Жетісуда биылғы жылыту маусымында 2 мыңға жуық улы газ датчигі орнатылады

4

Жетісу облысында түтіннен және улы газдан уланудың алдын алу жұмыстары жалғасуда. Биылғы жылыту маусымы барысында өңірдегі әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың үйлеріне улы газ бен түтінді анықтайтын 2 мыңға жуық датчик орнату жоспарланған. Жалпы, 2023 жылдан бері осындай 3 330-дан астам датчик орнатылды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Тамыз айының ортасынан бастап азаматтық қорғау саласының қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен, полицияның өкілдерімен және волонтерлермен бірлесіп облыстың барлық аудандары мен қалаларында әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың үйлерін аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда 200-ге жуық датчик орнатылды.

Осындай профилактикалық аралау жұмыстарының бірі Талдықорған қаласына қарасты Еркін ауылында да жүргізілді.

Талдықорған қаласы төтенше жағдайлар басқармасының инженері Арнұр Сейіткамалдың айтуынша, орнатылып жатқан датчиктерді пайдалану оңай, себебі ол автономды түрде жұмыс істейді.

– Бұл құрылғылар сертификатталған және автономды қуат көзінен жұмыс істейді. Оның қуаты шамамен бір жылға жетеді. Қуат көзі таусылар кезде құрылғы арнайы дыбыстық белгі арқылы алдын ала ескертеді. Датчиктің негізгі міндеті – адамдарға қауіп туралы дер кезінде ескертіп, қажетті шараларды қабылдауға уақыт беру, – деп түсіндірді азаматтық қорғау лейтенанты.

Алайда профилактикалық жұмыстар тек датчик орнатумен шектелмейді. Пеш пен түтін мұржаларының жай-күйін тексерумен қатар, тұрғындарға пешті, электр және газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану ережелері түсіндіріледі. Мамандар тұрғындарға пештің, түтін мұржалары мен түтін арналарының жарамдылығын үнемі тексеріп отыру, электр желілеріне шамадан тыс жүктеме түсірмеу, жылыту құрылғыларын қараусыз қалдырмау және өрт қауіпсіздігінің қарапайым талаптарын сақтау қажеттігін еске салады.

– Бүгін мамандар үйімізге арнайы құрылғы орнатты. Біз қатты отынмен жылытылатын пешті пайдаланамыз. Енді өзімізді қауіпсіз сезінетін болдық: түтін пайда болған жағдайда датчик дер кезінде іске қосылады. Жергілікті атқарушы органдарға қамқорлығы үшін алғысымызды білдіреміз, – дейді Жеңіс көшесінің тұрғыны Алтынай Ысқақова.

Газ қауіпсіздігін қамтамасыз ету – жұмыстың тағы бір бағыты. Профилактикалық іс-шараларға тұрғын үй инспекциясы бөлімінің, Төтенше жағдайлар басқармасының, Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Жетісу өндірістік филиалының, «Тавиди» ЖШС және «Жетісугаз» корпорациясы» АҚ мамандары қатысуда.

— Жыл сайын жылыту маусымы басталар алдында мамандарымыз тұтынушылар арасында профилактикалық рейдтер жүргізеді. Мұндай іс-шаралар барысында газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану ережелері мен тиісті құрылғыларды орнату қажеттігі түсіндіріледі. Газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсетуді жасалған шарт негізінде арнайы ұйымдар жүргізуі тиіс, — деді «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Жетісу өндірістік филиалының инженері Әділет Нүсіпқали.

Жүргізіліп жатқан жұмыстар қауіп-қатерді азайтуға жағдай жасайды. Мәселен, өткен жылыту маусымының қорытындысында өңірде өрт саны 29%-ға азайған.

Сонымен қатар облыста рейдтік жұмыстар жалғасып жатыр. Мамандар тұрғындарға пеш, газ және электр жабдықтарындағы ақауларды дер кезінде анықтауға, ықтимал қауіптердің алдын алуға және үйлерінің қауіпсіздігін арттыруға көмектесіп келеді.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз