Бүгін түнде жер сілкінісі Астана, Алматы қалалары, ШҚО, Жамбыл, Жетісу және Қарағанды облыстарында сезілді. Бұл жөнінде Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап taldykorgan-online.kz.
Бүгін түнде Алматы тұрғындары қатты жер сілкінісін сезінді. Кейбір аудандардың тұрғындары жер сілкінісінің кемі 5 минутқа созылғанын хабарлады. Сезілгені туралы ақпарат (MSK-64 шкаласы бойынша): Алматы – 5 балл. Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан ақпарат бойынша, Алматыдан бөлек, Астанада, ШҚО, Жамбыл, Жетісу және Қарағанды облыстарында жер сілкінісі тіркелген. «ТЖМ дағдарысты жағдайларды басқару орталығының базасында төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Сырым Шәріпхановтың басшылығымен азаматтық қорғау қызметтерін тарта отырып, жедел тәртіпте төтенше жағдайды жою жөніндегі республикалық жедел штаб құрылып, жұмыс жүргізуде. Бейнеконференцбайланыс режимінде қалыптасқан жағдайды тұрақтандыруға бағытталған тиісті нұсқаулар әзірлене отырып, өңірлерді тыңдау ұйымдастырылды. Осындай штабтар аумақтық деңгейде де құрылды. Бұл штабтарда ТЖМ, аумақтық бөлімшелер мен медицина және апаттар орталығының психологтарын тарта отырып, жедел желі телефондары ұйымдастырылған. Өңірлік жедел штаб басшыларының жүргізіліп жатқан жұмыстар және ықтимал төтенше жағдайға ден қоюға әзірлігі туралы баяндамалары тыңдалды. Барлық азаматтық қорғау қызметтеріне ұйымдастырушылық сипаттағы тапсырмалар берілді», — делінген хабарламада. Жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының қалалары мен облыстарында зардап шеккендер мен қираған ғимараттар туралы мәліметтер түспегені нақтыланды.
ТЖМ сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаев қалада жақын уақытта жойқын жер сілкінісі күтілмейтінін хабарлады. Оның айтуынша, Алматы қаласы мен Алматы облысының тұрғындары сезінген жер сілкіністері афтершок болып табылады. Мұны Орталық Азияның барлық дерлік елі сезінген.