Қазақстан халықаралық капитал үшін жаңа бағыттарды ашуда
Соңғы жылдардағы экономикалық трансформация елдің дәстүрлі шикізат секторынан тыс инвестициялық мүмкіндіктерін біртіндеп кеңейтуде. Өңдеу өнеркәсібін, көлік инфрақұрылымын, ауыл шаруашылығын және цифрлық қызметтерді дамыту халықаралық капитал үшін жаңа бағыттарды ашуда. Бұл туралы The World Financial Review британдық іскерлік басылымының мақаласында айтылған.
Қосымша фактор ретінде экономиканың сыртқы міндеттемелер құрылымындағы өзгерістерді атап өтуге болады. Бес жыл ішінде сыртқы борыштың ЖІӨ-ге қатынасы 83,1%-дан 59,4%-ға дейін төмендеді, бұл салыстырмалы борыштық жүктеменің азайғанын көрсетеді.
Әрине, әртараптандырылған экономикалық модельге көшу ұзақмерзімді міндет болып қала береді. Ол Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығында да көрініс табады. Дүниежүзілік банктің 2026–2031 жылдарға арналған жаңа елдік бағдарламасы инфрақұрылымды дамытуға, экономиканың орнықтылығын арттыруға және өнімділігі жоғары әрі инновациялық жеке секторды қалыптастыру үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Негізгі басымдықтардың бірі жеке капиталдың қатысуын кеңейту және экономикалық өсудің өндіруші салаларға тәуелділігін төмендету болып саналады.
Қазақстанның экономикалық бағыты осы міндеттерді шешуге бағытталған. Бұл саясатты одан әрі жүзеге асыру елдің жаңа салаларды дамыту, бәсекеге қабілеттілікті арттыру және халықаралық экономикалық ынтымақтастықты кеңейту үшін жинақталған ресурстық әрі инвестициялық әлеуетті қаншалықты тиімді пайдалана алатынына байланысты болады.
Шетелдік сарапшылар Қазақстанның цифрлық серпілісіне баға берді
Өнеркәсіп, инфрақұрылыммен қатар Қазақстан цифрлық ортаны және кадрлар даярлау жүйесін дамытуда. Бұл бағыттар технологиялық өндірістерді, қызмет көрсету орталықтарын және білікті мамандарды қажет ететін басқа жобаларды орналастыруға мүдделі халықаралық компаниялар үшін маңызды бола түсуде, деп жазады The World Financial Review.
Елімізде мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы электронды түрде ұсынылады. Электрондық қызмет түрлерінің саны 2021 жылы 657-ден 2026 жылы 1 333-ке дейін өсті. Халықтың 97,5%-ы интернетке қол жеткізген.
Цифрлық мемлекеттік қызметтердің кеңеюі бизнестің мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын жеңілдетуге негіз қалыптастырады. Өз кезегінде интернетке қолжетімділіктің жоғары деңгейі электрондық коммерцияны, финтехті және цифрлық сервистерді дамытуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, аумағы кең және халық тығыздығы салыстырмалы түрде төмен ел үшін мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшірудің технологиялық қана емес, экономикалық маңызы да бар. Цифрландыру азаматтар, бизнес және мемлекет арасындағы қашықтықты қысқартып, қызметтерге қолжетімділік құнын төмендетеді.
Қазақстанның цифрландыру саласындағы серпілісі басқа елдер үшін жақсы үлгіге айналды: Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (ДЗМҰ) Global Innovation Index 2025 рейтингінде «Үкіметтің онлайн-қызметтері» көрсеткіші бойынша Қазақстанды әлемде 10-орынға қойды. ДЗМҰ цифрлық мемлекеттік қызметтерді елдің инновациялық дамуындағы ең мықты көрсеткіштердің бірі ретінде бағалайды.
Экономиканы жаңғырту адами капиталды сапалы түрде жаңартуды да қажет етеді. Қазақстанның дамуының жаңа стратегиясында бұл фактор ескеріліп, басым бағыттардың біріне айналды. Ел білім беру мен ғылыми зерттеулерге салынатын инвестиция көлемін арттырып келеді. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) ішкі шығындар 2019 жылғы 42,3 млрд теңгеден 2025 жылы 252,5 млрд теңгеге дейін өсті.
Жоғары білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастық дамуда: елде шетелдік университеттердің 32 филиалы жұмыс істейді және шетелдік жоғары оқу орындарымен стратегиялық әріптестіктің басқа да нысандары жүзеге асырылуда. Ұзақмерзімді перспективада бұл экономиканың неғұрлым технологиялық және ғылымды қажет ететін секторларына инвестициялар тарту үшін негіз қалыптастырады.
Қазақстан Еуразияның транзиттік хабына айналуда
The World Financial Review басылымы Қазақстан туралы жаңа материалында елдің Еуразиядағы ірі экономикалық орталықтардың арасындағы орналасуы көлік инфрақұрылымының дамуы мен сыртқы сауда байланыстарының кеңеюі жағдайында барған сайын маңызды мәнге ие болып келе жатқанын жазады.
Соңғы жеті жылда елде 36 300 шақырым автомобиль жолы салынып, жөндеуден өтті. Сонымен қатар шамамен 5 000 шақырым теміржол желісі салынып, жаңғыртылды. Бұдан бөлек, 110 теміржол стансасында құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды.
Көлік желісін дамыту Қазақстанның транзиттік-логистикалық хаб ретіндегі рөлін нығайтады. Халықаралық компаниялар үшін бұл тарату орталықтарын орналастыруға, өңірлік жеткізілімдерді ұйымдастыруға және қазақстандық өндірісті халықаралық құн тізбегіне интеграциялауға жағдай жасайды.
Инфрақұрылымдағы өзгерістер сыртқы экономикалық қызметтің кеңеюімен қатар жүруде. 2025 жылы Қазақстанның тауарлар мен көрсетілетін қызметтер бойынша сыртқы сауда айналымы $170 млрд-тан асып, бес жыл ішінде 40,5%-ға өсті.
Көлік байланысы халықаралық инвестициялық ынтымақтастық бағыттарының біріне айналуда. 2026 жылы Қазақстан мен ЕҚДБ 2030 жылға дейін есептелген жаңа бес жылдық келісімге қол қойды. Ол жеке секторды, тұрақты инфрақұрылымды, цифрландыруды, Қаржы нарығын дамыту және Қазақстанның өңірлік сауда-логистикалық хаб ретіндегі рөлін нығайту бойынша бірлескен жұмысты көздейді.
Дамып келе жатқан көлік инфрақұрылымы мен өсіп келе жатқан сауда ағындарының үйлесімі логистика, қойма, көлік қызметтері және экспортқа бағытталған өндіріс саласында мүмкіндіктер ашады.





























