Қазіргі уақытта аймағымызда 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені және Талдықорған қаласындағы орталық стадионның қайта жаңғырту жұмысының құрылыс-монтаждау жұмыстары, қаламызда волейбол спорт түріне арналған оқу-жаттығу спорттық кешені мен Қаратал ауданы Кальпе және Көпбірлік ауылдарында блокты-модульды спорттық кешендердің, сондай-ақ, жеке инвесторлар есебінен спортшыларға арналған 40 орынды жатақхана мен үстел теннисі орталығының құрылысы қарқынды түрде жүргізілуде. Президент тапсырмасына сәйкес Текелі қаласында шаңғы-биатлон кешені бойынша жобалау сметалық құжаттамасын әзірлеуге шарт жасалды.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі баспасөз конференциясында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының Олимпиадалық спорт түрлері, спорт резерві және мемлекеттік қызметтер бөлімінің басшысы Саят Сарқытов айтып берді. «ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Салауатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту аса маңызды. Әсіресе балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасау қажет. Мұның бәрі халықтың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді» — деп спорттық инфрақұрылымдарды дамытуға көңіл бөлуді талап етті. Спорттық инфрақұрылымды дамыту азаматтардың дене шынықтыру және спортпен шұғылдану қажеттіліктерін қамтамасыз етеді. Осы орайда облыста айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда спорт саласы бойынша жетістіктеріміз ауыз толтырып айтарлықтай. Оның ішінде олимпиадалық спорт түрлері жақсы дамуда. Облыс спортшылары халықаралық және республикалық ареналарда жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізіп, облысымыздың, еліміздің көк байрағын желбіретіп жүрген жастарымыз аз емес. Жетісу облысының әкімі Исабаев Бейбіт Өксікбайұлы облысымыздың спортына ерекше көңіл бөліп, жастарымыздың мықты өнер көрсетулеріне барлық жағдай жасауда»-деп атап өтті.