Тамыз айының әр үшінші жексенбісінде елімізде Спорт күні аталып өтіледі. Биыл да кәсіби мерекеге орай Қазақстанның барлық өңірінде бір апта бойы түрлі спорттық іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Мерекелік апта аясында еліміз бойынша 250-ден астам спорттық іс-шара өткізу көзделген. Олардың қатарында бұқаралық спорттық жарыстар, спартакиадалар, турнирлер, чемпионаттар, жүгіру марафондары, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар, спорт ардагерлерімен кездесулер және басқа да іс-шаралар бар.
Іс-шараларға спортшылармен қатар балалар мен жасөспірімдер, спорт саласының мамандары, ардагерлер және қала тұрғындары қатысады.
Негізгі мақсат – халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту және азаматтарды тұрақты түрде дене шынықтырумен айналысуға тарту.
Кәсіби мерекелік апталықта Қазақстан Туризм және спорт мнистрлігінің Спорт күніне орай екі ауқымды республикалық іс-шара ұйымдастыруда.
11-15 тамыз аралығында Астана қаласындағы «Сарыарқа» велотрегінде өңірлердің дене шынықтыру және спорт мекемелері қызметкерлері арасында республикалық жарыс бастауын алды. Жарыс спорт саласының мамандарын біріктіріп, командалық рухты нығайтуға және әріптестер арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, 12 тамыз асық ату, үстел тенисі, дойбы спорт түрлері бойынша спорт ардегерлері арасында жарыс өтуде.
Министрліктің қолдауымен 13-тамыз Қазақ Ұлттық Спорт Университетінде «Спортшылар кеңесі» ҚБ бірнеше тақырыпқа арналған пленарлық сессиясы өтеді. Қазіргі спорттағы реформалар, ардагер спортшылар мен мамандарды қолдау, медициналық өзгеріс пен даму жолдары жиын барысында кеңінен талқыланады.
Мерекелік апта аясында еліміздің өңірлерінде түрлі форматтағы ауқымды спорттық іс-шаралар өтеді. Атап айтқанда, Талдықорған қаласында спорт мекемелері қызметкерлері арасында облыстық спартакиада, Атырауда жасөспірімдер арасында кросс жүгіруден жарыс, Алматыда Спорт күніне арналған фестиваль және әуесқой велоспортшылар арасында Gran Fondo World Championship әлем чемпионаты, Қарағандыда QARAQANDY HALF MARATHON – 2026 жартылай марафоны, Астанада бұқаралық веложарыс, «Astana Handball DAY» ашық гандбол турнирі және байдарка мен каноэде есуден қала чемпионаты, Ақтауда «Жас батыр» таеквондо кубогі, Шымкентте TARTYL FEST спорттық-бұқаралық фестивалі, Қостанайда KOSTANAY HALF MARATHON жеңіл атлетикалық марафоны ұйымдастырылады.
Бұл іс-шаралар кәсіби спортпен қатар, бұқаралық спортты дамытуға, халықтың спорттық белсенділігін арттыруға және салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға бағытталған.
Дереккөз: ҚР Туризм және спорт министрлігі





























