Жетісу облысында сайлау күні сайлау учаскелерінде тазалық пен тәртіпті насихаттауға бағытталған ерекше форматтағы ақпараттық бастама жүзеге асырылды. Оның басты кейіпкерлері – Тазабек пен Тәртіпбек.
Екі кейіпкердің бейнесі арқылы сайлау күні азаматтарға тазалықты сақтау, қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қарау және әрбір азаматтың өз міндетін мәдениетті түрде орындауы туралы түсінікті әрі есте қаларлық түрде ақпарат жеткізілді.
Тазабек №409 сайлау учаскесіндегі тазалыққа назар аударып, шашылған қоқыстарды жинау арқылы қоршаған ортаны таза ұстаудың маңызын көрсетті. Оның әрекеті арқылы «Тазалық – ортақ жауапкершілік» қағидасы насихатталып, азаматтарды өзінен кейін қоқыс қалдырмауға, қоғамдық орындарды таза ұстауға шақыратын үлгі қалыптастырылды.
Ал Тәртіпбек №409 сайлау учаскесіндегі қоғамдық тәртіпке назар аударып, белгіленген тәртіпті сақтаудың маңызын көрсетті. Кейіпкердің негізгі міндеті – сайлау учаскесінде тәртіптілік, өзара сыйластық және жауапкершілік құндылықтарын дәріптеу.
Екі кейіпкер де сайлау процесіне араласпай, азаматтардың саяси таңдауына ықпал етпей, өздерінің бейнесі мен іс-әрекеті арқылы тазалық пен тәртіп мәдениетін насихаттады. Олар сайлау күні қоғамдық ортада өзін дұрыс ұстау, ортақ кеңістікке құрметпен қарау және азаматтық жауапкершілікті сезіну қажеттігін көрсетті.
Бастаманың негізгі мақсаты – сайлау учаскелерінде тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңызын түсіндіру, тұрғындардың қоршаған ортаға және қоғамдық кеңістікке деген жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ пайдалы әдеттерді ерекше әрі тартымды форматта насихаттау.
Сайлау күні Тазабек пен Тәртіпбектің қатысуы әлеуметтік маңызы бар құндылықтарды қарапайым әрі түсінікті түрде жеткізуге мүмкіндік берді. Кейіпкерлердің әрекеті арқылы «тазалық – өзіңнен, тәртіп – өзіңнен» деген ұстаным алға шығарылып, әр азаматтың қоғамдық ортаға қосатын үлесінің маңыздылығы көрсетілді. Осылайша, бастама сайлау күнінің қоғамдық маңызын толықтыра отырып, азаматтардың белсенділігімен қатар тазалықты сақтау, тәртіпке бағыну және ортақ кеңістікке жауапкершілікпен қарау мәдениетін насихаттауға бағытталды.




























