Баршаға белгілі 15 қараша — ұлттық валюта Теңге күні және еліміздің қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Алғаш 1992 жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ертеңінде қазақ валютасын сызған суретшілер Англияға аттанды.Ең алғашқы теңгемізде белгілі тарихи тұлғалардың портреттері болғаны көптің есінде шығар.
«Ұлттық валютаның 30 жылдығы» атты тақырыпта Бейсен Құранбек атындағы журналистер үйінде өткен жиында ақпараттық алаңға келген қонақтар Жетісу облысы Ұлттық банкі филиалының директоры Зере Үстенова, қолма-қол ақшамен жұмыс бөлімінің бастығы Ғалия Садуәқасова, ұлттық валютаны енгізуге қатысушы Білімтай Түменбаев сол кездегі қиындықтар қандай болғандығына тоқталды.
Бәрімізге аян, еліміздің тәуелсіздігін баянды ету оңай түскен жоқ. Қыруар жұмыс атқарылды. 90-жылдары алып КСРО тарағанмен, рубль ( бізде сом ) айналымда жүрді. Ал 1993 жылдың шілдесіне қарай Ресейдің орталық банкі ақша реформасын жасап, кеңес рублін айналымнан шығарып тастады. Барлығы жаңа ресейлік банкноттарға айырбасталды. Яғни, өз ақшаларын айналымға шығарды. Мұның бәрі бұрынғы кеңестік республикаларының нарығына әсер етті. Баға жылдам өсті, ақша құнсызданды.
Білімтай Жуанышұлы: «Әлі есімде, мен Бөрлітөбе ауданында қызмет жасап жүрген едім. Кейіннен ауданнан ауысып, облыстық ұлттқ банк төрағасының орынбасары лауазымда қызмет атқардым .Өз еліміздің төл теңгесін енгізу тарихи шақ болды. Бұл жағдай келудегі мақсат тәуелсіздігімізді жария еткен соң экономикалық байланыстар үзілді. Қолма-қол ақша төлемін халыққа беру қиындық тудырды. Жалақы, еңбекақы, жәрдемақы беру тоқтатылды, не кешіктірілу жағдайлары туындады. Кей мекемелер жұмысшыларына еңбекақыны заттай үлестірді. Соны ескере отырып, елімізде 1993 жылы 12 қарашада ұлттық валюта туралы жарлыққа қол қойылды. Ал 15 қарашадан бастап теңге елдегі есептесетін ақшаға айналды. Ұлттық банк бір теңгені 500 сомға бағалады. Ескі ақшаны бес күннің ішінде айырбастауға бұйрық етілді. Ұлттық валюта айналымға шыққанда бір долларға шаққанда бағамы 4,75 теңге болған. Арнайы мөрленіп жеткізілген қаржыны орталық бөлімшеде ашып, әр аймаққа алып бару міндеті тұрды. Сол кезде есімде , облыс орталығы Талдықорғанда ауа райы жаңбыр, содан, кейін қарға ұласты. Мұзды қарды көтере алмаған көше бойындағы ағаштар құлап, жарық жоқ. Тұрғын үйлердің шатырларына зақым келді. Жол тайғақ, көк мұз. Облысқа әкелінген ақшаны зор жауакершілкпен аудан-ауданға жеткіздік. Береке-бірліктің арқасында жұмыла көтеріп бәріміз бұл қиындықты жеңдік. Халық мүддесі бәрінен жоғары тұрды. Ұлттық теңгемізді енгізілуімен республикамыз жаңаша жұмысқа кірісті.»,- деді.
Зере Төреханқызы:
-15 қараша ұлттық валютамыздың енгізілгеніне 30 жыл толады. Құтты болсын деймін. Біздің теңгеміз әлемдегі ең әдемі дизайндағы ақшалар қатарында. Теңгенің алғашқы үлгілерін суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов пен Қайролла Әбжәлелов салған. Валютаға белгілі тарихи тұлғалардың портреттері, Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар басылды.
Бір теңгелік банкнотқа Әбу Насыр әл-Фараби, үш теңгелікте — Сүйінбай, бес теңгелікте — Құрманғазы, он теңгелікте – Шоқан Уәлиханов, жиырма теңгелікте — Абай, елу теңгелікте — Әбілқайыр хан, ал жүз теңгелікте Абылай ханның бейнесі сомдалды. Алғашқы банкноттар Англиядан жеткізілді. Ұлттық валютаның алғашқы банкноттары Англияда Harrison&Sons фирмасында басылып шығарылды. Ақша Қазақстанға ұшақтармен жеткізілді, бір апта ішінде 18 рейс орындалды. Ал қағаз тиындар Қазақстанның бағалы қағаздар шығаратын цехта басылды. Қазір жинақталған тәжірибе мен көп жылдық тәжірибенің арқасында Алматыдағы Банкнот фабрикасында банкноттарды шығару толық жолға қойылған.
Ғалия Ерғалиқызы:- Ұлттық валютаны енгізу оңайға түскен жоқ. Сол жұмыс орнымызда қонып тұрып жұмыс жасадық. Себебі, ескі ақшаны жинап, жаңаасына ауыстыру міндеті тұрды. Ал қарашаның 15-інен 20-сына дейінгі уақыт сомды теңгеге ауыстыру үшін берілді. Тура алты күнде халық қолдағы ақшасын тәуелсіз елдің валютасына айырбастауы керек еді. Халық бес жүз сомына бір теңге алып жатты. Қағаз ақшасын қапшықтап жинаған ағайын енді теңгенің кезегіне тұрды. Бұл күндер әр тұрғынның есінде. Қобыраған “шөп ақшаны” жинап, сақтағанды шығарып, қолға жаңа купюраны көргендер төл теңгені бірнеше күн қызықтаған. Сол кезде көп адамдар ақшаны қолдарына жинақтап ұстайтын. Қатаң нұсқаумен жұмыс жасадық. 1 теңге 500 сом құнына тең болды. Ұлттық теңгеміздің туған күні құтты болсын. Еліміздің іргесі берік болсын!»