Психология апталығы өтті

355

Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Психология және арнайы педагогиканың даму бағыты: ғылым мен тәжірибедегі трансформация» апталығының қорытынды семинары өтті. Шараның басты мақсаты – жоғары оқу орнында педагогикалық үрдіс субъектілерінің психологиялық денсаулығын сақтау және нығайту үшін жағдай жасау, олардың педагогикалық-психологиялық құзыреттілігін арттыру.

Университетте бір апта ішінде өзара әрекеттесу стратегияларын, коммуникацияны, стресске төзімділікті қалыптастыруды және студенттердің қолайлы психологиялық көңіл-күйін қалыптастыруды қамтамасыз ететін оқу семинарлары мен тренингтер жүргізілді. Семинарды жоғары мектеп деканы, философия докторы (PhD) Ерлан  Хаймулданов ашып, атқарылған іс-шаралардың маңыздылығын атап айтты.   Сондай-ақ, осы орайда жоғары мектептің оқытушы-дәріскері, философия докторы (PhD) Райгүл  Желдібаева «Педагогика және психология білім беру бағдарламасының атласы» тақырыбында арнайы  баяндама жасады.

Университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы мен қонақтар тақырып төңірегінде өз ойларымен бөлісіп, әр мамандықтың болашақтағы перспективаларын айқындады. Жоғары мектептің оқытушы-дәріскері, ф.ғ.к., Айгүл Галиева   облысымыздың қала, аудан және әр аймақтарынан келген мамандарға «Инклюзивті мұғалім кім?» тақырыбында диалог-лекция өткізіп, өз тәжірибесімен бөлісті.

Осыдан соң жеке-жеке сөз алған басқосуға қатысушылар педагогика бағытына үлкен қызығушылық танытып, серіктестік бойынша өз ұсыныстарын білдірді. Педагогика және психология білім беру бағдарламаларының жетекшісі, философия докторы (PhD) Бибигүл Альмухамбетова қорытынды сөзінде семинар қатысушыларына апталыққа  қатысқандары үшін алғысын білдіріп, педагогика және психология білім беру бағдарламасының дамуы  жайлы орамды ойын жеткізді. Іс-шара cоңында апталықтың белсенді қатысушыларына басқарма төрағасы — ректор Қуат  Баймырзаевтың Алғыс хаты табысталды.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз