Еңбек күніне орай елге талай жыл қызмет етіп жүрген азаматтар ұлықталды. Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев еңбек адамдарының қоғамдағы орнына тоқталып, жиналғандарды құттықтады.
– Бүгін біз елімізді алға сүйреп келе жатқан адамдардың еңбегін атап, оларға құрмет көрсетеміз. Мұғалімнің еңбегі – білімді ұрпақта, дәрігердің еңбегі – адам денсаулығында, құрылысшының еңбегі – бой көтерген ғимаратта, диқанның еңбегі – дастарқандағы нанда, инженердің еңбегі – жаңа технологияда, кәсіпкердің еңбегі – жаңа мүмкіндік пен жаңа жұмыс орнында көрінеді, – деді Марлен Қапашұлы.
Жетісу – ауыл шаруашылығы мен өндірісі қатар дамып келе жатқан, еңбек адамдарының маңдай тері арқылы әлеуетін еселеп отырған өңір. Сондықтан мерекеде әр сала өкілінің еңбегіне жеке тоқталып, кәсіби жолы кейінгі буынға үлгі азаматтарға құрмет көрсетуге басымдық берілді.
Құрылыс саласында 22 жыл еңбек етіп, «Фирма Мега-Сервис» ЖШС-нің негізін қалаған, «Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы» атағының иегері Айдын Қожекеновтің еңбек жолы – табандылықтың көрінісі. Ал ауыл шаруашылығына 45 жылын арнаған «Есжан Сүндетбай» шаруа қожалығының басшысы Сүндетбай Есжанов асыл тұқымды мал өсіру, қой шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыру бағытында еңбек етіп келеді.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 29 жыл еңбек еткен Фуат Макаев қарапайым слесарь қызметінен учаске бастығына дейін көтеріліп, өз ісінің білікті маманы ретінде танылған. Ветеринария саласының 39 жылдық өкілі Тоқтабек Бекетов те біраз жыл мал шаруашылығына үлес қосты.
Денсаулық сақтау саласының маманы, хирург-дәрігер Сәкен Мурзалиннің де еңбек жолы 20 жылға жуық уақытты қамтиды.
Білім саласында 33 жыл еңбек еткен Индира Керемқұлова, спорт саласына 47 жыл ғұмырын арнаған Ғалия Маманова, әлеуметтік қорғау саласында 20 жылға жуық еңбек еткен Гүлхан Каймульдина, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Жетісу облыстық филиалында 33 жыл еңбек еткен Гүлмира Абиева да мерекелік марапатқа ие болды.
Ақпарат саласының ардагері, «Жетісу» телерадиокомпаниясында телеоператордан бас редакторға дейінгі еңбек жолынан өткен Жұмахмет Жайлаубаевтың еңбегі – журналистиканың қоғамдағы орнын айғақтайды.
Мерекелік шарада «Еңбек жолы» конкурсының өңірлік жеңімпаздары да марапатталды.
«Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша Қожахметовтер отбасы жеңімпаз атанды. Спорт саласында төрт мүшесі де еңбек етіп келе жатқан әулеттің отағасы Болат Қожахметовтің бұл саладағы еңбек өтілі 41 жылдан асады. Ол – жоғары санатты жаттықтырушы, халықаралық төреші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген самбо жаттықтырушысы. Зайыбы Күлнар Қожахметова да спорт саласында 39 жыл еңбек етіп, жеңіл атлетикадан кандидаттық спорт шебері атанған. Қыздары Айман, Шолпан да ата-анасының жолын жалғап, олимпиадалық ойындар мен халықаралық жарыстарда ел намысын қорғаған спортшылар.
Ал «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы Қаратал ауданындағы Елтай орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Гүлмайра Қыдырбаеваға бұйырды.
«Өндірістің үздік жас маманы» номинациясында Текелі қаласындағы «Текелі тау-кен өңдеу кешенінде» жетекші инженер болып еңбек етіп жүрген Мерей Дубеков марапатталды.
Еңбек мерекесінде аға буын өкілдеріне айрықша құрмет көрсетілді. Саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған Наурыз Қылышбаев, Ақшабай Керімбеков, Мақсұт Қалажанов, Мейірман Тлеубердинов, Жексенбай Мейрамбаев, Дина Нұрғалиева, Атсалим Идигов, Ләззат Базарқұлова, Атлас Молдахметова, Виктор Никифоров, Геннадий Савинов сынды еңбек ардагерлері марапатталды.
Гүлжан ТҰРСЫН





























