Жетісу облысында мемлекеттік органдар жергілікті жүгері өсірушілердің проблемаларын шешу жолдарын тапты, деп хабарлайды taldykorgan-online.kz Жетісу облысы әкімдікке сілтеме жасап.
Бұған ауыл шаруашылығы басқармасының тиісті компаниялармен алтын собықты сату жөніндегі келіссөздері ықпал етті.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаевтың айтуынша, шаруалардың мәселесі ақыры шешілді.
Дайындаушы компаниялармен жедел түрде жүргізілген келіссөздер алғашқы нәтижелерін берді. Дүйсенбі, яғни биылғы 8 қаңтардан бастап «Іргетас трейд» компаниясы жүгері қабылдауды бастайды. 14% ылғалдылықта бағасы әр тоннасына 55 000 теңге, 14-20% ылғалдылықта 41 500 теңге, — деді Н.Кененбаев.
Бұл ретте қабылдаудың тәуліктік көлемі 500 тонна. Шаруалар өз өнімдерін Көксу ауданы Балпық би ауылында орналасқан «Уыз Май Industry» зауытының дайындық пунктінде тапсыра алады.
Еске салсақ, осы маусымда жүгері өсірушілер өз өнімдерін сақтау мен өткізу мәселесінде қиындықтарға тап болған еді, оған қоса жүгеріні сатып алу құны төмен болды. Соның салдарынан көптеген шаруа қожалықтарында егін жиналмай қалды, диқандар өнімді өткізетін және сақтайтын жер таппады.
Жергілікті шаруалар өткен аптада Талдықорғанда Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановпен болған кездесуде өзекті мәселелерінің егжей-тегжейін баяндап берді. Өз кезегінде ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі бұл мәселелердің барлығы республика деңгейінде қарастырылатынын айтқан.
Министрлік тарапынан ауыл шаруашылығын дамытудың барлық қажетті шаралары қабылдануда. Барлық ұсыныстарды қарастырайық, біз кәсіпкерлерді қолдауға дайынбыз, — деді Азат Сұлтанов.