ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Үкімет Аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте азаматтардың өмір сүру сапасы мен бизнестің жағдайын жақсарту жөніндегі цифрлық бастамаларды іске асыру барысы қаралғанын хабарлайды taldykorgan-online.kz өзге желілік басылымдарға сілтеме жасап.
Өткен жылы ҚР Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасына сәйкес азаматтар өмірінде және бизнес жұмысында кездесетін жағдайларды кешенді цифрландыру басталды. Бірқатар бастамалар оң нәтиже беріп үлгерді.
Мысалы, 2023 жылы автокөлікті қайта тіркеу бойынша мәмілелердің шамамен 55%-ы (шамамен 2,3 млн) онлайн форматта жүргізілді. Жүргізуші куәлігін қайта жасау рәсімі цифрландырылды және көліктің техникалық тексерістен өткені туралы деректер Egov-қа шығарылды. Е-salyq Azamat және Е-нотариат мобильді қосымшалары арқылы азаматтар үшін кедендік декларация тапсырып, онлайн-сенімхат рәсімдеу және нотариустардан видео арқылы консультация алу мүмкіндігі туды.
Сонымен қатар 17 жастағы 150 мыңға жуық ер бала үшін әскери есепке алу науқанының форматы жеңілдетілді: енді құжаттарды жинап, әскери комиссариаттарға бару және медициналық комиссиядан өту қажет болмайды. 1,3 млн-ға жуық азамат ХҚКО немесе әскери комиссариаттарға бармай-ақ, мекенжайы бойынша проактивті форматта есепке тұра алады.
Оған қоса техникалық және кәсіптік білім туралы дипломдардың түпнұсқа екенін тексеру үшін QR-кодтар енгізілді, талапкерлер немесе олардың өкілдері білім беру гранты табысталғаны туралы СМС ала алады. Сондай-ақ Enbek.kz порталы арқылы онлайн-режимде еңбек шарттарын жасайтын сервис іске қосылды. Жалпы 2023 жылдың қорытындысы бойынша пилоттық немесе толық режимде 146 цифрлық бастама іске асырылды.
«Мемлекет басшысы алдымызға маңызды стратегиялық міндет қойды – Қазақстанды IT-елге айналдыру. Цифрландыру саласында жетістіктеріміз бар: “электрондық үкіметті” дамыту индексі бойынша әлемдік көшбасшылар қатарындамыз. Алайда бізге мұнымен тоқтап қалмау керек, жасанды интеллект пен инновацияны қолдану және енгізуді қамтамасыз ету қажет», — деді ҚР Үкімет Аппаратының басшысы.