Мемлекеттік қызмет: заң мен жауапкершілік таразысы

4

Мемлекеттік органға мәселесімен барған адамның күткені көп емес. Ол өз сұрағына нақты жауап алып, мәселесінің заң аясында шешілгенін қалайды. Кейде азаматтың мемлекеттік мекеме туралы пікірі сол жерде жұмыс істейтін бір ғана қызметкердің қарым-қатынасына қарап қалыптасады. Өтінішін қалай қабылдады, сөзін тыңдады ма, жауабын уақытында берді ме, мәселесін шешуге көмектесті ме – мұның бәрі маңызды.

Сондықтан мемлекеттік қызметшінің күнделікті жұмысы заң талаптарын орындаудан басталады. Бұл жерде мәселе заңды жатқа білуде ғана емес, оны нақты жағдайда дұрыс қолдана білуде. Қағаздағы талап азаматтың мәселесін шешуге келгенде нақты әрекетке айналуы керек.

2026 жылғы 1 шілдеден бастап «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заң күшіне енді. Құжатта мемлекеттік қызметке кіру және оны өткеру тәртібімен қатар, қызметшілердің жауапкершілігі, қызметтік тәртіп және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері де нақтыланған.

Мемлекеттік қызметші күн сайын түрлі мәселемен келген азаматтармен жұмыс істейді. Бірі құжат мәселесін шешуге келсе, енді бірі әлеуметтік көмек, жер немесе басқа да мемлекеттік қызмет бойынша жүгінеді. Олардың бәріне ортақ бір нәрсе бар: өз мәселесіне бейжай қарамағанын күтеді. Сондықтан қызметші қабылдайтын шешім заңға сай, негізді әрі түсінікті болуы қажет. Азаматқа формалды жауап беріп, мәселені соза беру немесе қажетсіз құжат талап ету мемлекеттік қызметтің сапасына кері әсер етеді.

Егер мәселе қызметшінің құзыретіне кірсе, оны шешуге көмектесуі керек. Ал басқа органның құзыретіне жатса, азаматқа қайда және қандай тәртіппен жүгіну керегін түсіндіргені жөн. Өйткені азамат үшін мемлекеттік органның ішкі құрылымы емес, өз мәселесіне жауап табу маңызды.

Мемлекеттік қызметтің халыққа бағытталуы да осыдан көрінеді. Азаматпен сыпайы сөйлесу, оның сұрағын мұқият тыңдау, нақты ақпарат беру – қарапайым көрінгенімен, қызмет сапасын айқындайтын маңызды белгілер. Қызметтік әдептің де орны ерекше. Мемлекеттік қызметші азаматтармен де, әріптестерімен де қарым-қатынаста әдептілік, ұстамдылық пен әділдікті сақтауы керек. Оның сөзі мен әрекеті өзі жұмыс істейтін мемлекеттік органның беделіне әсер етеді.

Бұл жауапкершілік тек жұмыс уақытында ғана шектелмейді. Жаңа Заңда мемлекеттік қызметке кір келтіретін әрекеттер де нақтыланған. Олардың қатарында есірткі және психотроптық заттарды медициналық емес мақсатта тұтыну, сондай-ақ көлік құралын масаң күйде басқару бар. Мұндағы мақсат – қызметшінің жеке тәртібін бақылау ғана емес, мемлекеттік қызметке деген қоғамдық сенімді сақтау.

Мемлекеттік қызметші жұмыс барысында азаматтардың жеке өміріне, ар-намысы мен қадір-қасиетіне қатысты мәліметтермен танысуы мүмкін. Мұндай ақпаратты қызметтік міндеттен тыс жариялауға немесе жеке мақсатта пайдалануға болмайды. Өйткені, қызметшінің қолындағы деректің артында нақты адамның тағдыры мен заңды мүддесі тұруы мүмкін. Бір ғана мәліметтің орынсыз таралуы азаматтың құқығына немесе беделіне зиян келтіруі ықтимал.

Мемлекеттік мүлікке де осындай жауапкершілікпен қарау қажет. Мемлекетке тиесілі техника, көлік, құрал-жабдық және басқа ресурстар қызметтік міндеттерді орындауға арналған. Оларды жеке мақсатта пайдалануға немесе сақталуына немқұрайлы қарауға жол берілмейді. Мұндай әрекет мемлекеттік органның мүддесіне зиян келтіріп, қызметшінің жауапкершілігіне әкелуі мүмкін.

Жаңа Заңның маңызды бағыттарының бірі – құқық бұзушылық болғаннан кейін ғана жаза қолдану емес, оның алдын алу. Себебі қызметшінің әрбір кемшілігі әдейі жасалған әрекеттен туындай бермейді. Кейде тәжірибенің аздығы немесе кәсіби дағдының жеткіліксіздігі де қателікке әкелуі мүмкін.

Осындай жағдайда профилактикалық шаралар қолданылуы мүмкін. Олардың қатарында қызметшімен әңгімелесу, жазбаша ескерту беру, қажетті құзыреттерін тексеру немесе жеке ұсыным жасау бар. Қажет болған жағдайда профилактикалық есепке алу мен мониторинг жүргізіледі.

Маңыздысы – бұл шаралар тәртіптік жаза болып саналмайды. Негізгі мақсат – кемшіліктің себебін анықтап, оны түзету және сол қателіктің қайталануына жол бермеу. Алайда профилактикалық шаралар заң бұзған қызметшіні жауапкершіліктен босатпайды. Егер тәртіптік теріс қылық жасалса, жауаптылық оның сипаты мен ауырлығына қарай белгіленеді.

Мемлекеттік қызметтегі жауапкершілік тек тәртіптік жаза деген сөз емес. Оның негізінде адамның өз әрекетінің салдарын алдын ала түсінуі жатыр. Жаңа Заңда тәртіптік жазаларды қолдану мерзімдері жаза түріне қарай сараланған. Теріс қылықтың мән-жайы, оның салдары және қызметшінің бұрынғы тәртібі ескеріледі. Ал теріс қылықты қайталап жасау, оған қарамағындағы қызметшіні тарту немесе құқық бұзушылықты масаң күйде жасау жауаптылықты ауырлататын жағдайларға жатады.

Адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіру, мемлекеттік органның қалыпты жұмысына кедергі жасау, қызметтік ақпаратты жария ету, азаматтардың жеке өміріне қатысты мәліметтерді тарату немесе мемлекеттік мүлікті қызметтік емес мақсатта пайдалану лауазымдық міндеттерді өрескел бұзу ретінде қарастырылады.

Сондықтан мемлекеттік қызметші әрбір әрекетінің салдарын ойлауы керек. Кейде бір қарапайым шешімнің өзі азаматтың құқығына әсер етеді. Бір өтінішті уақытында қарамау адамның уақытын жоғалтуы мүмкін, ал орынсыз айтылған бір ауыз сөз мемлекеттік органға деген сенімге сызат түсіреді.

Мемлекеттік қызметтің беделі де осындай күнделікті әрекеттерден қалыптасады. Азамат мемлекеттік органға келгенде ең алдымен заңның мәтінін емес, сол заңды жүзеге асыратын қызметшіні көреді. Сондықтан қызметшінің кәсібилігі оның заңды қаншалықты білетінінен ғана емес, сол заңды азаматтың мәселесін шешу кезінде қалай қолданатынынан байқалады. Сондықтан жаңа Заң талаптарын сақтау – жазадан қашу үшін орындалатын формалды міндет емес. Бұл – мемлекеттік қызметшінің кәсіби ұстанымы әрі халық алдындағы жауапкершілігі. Өйткені мемлекеттік қызметтің түпкі мәні – халыққа қызмет ету. Ал халықтың сенімі заңдылықтан, әділдіктен және әр азаматқа деген құрметтен қалыптасады.

 

Елдана Ермек,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз