Талдықорған қалалық мәслихаты депутаттығына кандидат Ертаев Нұрлан Ертайұлы

1

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА

2026–2031 жылдарға арналған «ӘДІЛЕТ» партиясынан Талдықорған қалалық мәслихаты депутаттығына № 17 бірмандатты сайлау округі бойынша кандидат ЕРТАЕВ НҰРЛАН ЕРТАЙҰЛЫ

ҚҰРМЕТТІ ЖЕРЛЕСТЕР!

     Жергілікті бюджеттің әрбір теңгесі тұрғындардың игілігіне жұмсалуы тиіс. Мемлекеттік басқару мен бюджет саласындағы тәжірибем қаражаттың қайда, қалай жұмсалып жатқанын нақты бақылауға мүмкіндік береді.

       №17 сайлау округінің тұрғындары, инженерлік желілерді жаңғыртуға, жол жөндеуге және әлеуметтік нысандарға бөлінген қаражаттың тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қадағалаймын.

       Тұрғындардың әрбір өтінішін қарап, кері байланыс беремін және жыл сайын сайлаушылар алдында жария есеп беремін.

       Бірлесе отырып, ашық басқарылатын, тұрақты дамыған әрі тұрғындарға қолайлы қаланы қалыптастыра аламыз!

МЕНІҢ ҰСТАНЫМДАРЫМ

    Бюджет қаражатына – ашық бақылау. Әрбір теңгенің тиімді жұмсалуы, тұрғындар алдында есеп беру және жауапкершілік – менің басты ұстанымдарым.

      Сіздердің өтініштеріңізге, ұсыныстарыңыз бен пікірлеріңізге әрдайым ашықпын. Әр тұрғынды тыңдауға, көтерілген мәселелерді зерделеуге және олардың шешілуіне ықпал етуге дайынмын.

 Сайлауға келіңіздер! Маған дауыс беріңіздер!

Құрметті сайлаушылар!

Талдықорған қаласының дамуына үлес қосу – мен үшін кәсіби тәжірибемді нақты іске бағыттап, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға атсалысу мүмкіндігі. Мемлекеттік басқару мен кәсіпкерлік салаларында жинақтаған білімім мен тәжірибемді осы мақсатқа жұмсауға ниеттімін.

      Ертаев Нұрлан Ертайұлы 1987 жылғы 27 қаңтарда Жетісу облысы, Текелі қаласына қарасты Рудничный кентінде дүниеге келген. 2008 жылы Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын «Тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны инженерлік қорғау инженері» мамандығы бойынша, ал 2010 жылы У.А. Жолдасбеков атындағы Экономика және құқық академиясын «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.

      Еңбек жолын 2008 жылы Талдықорған қаласы әкімінің аппаратында бастап, кейін Алматы облысы әкімінің аппаратында бас маман қызметін атқарған.

      2012–2021 жылдары Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мен Сенатының аппараттарында еңбек етіп, бюджет және қаржы, өңірлік даму, аграрлық саясат, ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бағыттарында тәжірибе жинақтаған.

      Кейін «QAZAQGAZ» АҚ жүйесінде және «Қорғас коммерц» ЖШС-де директордың орынбасары болып жұмыс істеген. 2024 жылғы сәуірден бастап «СЕЮК» ЖШС директорының орынбасары қызметін атқарып келеді.

      Мемлекеттік басқару, бюджет және қаржы, өңірлік даму мен кәсіпкерлік салаларындағы тәжірибесін қаланың экономикалық әлеуетін арттыруға, жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға және тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағыттауды көздейді.

      Сайлауалды бағдарламасы «ӘДІЛЕТ» партиясының құндылықтарына негізделген. Негізгі басымдықтары – тұрақты жұмыс орындарын ашуға ықпал ету, шағын және орта бизнесті қолдау, жергілікті бюджет қаражатының тиімді әрі ашық жұмсалуын қамтамасыз ету және мемлекеттік басқарудың есептілігін арттыру.

      Депутаттық өкілеттігі аясында тұрғындардың өзекті мәселелерін көтеруге, олардың шешілу барысын бақылауға және атқарылған жұмыстар жөнінде халық алдында есеп беруге басымдық береді.

      Басты мақсаты – Талдықорғанның экономикалық дамуына ықпал етіп, тұрақты жұмыс орындары көбейген, өмір сүруге қолайлы жағдай жасалған және әрбір тұрғынның мүддесі ескерілетін қала қалыптастыруға үлес қосу.

                                                                                 Құрметпен, Нұрлан Ертаев

                2026–2031 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН НАҚТЫ МІНДЕТТЕМЕЛЕР

  1. ЖОЛ ЖӘНЕ КӨЛІК

Қала аумағында жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарының сапасына, белгіленген мерзімде аяқталуына және жол жабынының талаптарға сәйкестігіне тұрақты мониторинг жүргіземін. Қаланың шеткі тұрғын алаптарына қатынайтын автобус бағыттарының қолайлылығын, қозғалыс кестесінің сақталуын және аялдамалардың талапқа сай жабдықталуын бақылауда ұстаймын.

  1. СУ, ЖАРЫҚ ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ

Электр және жылу желілерін жаңғырту жұмыстарының сапалы әрі уақытылы орындалуына тұрақты мониторинг жүргіземін. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың электр энергиясымен және жылумен үздіксіз қамтамасыз етілуін, тозығы жеткен инженерлік желілердің кезең-кезеңімен жаңартылуын бақылауда ұстаймын.

  1. ҚОЛЖЕТІМДІ НЕСИЕ ЖӘНЕ АУЫЛ КӘСІПКЕРЛІГІН ДАМЫТУ

Шағын кәсіпорындардың өндірістік және қызмет көрсету нысандарына кіреберіс жолдардың қолайлылығын, электр қуатына және басқа инженерлік желілерге қосылу мәселелерін назарда ұстаймын

  1. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҚОЛДАУ

Қала кәсіпорындарының өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтуге, жергілікті өнім өндірушілердің нарыққа шығуына және жаңа технологияларды енгізуіне бағытталған бастамаларды қолдаймын. Өндірістік аймақтардағы көлік қатынасы мен инженерлік инфрақұрылымға қатысты мәселелердің шешілуін бақылауда ұстаймын.

  1. ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘНЕ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ТАБЫСЫ

Құрылыс техникасының операторлары, жүргізушілер, механиктер, дәнекерлеушілер және басқа да техникалық мамандарды даярлау бағытындағы бастамаларды қолдаймын. Колледж студенттерінің жергілікті кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтуіне және алған мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына жәрдемдесу мәселелерін көтеремін.

  1. ҚОЛЖЕТІМДІ ӘРІ САПАЛЫ МЕДИЦИНА

Тұрғындардың емханаларға тіркелу, дәрігер қабылдауына жазылу және қажетті тексерулерден өту кезінде кездесетін мәселелерін зерделеймін. Медициналық мекемелердің жабдықталуына, мамандармен қамтамасыз етілуіне және қызмет көрсету жағдайына қатысты ұсыныстарды жауапты органдардың қарауына енгіземін.

  1. ЗАМАНАУИ МЕКТЕПТЕР ЖӘНЕ БАЛАЛАРҒА ЖАҒДАЙ

Мектептер мен балабақшалар маңындағы көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға және жаяу жүргіншілер өткелдерін талапқа сай жабдықтауға ерекше назар аударамын. Балалардың бос уақытын тиімді әрі қауіпсіз өткізуі үшін аулалардағы спорт және ойын алаңдарының техникалық жағдайына тұрақты мониторинг жүргіземін.

  1. ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ОТБАСЫЛАРДЫ ҚОЛДАУ

Көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберіс жолдарын, аулаішілік өткелдерін және автотұрақтарын ретке келтіруге қатысты тұрғындардың ұсыныстарын көтеремін. Қозғалысы шектеулі азаматтар үшін қолайлы орта қалыптастыруға атсалысамын.

  1. САПАЛЫ БАЙЛАНЫС ЖӘНЕ ИНТЕРНЕТ

Қаланың барлық тұрғын алаптарында, әсіресе шеткі аумақтарда сапалы интернет пен тұрақты ұялы байланысқа қолжетімділікті арттыруға ықпал етемін. Тұрғындарға арналған цифрлық қызметтерді дамыту, жастардың ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы білімін жетілдіру және заманауи цифрлық кеңсенің іске қосылуы жөніндегі жұмыстарды назарда ұстаймын.

  1. ТАЗА ЖӘНЕ АБАТТАНДЫРЫЛҒАН АУЫЛДАР

Тұрғын үй аулаларында қоқыс жинау орындарының талапқа сай жабдықталуын, қалдықтардың уақтылы шығарылуын және қоғамдық аумақтардың тазалығын қадағалаймын.

 

Сіздің пікіріңіз мен үшін маңызды!

Сіздің сеніміңіз – нәтиже үшін жауапкершілік!

Әрбір шешім – туған өлкенің игілігі үшін!

Тапсырыс беруші: Ертаев Нұрлан Ертайұлы
Талдықорған қалалық мәслихаты депутаттығына кандидаттың сайлау қоры қаражаты есебінен төленді

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз