Қасым-Жомарт Тоқаев , Мемлекет басшысы: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс».
Жас ұрпақтың салауатты денсаулығын қалыптастыру үшін оқушылардың мектеп қабырғасында дұрыс, толыққанды тамақтануы маңызды. Қазіргі күні елімізде бастауыш сынып оқушылары, сондай-ақ, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары мектепте толықтай тегін ыстық тамақпен қамтылған. Мемлекет басшысы 2023-2024 жылғы оқу жылында әлеуметтік мәртебесіне қарамастан 1-4 сыныптың барлық оқушысын толығымен мектепте тамақпен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осыған сәйкес, Оқу-ағарту министрлігінің арнайы қаулысына сәйкес, 1-4 сыныптың барлық оқушысы мектепте тегін тамақтанатын болды және ол жүзеге асуда. Жетісу облысы бойынша 1-4 сыныпта 51950 бала бар, оның ішінде осал топқа жататыны 11392. Ал жалпы айтқанда, Президент тапсырмасына сәйкес , 5-11 сыныптағы әлеуметтік осал топтың 1300-ден аса бала тегін тамақпен қамтылған.
Талдықорған қаласы бойынша айтар болсақ, жалпы білім беретін 26 мектеп оқушылардың сапалы білімі мен тәрбие беру жолында жұмыс жасайды. 34 мыңға жуық оқушы мектеп қабырғасында білім алуда. Білім саласы мамандарының мәліметінше, осы оқу жылы басталғалы мектептерде оқушыларды ыстық тамақпен қамтуға барлық жағдай жасалып, 6 мыңнан аса бала ыстық тамаққа іліккен. Жеке категориялар бойынша айтсақ, көп балалы отбасылар – 3245, атаулы әлеуметтік көмек алушылар -1854, күнкөріс деңгейі төмен отбасылар -3706, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар мен жетім балалар -110, төтенше жағдайға ұшыраған отбасылар және басқа да жағдайы бар отбасылар балалары 300-ден асады. Қаламыздағы Б.Жолбарысұлы атындағы орта мектеп-лицейдің директоры Салтанат Жанабердиевамен балаларды тамақтандыру турасында сөйлескен едік.
Салтанат Бейсенбайқызы:- Үстіміздегі оқу жылын 1318 оқушымен бастадық. Одан бөлек, дайындық сыныбы бар. Оқушыларды тамақтандыру мәселесіне келсек, биыл асханаға жаңадан үстел мен орындық алынды. Мектеп табалдырығын аттағандар 5 сыныпқа топтасты. Одан әрі 2,3,4 –сыныптықтардың әрқайсысы алтаудан. Асханаға әр сынып өздеріне көрсетілген мезгілде барып тамақтанады. Біздің мектепте оқушылар екі ауысыммен оқитындықтан кесте белгіленген. Жалпы ыстық тамақпен 1-4 сыныптың 571 баласы қамтылса, жалпы білім беру қорынан 170 оқушы тегін тамақтануда.
Ал асхана әкімшісі Жанна Аянбекованың айтуынша, оқу жылының басында оқушылардың ыстық тамақпен қамтылуын ұйымдастыру туралы бұйрық шығарылады, мұнда тегін ыстық тамақ алуға құқығы бар оқушылардың тізімдік құрамы бекітілген. Қалалық білім бөлімі бекіткен ереже бар. Соған сәйкес ыстық тамақтың екі аптаға бекітілген ас мәзірі дайындалады. Бұл мектеп асханасында 9 аспаз еңбек етеді. Бәрі өз істеріне зор жауапкершілікпен қарайды. Мәселен, аптаның дүйсенбісінде балаларға кеспелі сорпа, алма (100-150 г), нан, қара нан, шәй. Сейсенбі: тефтели қарақұмықпен, қызылша салаты, нан, сусын, сәрсенбі тауық пен күріш, кисель, нан, бейсенбіге балық котлеті, сәбіз салаты, нан, шәй, ал, жұмада ет қосылған палау, нан, компот. Осылайша, екінші аптаға да балаларға берілетін тағамдардың мәзірі тағам мөлшеріне дейін көрсетіліп қойылыпты. Тағы бір айтарлығы- құнарлы, нәрлі тағам түрлері келесі аптасында қайталанбайтын көрінеді. Аспаздардың айтуына қарағанда, ет, балық, тауық өнімдер боп ауысып отырады.
Құмарова Гүлшат Кеңесбекқызы, ата-аналар комитетінің төрайымы:- Балалардың тамақтануы мектеп әкімшілігі мен мұғалімдердің айрықша бақылауында. Әлеуметтік педагог Мадина Біржанқызын қашан көрсең де асханадан кездестіресіз. Бұл жерде бастауыш сынып балалары ғана емес, жалпы білім беру қоры есебінен тегін тамақтануға құқығы бар әлеуметтік санаты бар отбасылардың балалары тамақтандырылады. Бір реттік ыстық тамақ құны 500 теңгені құрайды. Тамақтану үшін сабақ арасындағы үзілістер арасында ұйымдастырылады. Оқушыларды тамақтандыру белгіленген кестеге сәйкес жүргізіледі. Барлық сынып жетекшілері оқушыларды асханаға алып барады және тамақтану кезіндегі оқушылардың тәртібін қадағалайды.
Айман Ешмұханбетова, ата-ана:- Балалар асханадан осы оқу жылынан бастап тегін тамақтанып келеді. Оны өзім үнемі бақылап жүрмін. Әдетте, бала мектепке асығып, үйден тамақтанбай кететін кездері көп қой. Дәмді ыстық тамақ, алма, компот ішеміз деп баламыз риза боп келеді. Асханада берілетін тағам түрлері өте көп. Әрі ол ақуызды, витаминді, тамақтары құнарлы. Бұл жақсы болды. Бұрындары ата-аналар күнделікті балаларына тамаққа ақша беретін еді ғой. Оны кез келген ата-ананың қалтасы көтере бермейді. Енді,міне, бастауыш сынып оқушылары, осал топ отбасыларының балалары тегін тамақпен қамтылып отыр. Қуаныштымыз.
Айым Сағынтай, 10б сынып оқушысы:-Мектептегі тамақтандыруды ұйымдастырып отырған барлық асхана қызметкерлері мен мектеп басшылығына айтар алғысымыз шексіз. Оқушыларды ыстық тамақпен қамту, әрине, оңай емес. Бұл жерде қаражат бөлінуден бөлек, қажырлы еңбек бар. Дәмді тағам ұсынып, күлімдеп жүретін аспаз Әлия тәтеге көп рақмет. Денсаулықтарыңыз мықты, өмір жастарыңыз ұзақ болсын!
Күмісбек Әли, 9 сынып оқушысы:- Асханадағы тағамдар өте дәмді. Тілі дәм үйіретін асты дайындайтын аспаз тәтелерге рақмет айтамын. Ал бейсенбі күні тәтті тоқашы дәмі қандай! Ас мәзіріндегі тағамның бәрі маған ұнайды. Тәтейлердің еңбегіне табыс тілеймін.