«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында Алакөл көлі жағалауында тазалық шарасы өткізілді. Ақши ауылындағы көл жағалауында ұйымдастырылған «Taza Post – Алакөл» экологиялық акциясына жалпы саны 100-ге жуық адам қатысып, тазалық жұмыстары барысында аумақтан 1,2 тонна қоқыс шығарылды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Акция барысында арнайы нүкте ұйымдастырылып, демалушыларға экологиялық бокс түрінде қоқыс жинауға арналған қолғаптар мен қаптар ұсынылды, сол сияқты балалар үшін шағын сыйлықтар да қарастырылды. Алакөл көлінің жағалауы мен оған іргелес аумақтардағы шашылған тұрмыстық қалдықтарды жинап, тазалау жұмыстарына демалушылар да атсалысты.
— Мен өзім тазалыққа жіті мән беремін. Бүгін осында демалып жатқанымызға екінші күн. Жағалауда қоқыс жәшіктері, киінетін орындар, заманауи санитарлық тораптар орнатылып, барлық қажеттілік жасалған. Соған қарамастан жағалауға қоқысты бейберекет тастап кететін демалушылар да бар. Немерелеріме қоқысты арнайы жәшікке тастауды үнемі үйретіп отырамын. Бүгін экологиялық акцияға біз де қатысып, аз да болса тазалыққа үлес қостық. Демалушыларды айналаны ластамай, тазалық сақтауға шақырамын, — дейді зейнеркер Зайраш Жәбелова.
Акцияны ұйымдастырушы «Jetisu jastary» КММ өкілдерінің айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – Алакөл көлінің табиғи тазалығын сақтау, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру және демалушыларды табиғатты қорғауға бағытталған нақты іске тарту.
— Акция барысында қатысушыларға қоршаған ортаны ластамау, қоқысты арнайы орындарға тастау және демалыс орындарын бастапқы тазалық күйінде сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл ретте акция тек бір күндік тазалық жұмыстарымен шектелмей, экологиялық жауапкершілікті күнделікті әдетке айналдыруға бағытталды, – деп атап өтті Жетісу облысы бойынша «Қазақстан студенттерінің альянсы» омбудсмені Ақерке Қызайбай.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді «Jetisu jastary» КММ ұсынды





























