Бүгін Қазақстан Республикасы Шекара қызметінің күні қарсаңында Талдықорған қаласында ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментінің жаңа әкімшілік ғимаратының іргетасына капсула салу рәсімі өтті. Іс-шараға облыс әкімі Бейбіт Исабаев, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Жетісу облысы бойынша департаментінің бастығы, полковник Марат Нарбаев, шекара қызметінің қызметкерлері мен ардагерлері қатысты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
— Жетісу облысы еліміздің шығыс қақпасы ретінде стратегиялық маңызы зор өңір саналады. Бүгін құрылысы басталып отырған Шекара қызметі департаментінің жаңа ғимараты Мемлекет басшысының облыс орталықтарында Шекара қызметі департаменттерінің әкімшілік ғимараттарын салу жөніндегі тапсырмасына сәйкес бой көтереді. Ал бүгін салынып отырған уақыт капсуласы – біздің болашақ ұрпаққа жолданған символдық үндеуіміз. Ол еліміздің мемлекеттік шекарасы әрдайым берік әрі қауіпсіз болсын деген ізгі ниетімізді білдіреді, — деді Б. Исабаев.
Өз кезегінде М. Нарбаев облыс әкімдігіне көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдірді:
— Жетісу шекарашылары күн сайын мемлекеттік шекараның ең жауапты учаскелерінің бірінде қызмет атқарып, кәсібилігін, ұстамдылығын, батылдығы мен әскери борышқа деген адалдығын көрсетіп келеді. Осы орайда шекара қызметінің берік дәстүрлерін қалыптастырған ардагерлерге айрықша алғысымды білдіремін. Жаңа кешен Шекара қызметінің инфрақұрылымын жақсартуға және қызметкерлердің тиімді жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретін маңызды нысан болмақ. Сонымен қатар ол заманауи басқару орталығы ғана болып қоймай, бірлік пен әскери антқа адалдықтың символына айналады, — деді ол.
Болашақ нысандағы құрылыс жұмыстарының басталуының айғағы ретінде кешен іргетасына капсула салынды.
Жаңа кешен құрамына әкімшілік ғимараттың екі блогы және бірқатар қосалқы нысандар кіреді. Олардың қатарында бақылау-өткізу пункті, жатақхана, су резервуары бар өрт сөндірудің сорғы станциясы және басқа да нысандар қарастырылған. Әскери қызметшілердің дене шынықтыру дайындығына да ерекше көңіл бөлінеді. Осы мақсатта кешен аумағында спорттық кешен салу көзделген.
Мердігер ұйымның өкілі Алмас Мырзамбетовтың айтуынша, қазіргі таңда құрылыс учаскесі қоршалып, дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қажетті арнайы техника жеткілікті көлемде жұмылдырылған. Құрылыс кезеңінде шамамен 100 жұмыс орны ашылады. Жобаға сәйкес абаттандыру жұмыстарын қоса алғанда, нысанды 2028 жылдың ортасында аяқтау жоспарланып отыр.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотограф: Дмитрий Ерофеев





























