Жастардың қалауы – есірткісіз өмір

316

Нашақорлық дендеп тұр. Ресми мәліметтерге сенсек елімізде 18 мыңның үстінде нашақор бар екен. Ал, бейресми деректер бойынша, олардың саны 150 мыңға жетіп жығылады. Телеарналар мен әлеуметтік желілерде күніне жүздеген келі есірткілік заттардың тәркіленгені, есірткі сатумен, жасырумен айналысқан азаматтардың тұтқындалғаны туралы ақпарат көп. Тіпті өзіміз тұрып жатқан аядай ғана Талдықорғанның өзінде есірткі саудасы қызып тұрған көрінеді. Бала өсіріп, немере тәрбиелеп отырған біз секілді аға буын үшін бұл алаңдарлық дүние.

Мемлекет тарапынан нашақорлықпен күрес жүріп жатқанын білеміз. Дей тұрғанмен осы мәселеде мұғалімдердің де міндеті маңызды. Әр сабақта нашақорлықтың індет екенін, одан бойды аулақ ұстау қажеттігін оқушының санасына сіңіріп отырса, есірткінің зиянын дәлелдеп берсе, ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосқан болар еді.

Таяуда өзім еңбек ететін Талдықорған индустриялық колледжі қабырғасында «Есірткісіз ел» тақырыбында тәрбие сағаттары өтті. Аясында мен де өзім сабақ беретін 1-курс студенттеріне «Жастардың қалауы – есірткісіз өмір» тақырыбына эссе жаздырдым. Білімгер жұмыстарынан жастардың есірткіге деген көзқарасын анықтадым. Шын мәнінде қазіргі жастар есірткі жайлы көп біледі. Оған себеп те жоқ емес. Әлеуметтік желіде ақпарат көп. Есірткі жайлы түсіріліген фильмдер де жетерлік. Солардан өздеріне ой түйген білімгерлерім жап-жақсы эссе жазған екен. Нашақорлықтың түбі қылмысқа апаратынын, ал қылмыс адам өмірін түбегейлі өзгертетінін түсінген. Сондай-ақ, темекі тарту, ішімдік ішу сынды жаман әдеттердің де осы нашақорлыққа ұқсас тұстарын атапты. Яғни адамның зиян дүниелерге тәуелді боп қалуы, одан құтылуға ерік-жігерінің жетпеуін ең жаман қасиет деп бағалаған. Педагогикада 35 жылдан аса тәжірибесі бар ұстаз ретінде ер балалардың осындай дүние жазғаны мені шын қуантты.

Ұлттың ұлы болуы ұлдың ұлағатынан, қыздың ұятынан. Мектептеріміз бен колледждерімізде және жоғары оқу орындарында  осындай тәрбиелік мәні бар дүниелер науқандық сипатта емес, жүйелі түрде жүргізілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Алтын Жомартова, Талдықорған Индустриялық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз