Жетісуда бес ауылға бір күнде газ берілді

Жетісу облысында бір күнде бес елді мекенге табиғи газ берілді. Сөйтіп, Панфилов ауданының тағы 1500-ге жуық тұрғыны көгілдір отынға қосылуға мүмкіндік алды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Атап айтқанда Жиделі, Ақарал, Қызылжиде, Сарпылдақ, Керімағаш ауылдарына жалпы ұзындығы 58 км газ құбыры тартылды.

Алдымен Ақарал ауылында газ беру салтанатты шарасына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов елді мекен тұрғындарын қуаныштарымен құттықтады:

— Халықты табиғи газбен қамтамасыз ету – тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттырудағы маңызды басымдықтардың бірі. Атап айтқанда, 110 елді мекен газдандырылып, 467,0 мың адам табиғи газға қол жеткізді. Сонымен қатар 16 елді мекенде құрылыс жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі жобалар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Кербұлақ ауданынан Панфилов ауданын қоса алғанда Талдықорғанға дейін 126 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету бағытында іске асырылды. Жыл соңына дейін облыста газдандыру деңгейі 74 %-ға жетеді. Біз бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырамыз, — деді Ә.Қанағатов.

Мұнан соң ресми түрде көгілдір отынның қосылғанын білдіретін газ алауын жағу рәсімі атқарылды.

Ауыл тұрғындары бұл айтулы жаңалыққа ризашылығын білдірді.

— Бұл ауылда тұрғаныма он жыл болды. Екі жыл бұрын осы жаңа үйге көшіп келдік. Үш баламыз бар. Бүгін ауылымызға газ келіп, қуанып жатырмыз. Енді бұрынғыдай көмір тасып, от жағып, күл шығармаймыз. «Балалар тоңып қалмады ма, үйдің іші суып қалған жоқ па» деп уайымдамай, жұмысымызға алаңсыз барып келетін болдық. Газ келгені әсіресе балалар үшін жақсы болды, — дейді Ақарал ауылының тұрғыны Раушан Кариева.

Бұл ретте Панфилов ауданы әкімдігінің мәліметінше, 40 елді мекеннің 26-сы газдандыруға жатады. Соның ішінде Жаркент қаласына газ құбыры бірнеше жыл бұрын тартылған. Өткен жылы Ават, Ынтымақ, Сұптай, Надек, Ақкент ауылдарына табиғи газ берілсе, биыл тағы 5 ауылға көгілдір отын жеткізілді. Қалған 15 елді мекенді табиғи газға қосу жұмыстары осы жылдың соңына дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Соның нәтижесінде аудан тұрғындарының 60,7 мың тұрғыны табиғи газға қосылуға мүмкіндік алады. 

Сонымен қатар аудан тұрғындарының өтініштерін ескере отырып, 6 елді мекенді газдандыруға жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Тұрпан, Садыр, Диқанқайрат ауылдары бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Ал Сарыбел, Басқұншы және Көктал-Арасан ауылдарының жобалары мемлекеттік сараптаманың қарауында. Аталған елді мекендерде құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу 2027 жылға жоспарланған.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Қанат Өмірәлинов

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз