Еліміз үшін тарихи мәні бар – Құрылтай депутаттарының сайлауы өтіп жатқан күні Жансүгіров ауылындағы №3 сайлау учаскесінде «Тұсаукесер» рәсімі ұйымдастырылды.
Баласының тұсауын осы маңызды күнмен байланыстыруды қалаған ата-ана бұл күнді отбасы үшін де ерекше естелікке айналдырды.

«Бүгін еліміз үшін тарихи күн. Тұңғыш рет Құрылтай депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Осы маңызды күнде баламыздың тұсауын кесуді әдейі қаладық. Балапанымыздың алғашқы қадамы елдің жаңа кезеңімен тұспа-тұс келіп, өмір жолы әрдайым ашық, қадамы нық болсын деген ниетіміз бар. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деп тілейміз», – деді баланың әкесі Ақжол Дәрібекұлы.
Қазақ халқының «Тұсаукесер» дәстүрі – баланың болашақ қадамына ақ жол тілейтін тәрбиелік мәні зор ғұрып. Бүгінгі рәсім ұлттық дәстүр мен ел өміріндегі маңызды оқиғаны сабақтастырған ерекше сәт болды.





























