Премьер-министр.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз