Жетісу облысында цифрлық шешімдер мемлекеттік басқару, жер ресурстары мен инфрақұрылымды мониторингілеу, инвестицияларды қолдау, білім беру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, денсаулық сақтау және IT-мамандарды даярлау салаларында қолданылады. Сонымен қатар интернет инфрақұрылымы дамып, халықтың цифрлық сервистерге қолжетімділігі кеңейіп келеді. Осы және өзге де мәселелер Талдықорғанда өткен «JETISU IN THE AGE OF AI» – «Жетісу жасанды интеллект дәуірінде» форумында талқыланды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Форум жасанды интеллектіні дамыту перспективаларын талқылау, тәжірибе алмасу және инновациялық шешімдерді ілгерілету мақсатында мемлекеттік органдардың, IT-индустрияның, бизнес пен білім беру саласының өкілдерінің басын қосты.
Форумды ашқан облыс әкімі аппаратының басшысы Нұржан Егінбаев өңір басшысының атынан жиынға қатысушыларды құттықтады.
— Жетісу облысының цифрлық трансформациясының негізі қаланды, жаңа жобалар мен даму бағыттары пайда болуда. Қазіргі кезеңде облыс әкімінің қолдауымен жасанды интеллектіні түрлі салаларда қолдану аясын кеңейту, цифрлық инфрақұрылымды дамыту, ақпараттық қауіпсіздікті нығайту, болашақ мамандарды даярлау бағытында жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі форум тәжірибе алмасуға, перспективалы бастамаларды талқылауға, өңірдің цифрлық дамуына жаңа серпін беретін шешімдер әзірлеуге мүмкіндік беретін тиімді алаңға айналады деп сенемін, – деп атап өтті Н. Егінбаев.
Жиында жасанды интеллектіні дамыту мен технологиялық шешімдерді енгізуге арналған «Жетісу жасанды интеллект дәуірінде» атты панельдік сессия өтті.
Жетісу облысындағы цифрлық шешімдер туралы облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Айдын Темірбаев баяндады.
Оның айтуынша, 2022 жылдан бері жер ресурстары мен инфрақұрылым нысандарын бақылауға мүмкіндік беретін «Smart Jetisu» өңірлік геоақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Сондай-ақ инвестициялық жобалар мен өнеркәсіп нысандары қамтылған инвестициялық карта бар. Биыл жыл басынан бері E-Jetisu жүйесі арқылы мектепке дейінгі білім беру саласында 29 мыңнан астам өтініш өңделген. Ал коммуналдық қызметтер, қалалық инфрақұрылым және тұрмыстық мәселелер бойынша тұрғындардың өтініштерін қабылдайтын бірыңғай 109 байланыс орталығына 17 мыңнан астам өтініш түсті.
– 2025 жылдан бастап Жетісу облысында 65 аналитикалық кейсі бар ахуалдық орталық жұмыс істейді. Қауіпсіздік саласында 25 мыңнан астам бейнекамера пайдаланылып, халықтың 90%-дан астамын қамтитын Mass Alert ерте хабарлау жүйесі енгізілді. IT-мамандарды даярлауға «Jetisu Digital» IT-хабы мен «Tomorrow School» кампусы үлес қосып келеді. Сонымен қатар интернет инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта облыс елді мекендерінің 97,7%-ы интернет желісіне қосылған, – деді А. Темірбаев.
«Target AI» компаниясының бас директоры Дамир Жаримбетов өңірде қолданылып жатқан компанияның цифрлық шешімдері туралы айтып берді.
– Өңірде платформаға 1,5 мыңға жуық бейнекамера қосылған. Мектептердегі қауіпсіздікке ерекше назар аударылады. Біз цифрлық технологиялардың Жетісу тұрғындарына нақты пайда әкелгенін қалаймыз. Жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қарапайым бейнебақылау камералары арқылы оқушыларға қатысты құқыққа қайшы әрекеттерді анықтауға мүмкіндік беретін модуль әзірледік. Келер жылы бұл шешімді облыстағы барлық мектепке енгізе аламыз деп үміттенеміз, – деді ол.
Панельдік сессияға қатысушылар жасанды интеллектінің кәсіби даму мен білім берудегі рөлін талқылай отырып, мектеп оқушыларына, IT саласына енді қадам басқан және жас әзірлеушілерге оқу, жазу, математика және аналитикалық ойлау дағдыларына ерекше көңіл бөлуді ұсынды. Бұл дағдылар жасанды интеллектіні одан әрі тиімді қолданудың берік негізін қалайды. Ал кәсіби тұрғыда қалыптасқан мамандарға жасанды интеллектіні жұмыс үдерістерін жеделдету мен еңбек тиімділігін арттыру үшін пайдаланған маңызды.
Жаңа технологияларды енгізудің практикалық тәсілдері туралы «Tech Lead Kolesa Group» компаниясының басқарушы директоры Амангелді Қадыл баяндады. Ал Қазақстандағы жасанды интеллектіні дамыту қауымдастығының GR-директоры Әсел Абақова «Жасанды интеллектінің жолын ашу. Қазақстанның AI-экожүйесін дамыту» тақырыбында сөйледі.
Бағдарламаның тағы бір бөлімі кәсіпкерлікті цифрландыруға арналды. Онда Жетісу облысындағы бірқатар компаниялардың негізін қалаушылар цифрлық шешімдерді енгізу тәжірибесімен бөлісті. «Google DevFest» аясында «Google Developer Experts» халықаралық сарапшылары сөз сөйледі. Форум соңында стартап-командалар қазылар алқасы мен инвесторларға өз жобаларын таныстырды.
Форум аясында жетекші IT-компаниялар өздерінің технологиялық өнімдері мен инновациялық әзірлемелерін ұсынған көрме де ұйымдастырылды.
Сонымен қатар іс-шара барысында өңірдің цифрландыру саласын дамытуға үлес қосқан мамандар мен компания өкілдері марапатталды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков




























