Есімі ел есінде: Қонаевты еске алу шарасы өтті

436

12 қаңтар – аса  көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, КСРО-да ең биік саяси лауазымға ие болған алғашқы қазақ Дінмұхамед Қонаевтың өмірге келген күні. Осыған орай Талдықорғанда орналасқан ескерткіш алаңында ұлтымыздың біртуар перзентін еске алу шарасы өтті.

Шара барысында жиналған қауым халықтың ыстық ықыласына бөленген тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, өмірі, өскен ортасы, еңбек жолы, игілікті істері  жөнінде баяндап, естеліктермен бөлісті. Дінмұхамед Ахметұлы 1955-60, 1962-64, 1964-86 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып, елі үшін тер төкті. Ол ел экономикасы мен ұлттық мәдениетінің өркендеуі жолында білімі мен мол тәжірибесін және ұйымдастырушылық қабілетін аямай жұмсады. Түрлі деңгейдегі партия және кеңес қызметтерін атқара жүріп, ел мүддесі мен болашақ қамын бір сәтке де естен шығармады. «Панам да ел, данам да ел, соған арқа сүйедім, содан үйренемін» деп адалдық пен қарапайымдылықтың үлгісі бола білді.

Облыстық Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев қоғамдық қорының төрағасы Кәдіржан Жексенов: Осынау ұлы бабамыз, ғұлама данамыз туралы айтар сөз, тарқатылар шежіре көп-ақ. Д.Қонаев өз заманының ұлы саясаткері бола білді. Билік басында болған уақытта елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Қазақ өнерін жоғары бағалаған ол өнерде жүрген жандарды жан-жақты қолдап, қазақ мәдениетінің дамуына ықпал етті. Бірқатар өнер ордалары салынып, мәдениет үйлері өз қызметін бастады. Қазақ жерінің барлық аймақтарында дерлік білім және мәдени ошақтар ашылып, тұрғын үйлер тұрғызылып, әлеуметтік нысандар салынды. Өзінің телегей теңіздей білімі мен тәжірибесін, жеке өмірін тұтастай халқына, ұлтына арнады. Мансап пен байлықтың құлы болмай, өзінің  емес, қара ормандай халқының, ұлты мен ұрпағының қамы үшін адал ғұмыр кешіп, баршамызға үлгі болды. Халыққа қалтқысыз қызмет көрсеткен дара тұлға. Күпі киген қазақтың қамын ойлап күн кешті. Оның даңқты есімі ешқашан да ұмытылмақ емес. Жалпы, қазақ халқының Қонаевқа деген ерекше сүйіспеншілігінің сыры Димаш атаның қазаққа сіңірген еңбегінде, адалдығында, тазалығында, кеңдігінде, ұлылығында жатыр.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз