Алаш қайраткерлерінің еңбегі

615

Алаш арыстары ұлттық әдебиеттануда қадау-қадау еңбектер қалдырды. Ұлт тағдыры сынға түскен шақта Алаш мүддесі, ұлт руханияты үшін күресті, сол жолда адам төзбес қиындыққа төзді, бастарын бәйгеге тікті. Шығармашылықтың шыңында тұрып, көркемдік әлеуетін аша алмай, жазықсыз жазалаудың құрбаны болған алаш арыстарының тағдыры қазақ әдебиеті үшін орны толмас өкініш. Соншалықты аз ғұмыр кешсе де олар арқалы ақын, қабырғалы қаламгер ретінде әдебиетімізге өлшеусіз үлес қосты.

Қайраткерлік пен қаламгерліктің биік белесіне көтерілді. Ұлт руханиятын, даңқты туындыларымен, тақырып байлығымен, жанрлық қырларымен, көркемдік әлемімен байытты.1

«Алаш идеясы» – қазақтың мемлекеттік, елдің ұлттық идеясы. Өйткені Алаш – халқымызды бесігінде тербетіп, есейіп ат жалын тартып мінгенде бойына күш-қуат және сенім берген ұлттық идея. Алаш – ұлттың өзін бөлінбес тұтас жер, яғни территория ретінде сезінуі. Алаш идеясы үшін күрескен кезең – 1907 жылдан 1930 жылға дейінгі 30 жылдай уақытты ғана қамтыған. Аз болса да ғасырға тең уақыт. Алаштың серкелері – Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатұлы, Халел Ғаббасұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Жанша Досмұхамедов, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев. Алаш зиялыларының алдыңғы толқыны болып есептелетін осынау тұлғалардың әрбірі мемлекет басқаруға қабілетті еді. Олар Қазақ елінің сан ғасырлық даму тәжірибесін, салт-санасын төңкерістік әдіспен күрт өзгертуді емес, қайта оларды өркениетті елдердің өмір тәжірибесін ескере отырып, одан әрі дамытуды, білім алып, көппен терезе теңестіруін көздеді. Ең алдымен, қазақтың өз атамекеніне ие болуын мақсат етті. Сол жолда  жан аямай күресті. Алаш қозғалысының лидерлері халықтың өзіндік санасын жоғары көтеріп, ұлттық бостандық идеясын ұсынды, қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғау бойынша бірізді бағыт ұстанды.2

Жалпы қазақ съезі 1917 жылы 21-28 шілдеде Орынбор қаласында өткізіледі. Осы құрылтайда «Алаш» деп ат қоятынын жазады және жаңадан құрылған «Алаш» партиясының бағдарлама жобасын жариялайды. Жобаны жасағандар: Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Е.Омаров, Ғ.Бірімжанов, Е.Тұрмұхамедов, Ғ.Жүндібаев.3 Бағдарламаның негізгі ұстанымдары: біріншіден – Ресей демократиялық федеративтік республика болуы керек. Оның құрамындағы әрбір мемлекет тәуелсіз түрде әрекет етеді. Екіншіден – Ресей республикасында тең құқықтық, тұлға, сөз, баспа, ұжымдар ерікті болады. Үшіншіден – дін мемлекеттен бөлінеді. Барлық діндер тең құқылы. Төртіншіден – билік пен сот әр халықтың ерекшеліктеріне сәйкес құрылуы қажет, би мен сот жергілікті халықтың тілін білуі шарт, т.б.

Алаш қозғалысының, Алашорда жетекшілерінің аса ірі тарихи еңбегі қазақ жерін сақтап қалуымен байланысты. Осы күнгі Қазақстан Республикасы жерінің тұтастығы мен сақталып қалуында Алаш қайраткерлерінің орасан зор үлесі бар. Олардың кеңес үкіметінің басшыларымен келіссөздері, әсіресе Ахмет Байтұрсынұлының осы бағыттағы қажырлы жұмысынан кейін, Қазақ Автономиялық Советтік Социалистік Республикасын құру кезінде осы автономияның аумағын белгілеуде шешуші маңызға ие болған. Қозғалыс көшбасшысы Ахмет Байтұрсынов: «басқалардан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға – оқу керек! Бай болуға – кәсіп керек! Күшті болуға – бірлік керек! Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек!»,-деген еді. Әлихан Бөкейхановтың жобасы бойынша, қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып тоқылып, киілуі керек. Яғни мемлекет толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізілуі тиіс болған. Алаш алыптарының бірі Міржақып Дулатов «Оян, қазақ» деп жар салса,  Алаштың тағы бір қайраткері Халел Досмұхамедов «Өз тілін өзі білмеген ел – ел бола алмайды. Тілінен айрылған жұрт– жойылған жұрт» деп шырылдаған.2Міржақып Дулатұлының 1921-1922 жылдардағы ашаршылық кезінде Алаш зиялыларымен бірігіп аштыққа ұшырағандарға жылу жинап көрсеткен көмегі орасан зор. Бұл туралы М.Дулатұлы “Мадияр” атты бүркеншік есіммен жазған мақаласында …“Ел билеген һүкімет, елін сүйген азамат, өзгені ұмыт, мынау апаттан еліңді аман алып қалудың шарасына кіріс! Ел күйзелді…”-деп жазады өз мақаласында. (“Ақ жол” газеті, 9 сәуір1921 ж. №45)

Алаш қозғалысы, «Алаш» партиясы, Алашорда өкіметі – біздің тарихымыздағы ең құрметті, қасиетті кезеңдердің бірі.Тарихта аты өшпейтін, болашақ ұрпаққа ұлағат болып қалатын Алашорда көсемдерінің, Алаш партиясының, Алаш үкіметінің қажырлы еңбектерін ешкім де, ешқашан да ұмытпақ емес. Алаш зиялылары туралы әлі сырын ашпаған мәліметтерді анықтап, нақтылау-тәуелсіз елдің бүгінгі ұрпағының басты парызы болып қала бермек! Бүгінгі Қазақстан Республикасы – Алаш арманының іске асқан көрінісі. Алаш қайраткерлерінің есімдерін ардақтап, еңбектерін ұлықтау – ұлт парызы.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.“Үш арыс” кітабы;

  1. “Қазақ тарихындағы Алаш қайраткерлерінің ролі” мақаласы авторы М. Салиходжаев

3.“Азаттық таңын аңсаған Алаш арыстары” мақаласы “Ертіс өңірі” газеті 20.12.2019.

 

Бұлбұл  Мәкенова,

                                           Жетісу облысы мемлекеттік архивінің архивисі

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз