Жетісу облыстық Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры 14-16 қараша аралығында Түркіменстанның Мәдениет министрлігі және ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бірлесіп ұйымдастыруымен Ашхабад қаласында өтетін «Театральное исскуство эпохи счастья» театр фестиваліне қатысады.
Фестивальдің ұйымдастыру комитеті өнер бәйгесінің басты мақсаты — ұлттық театр өнерін дамыту және театрлардың шығармашылық бастамаларын ынталандыру екенін алға тартуда. Сонымен қатар, аталмыш фестивальдің басты талаптарының бірі қатысушы театрлардан ұсынылған қойылым классикалық немесе ұлттық шығармадан болуы тиісті. Театрымыз қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» шығармасының желісімен сахналанған қойылымды ұсынып, Қазақ елінің намысын қорғайды. Қойылымның қоюшы режиссері — Фархад Молдағали.
«Қорғансыздың күні» шығармасы Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының репертуарындағы шоқтығы биік қойылымдардың бірі. Спектакльде автор байырғы қазақ ауылындағы кедейлер өмірінің бір көрінісін тамыр-тереңінен қопарып әкеліп, бейшара, қорғансыз жандардың тұрмыс-тіршілігіндегі жан түршігерлік азап пен ауыртпалықты аса шыншылдықпен әсерлі баяндайды.
Халықаралық фестивальге Татарстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан мемлекеттерінен театр ұжымдары қатысады. Айта өту керек, Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры Қазақстаннан алғаш рет қатысатын облыстық театр болып саналады.