Талдықорған қалалық мәслихаты депутаттығына кандидат Есмаханов Азиз Аблайұлы

1

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА

2026–2031 жылдарға арналған «ӘДІЛЕТ» партиясынан Талдықорған қалалық мәслихаты депутаттығына № 14 бірмандатты сайлау округі бойынша кандидат ЕСМАХАНОВ АЗИЗ АБЛАЙҰЛЫ

ҚҰРМЕТТІ ЖЕРЛЕСТЕР!

 Жиырма бес жылдан астам құрылыс саласында еңбек етіп, жүздеген отбасының жаңа баспанаға қоныстанғанына куә болдым. Жайлы үй – әр отбасының тірегі екенін жақсы білемін.

№14 сайлау округінің тұрғындары, қалада қолжетімді тұрғын үй құрылысының артуына, апатты үйлер мәселесінің кезең-кезеңімен шешілуіне күш саламын.

Жаңа тұрғын алаптарда жол, жарық, су мен кәріз үймен бірге салынуы тиіс – бұл менің басты талабым.

Бірлесе отырып, әр отбасы жайлы баспанада тұратын, абаттанған Талдықорғанды қалыптастыра аламыз!

 

МЕНІҢ ҰСТАНЫМДАРЫМ

 Әр отбасына – қолжетімді баспана. Құрылыс сапасы, тұрғын алаптардың инженерлік инфрақұрылыммен қамтылуы және ашықтық – менің басты ұстанымдарым.

Сіздердің өтініштеріңізге, ұсыныстарыңыз бен пікірлеріңізге әрдайым ашықпын. Әр тұрғынды тыңдауға, көтерілген мәселелерді зерделеуге және олардың шешілуіне ықпал етуге дайынмын.

 Сайлауға келіңіздер! Маған дауыс беріңіздер!

«Баспанамен қамту – бұл мемлекеттің әлеуметтік саясатының басымдығы.»

       Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Құрметті сайлаушылар!

Құрылыс саласында ширек ғасырдан астам уақыт еңбек етіп, тұрғын үй құрылысы мен қаланың дамуына үлес қосып келемін. Осы жылдар ішінде қарапайым жұмысшыдан техникалық директорға дейінгі кәсіби жолдан өтіп, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жобаларды жүзеге асыруға атсалыстым.

      Мен, Есмаханов Азиз Аблайұлы, 1979 жылғы 16 қыркүйекте Талдықорған қаласында дүниеге келдім. 1998–2000 жылдары Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарында әскери борышымды өтедім. 2000–2003 жылдары І. Жансүгіров атындағы Талдықорған университетінде «Бастапқы әскери және дене шынықтыру даярлығы» мамандығы бойынша жоғары білім алдым.

     Еңбек жолымды 2000 жылы бастап, сегіз жыл бойы құрылыс нысандарында автокран машинисі болып жұмыс істедім. 2008–2018 жылдары «Кебекенова» жеке кәсіпкерлігінде еңбек етіп, автокран машинисінен директордың орынбасарына дейінгі қызметтік жолдан өттім.

     2018 жылдан бері «ЖетісуЖилСтрой» ЖШС-де жұмыс істеймін. Алғашында құрылыс учаскесінің басшысы қызметін атқарып, кейін техникалық директор лауазымына тағайындалдым.

     Кәсіби қызметім барысында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы, әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үй құрылысы және «7-20-25» бағдарламасы аясында жүз мың шаршы метрден астам тұрғын үйдің салынуына атсалыстым. Бұл тұрғын үйлер Бірлік, Құлагер, Болашақ, Қаратал, Самал және «Шығыс» шағын аудандарында бой көтеріп, халық игілігіне берілді.

     Қазіргі уақытта әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үй құрылысы Құлагер, Шығыс, Болашақ шағын аудандарында және Текелі қаласында жалғасуда.

     Жинақтаған тәжірибемді «ӘДІЛЕТ» партиясының құндылықтарына негізделген сайлауалды бағдарламамды іске асыруға бағыттағым келеді. Басымдықтарым – қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету, құрылыс сапасын арттыру, шағын аудандардың инфрақұрылымын дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ету және жергілікті басқарудың ашықтығын нығайту.

     Депутаттық қызметте тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарына назар аударып, өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал етуге, атқарылған жұмыстардың нәтижесін халық алдында ашық көрсетуге күш саламын.

