Республика күні қарсаңында Жетісу облысында айына 1 800 тоннаға дейін өсімдік майын өндіруге қауқарлы жаңа кәсіпорын іске қосылды. Жобаға 61 млн теңгеден астам инвестиция тартылған, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Алакөл ауданының Екпінді ауылында орналасқан «New Silver Central Asia Grain & Oil» ЖШС кәсіпорны құрылтайшыларының айтуынша, өндіріс цехын дәл осы аумақта орналастыру кездейсоқ емес. Ауданның өзі және оған іргелес өңірлер кәсіпорынды сапалы шикізатпен қамтамасыз ете алады. Зерттеу нәтижесіне қарағанда, жергілікті шаруалардың кәсіпорынға жеткізуге дайын күнбағыс тұқымдарының сапалық көрсеткіштері өте жоғары.
Аудан әкімі Алмас Абдиновтың айтуынша, Алакөл ауданында дәнді және майлы дақылдар 80 мың гектар жерге егілген. Алайда өндірілген өнім осы уақытқа дейін негізінен шикізат күйінде сатылып келген. Сондықтан өңдеу цехының іске қосылуы аудан үшін маңызды оқиға деуге болады. Сонымен қатар жаңа өндірістің ашылуы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға қосымша мүмкіндік беріп, кәсіпкерліктің дамуына жол ашады және елді мекен экономикасының нығаюына ықпал етеді. Атап өтсек, жаңа өндіріс іске қосылғаннан кейін 10 жаңа жұмыс орны қашылды. Бұл – ауылдық жер үшін елеулі көрсеткіш.
Кәсіпорынның ашылуын тұрғындардың өздері де оң бағалады.
– Әрине, біздің ауылда өндіріс орнының ашылуы біз үшін — жақсы жаңалық. Біріншіден, тұрақты жұмыс орындары ашылады. Екіншіден, енді жергілікті шаруалар өздері өсірген күнбағыс өнімін қайда өткіземіз, өңдеуге қайда апарамыз деп алаңдамайды. Оның үстіне, біздің аудан – ауыл шаруашылығына бейімделген өңір, – дейді ауыл тұрғыны Ермек Майқынов.
Осылайша, Жетісу облысының Алакөл ауданында аграрлық сектор жаңа деңгейге көтерілді. Өңір шикізаттық бағыттан біртіндеп өз өнімін өңдеу қуатын қалыптастыруға беттеп келеді. Бұл өз кезегінде ауылдық аумақтардың экономикалық және әлеуметтік дамуына жаңа серпін береді.
Жалпы, Жетісу облысында өндірілген өнімді өңдеу көлемі 2025 жылдың қорытындысы бойынша 68%-ға жеткенін атап өтуге болады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

























