Жетісуда облыстық маңызы бар «Талдықорған — Үштөбе» автожолының орташа жөндеуі аяқталуға жақын. Жалпы ұзындығы 42 шақырым болатын облыстық маңызы бар бұл жолдағы құрылыс жұмыстарының барысымен бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев танысып қайтты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Биылғы жылы Талдықорған мен Үштөбе қалаларының арасындағы «Талдықорған – Үштөбе – Быжы – Мұқыры» жолына толықтай орташа жөндеу жүргізілуде. Атап айтқанда, бұл нысандағы жұмыстар екі учаскеге — 7-22 км және 22-49 км аралығында атқарылуда. Бүгінгі күні 42 шақырымның 39 шақырымында жұмыстар аяқталып, қалған 3 км асфальт төсеу жұмыстары жүріп жатыр.
Аталған нысанға арнайы барған облыс басшысына мердігер ұйым өкілі құрылыс жұмыстарының барысы жайлы баяндады. Оның айтуынша, қазіргі таңда құрылыс алаңында 50-ден астам техника, 90-ға жуық жұмысшы жұмылдырылған. Қалған 3 шақырымдық учаскеге асфальт төсеу жұмыстары алдағы 3-4 күнде аяқталады, абаттандыру жүргізіледі. Келісімшартқа сәйкес жобаны қараша айында бітіру керек болатын, жөндеу жұмыстары кестеден озық келе жатқандықтан, мерзімінен бұрын, яғни қазан айында бітіру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ғалымжан Дәрібаевтың айтуынша, жөндеу жұмыстары жүріп жатқан учаскеде айналма жол қарастырылған. Онда шаң көтерілуді болдырмау үшін су шашу жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Аталған жол бойында 4 жерден бағдаршам орнатылуда, 4 аялдамаға жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар жол бойындағы жол таңбалары термопласт материалымен жасалған. Әдеттегі жол таңбалары үш айға жарамды болса, бұл материал бір жылдан астам қызмет етеді.
Облыс әкімі жол сапасының тиісті жауапты мекемелер тарапынан ерекше назарда болуы керектігін айтты.
— Жол – халыққа қажетті және өңірді дамытуда ең маңызды инфрақұрылым. Сондықтан біз соңғы жылдары облыс аумағындағы негізгі жолдардың барлығын жөндеуге басымдық бердік. Соның арқасында жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі облыстық маңызы бар жолдардың үлесін 97 %-ға жеткіздік. Бұл — республика бойынша ең алдыңғы көрсеткіштердің бірі. Ал «Алматы – Талдықорған» автожолының жөнделіп жатқан учаскесін аяқтасақ, республикалық жолдардың жақсы және қанағаттанарлық деңгейін 100 пайыздық көрсеткішке жеткіземіз, — деді Бейбіт Исабаев.
«Талдықорған — Үштөбе» автожолының жөнделгеніне аудан тұрғындары риза.
— Мен Абай ауылында тұрамын. Талдықорғанға барып-келіп жұмыс істеймін. Сондықтан осы жолмен күнделікті екі уақыт тұрақты қатынаймын. Бұрын жолдың ойлы-шұңқыры көп болатын, ол жолаушыларға жайсыздық туғызатын. Қазір жол жөнделіп жатыр. Енді аз ғана бөлігі қалды. Сәл шыдасақ, күнделікті сапалы жолмен қатынайтын боламыз, — деді Ержан Ошанов.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев



