Менің басты мақсатым – әр отбасының сапалы әрі қолжетімді баспанаға қол жеткізуіне, шағын аудандардың қолайлы ортаға айналуына және Талдықорғанның тұрғындар үшін жайлы, көркейген қала ретінде дамуына үлес қосу.

Құрметпен, Азиз Есмаханов

                  2026–2031 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН НАҚТЫ МІНДЕТТЕМЕЛЕР

  1. ЖОЛ ЖӘНЕ КӨЛІК

Қала бойынша 2031 жылға дейін 187 шақырым жолды жөндеу жоспарының орындалуын бақылауда ұстаймын. Аулаішілік жолдар, жаяу жүргіншілер өткелдері, көше жарығы және қоғамдық көлік қызметінің сапасын жақсарту мәселелерін көтеремін.

  1. СУ, ЖАРЫҚ ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ

Су, жылу және электр желілерін жаңғыртуға, жаңа тұрғын алаптарды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге басымдық беремін. Коммуналдық қызметтердің тұрақтылығы мен тұрғындардың өтініштерінің шешілуін қадағалаймын.

  1. КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ ЖӘНЕ ЭКОНОМИКАНЫ ДАМЫТУ

Талдықорған қаласындағы шағын және орта бизнес жобаларын, оның ішінде «Іскер аймақ» бағдарламасы аясындағы кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға басымдық беремін. Жергілікті өндіріс пен қызмет көрсету саласын дамытуға, кәсіпкерлердің мемлекеттік қолдау шараларына қолжетімділігін арттыруға және жаңа жұмыс орындарының ашылуына атсалысамын.

  1. ӨНДІРІС ПЕН ИНВЕСТИЦИЯНЫ ДАМЫТУ

2031 жылға дейін өнеркәсіп саласында 7 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарының орындалуын бақылаймын. Жергілікті кәсіпорындарды жаңғырту мен жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған бастамаларды қолдаймын.

  1. ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘНЕ ТҰРАҚТЫ ТАБЫС

2031 жылға дейін кемінде 6,7 мың адамды жұмыспен қамту жоспарының орындалуын назарда ұстаймын. Жастар мен жұмыссыз азаматтарды кәсіптік оқытуға және тұрақты жұмысқа орналастыруға қолдау көрсетемін.

  1. ҚОЛЖЕТІМДІ ӘРІ САПАЛЫ МЕДИЦИНА

Дәрігер тапшылығын 78-ден 50 маманға дейін төмендету және денсаулық сақтау саласындағы 2 нысанды салу немесе қалпына келтіру жоспарын қадағалаймын. Медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға басымдық беремін.

  1. ЗАМАНАУИ БІЛІМ ЖӘНЕ БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ

2031 жылға дейін дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын тұрғындардың үлесін 44%-дан 50%-ға дейін арттыруға бағытталған жұмыстарды бақылауда ұстаймын. Спорт инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындардың бұқаралық спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасауға атсалысамын.

  1. ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ҚОЛЖЕТІМДІ БАСПАНА

2031 жылға дейін 860 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салу жоспарының орындалуын бақылауда ұстаймын. Әлеуметтік осал отбасыларға тұрғын үй көмегінің қолжетімділігін және қоғамдық нысандарда кедергісіз ортаны дамыту мәселелерін көтеремін.

  1. САПАЛЫ БАЙЛАНЫС ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ МҮМКІНДІКТЕР

Талдықорған қаласында Apple Store форматындағы халыққа қызмет көрсететін цифрлық кеңсенің іске қосылуын бақылауда ұстаймын. Сонымен қатар тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыруға, оларды заманауи технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалануға жыл сайын үйрету жұмыстарын қолдаймын.

  1. ТАЗА ЖӘНЕ АБАТТАНДЫРЫЛҒАН ҚАЛА

Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және тиімді кәдеге жарату жұмыстарын дамытуға басымдық беремін. Қаланы көгалдандыру аясында жыл сайын кемінде 12 мың көшет отырғызу және 2027–2031 жылдар аралығында олардың жалпы санын 60 мыңға жеткізу жөніндегі жоспардың орындалуын бақылауда ұстаймын.

Сіздің пікіріңіз мен үшін маңызды!

Сіздің сеніміңіз – нәтиже үшін жауапкершілік!

Әрбір шешім – туған өлкенің игілігі үшін!

Тапсырыс беруші: Есмаханов Азиз Аблайұлы
Талдықорған қалалық мәслихаты депутаттығына кандидаттың сайлау қоры қаражаты есебінен төленді

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз